Жаңалықтар

Жансейіт Түймебаев ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесті

Жансейіт Түймебаев ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесті
03.09.2019 15:47 2267

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың басшылығымен елордадағы Достық үйінде өткен кездесуде Еуропа Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Ламберто Заньер қоғамның тұтастығы мен бірлігін берік ету үшін Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностардың мемлекеттік тілде білім алуы маңызды екенін атап өтті. 

Аталмыш жиында сандық дәуірдегі аз ұлттар және медиа жөніндегі Таллин нұсқаулығы талқыланды. Ал мәртебелі меймандардың Қазақстанға ат басын тіреуіне қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделінің үздік тәжірибесі себеп болды.

Келелі кеңеске сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея мүшелері және Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ-ның ресми  өкілдері қатысты.

Аталмыш кездесуде Жансейіт Түймебаев 1995 жылы консультативті-кеңес беру органы ретінде құрылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясының бүгінде азаматтық қоғамның іргелі институтына айналғанын атап көрсетті.

«Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық татулықтың қазақстандық моделін «миниатюрадағы БҰҰ» деп те атайды. Қазақстандық модель «төменнен бастап», этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттің конструктивті қарым-қатынасының негізінде құрылды. Біртұтас қоғамның бөлінбейтін бөлшегі болып табылатын қазақстандық этностарды кемсітушілікке жол берілмейді. Аз ұлттардың жалпыазаматтық құқығы шектелмеген және олар мемлекеттің саяси өміріне теңқұқылы дәрежеде атсалыса алады», - деді мемлекеттің ұлтаралық саясатының қағидасын таныстырған Жансейіт Қансейітұлы.

 Жансейіт Түймебаев ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесті

Сондай-ақ, Ж.Түймебаев Ассамблеяның құрылған күннен бастап мызғымас бірлік пен татулықтың көрінісіне айналғанын айтты. Ассамблеяға кепілдендірілген парламенттік өкілдіктің берілуі де оның қоғамдағы рөлін арттыра түсті. 2014 жылы Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің және өңірлік деңгейде бөлімшелерінің құрылуы Ассамблеяның маңыздылығына мән арттыра түсті.

«Бүгінде Ассамблея құрамында 1025 этномәдени бірлестік жұмыс жасап келеді. Олардың өзіндік ерекшеліктерін сақтап, дербес түрде тілдерін, мәдениетін дамытуына барлық жағдай жасалған. Сол арқылы «Әртүрлілік арқылы - Бірлікке» ұстанымы жүзеге асырылады», - деген Ж.Түймебаев мәртебелі меймандарды Қазақстандағы бірлік пен татулықтың қарапайым формуласымен таныстырып өтті.   

Айта кету керек, ЕҚЫҰ-ның  мүшелігіне Қазақстан 1992 жылдың  30  қаңтарында   қабылданды. Сол кезден бүгінге дейін біздің елімізге табаны тиген  ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссарлары Макс Ван дер Стул (1996 ж.), Рольф Экеус (2005 ж.), Кнут Воллебек (2007, 2009 жж.), Астрид Турс (2015 ж.) Қазақстанның даму үдерістері мен ұлтаралық саяси бағытына жоғары баға берген болатын.

«Қазақстан ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық барысында үлкен  жетістіктерге  қол  жеткізді. Әсіресе, ұлттық саясатты тиімді жүзеге асыруда Қазақстан үкіметі мен ЕҚЫҰ арасында жемісті ынтымақтастық тәжірибесі қалыптасқанын атап өткен жөн», - деді Ж.Түймебаев сөзін түйіндей келе.

Айта кеткен жөн, қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделі бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің 56 тілінде таныстырылған болатын. Соның негізінде ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығы, бірқатар елдің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Бейбітшілік пен татулықтың бірегей үлгісін танытқан Қазақстанның ұлтаралық саясаты әлемнің назарын өзіне аудартқаны ақиқат. Қазақ елін қара шаңырағым деп таныған 130 ұлт пен 40-тан аса конфессия өкілдерінің сонысымен әлем елдеріне үлгі көрсетуі – біздің ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріміздің ішіндегі ең айтулысы. Себебі, Қазақстан ел болып, егемендік алған тұста, оның халқының «ала-құлалығына» қарап, ұлтаралық жанжалдардан қашып құтыла алмайды деп бағамдаушылардың қатары көп болған еді. Алайда, бейбітшілік елшісі ретінде танылған Қазақстан саясатының бүгінде әлемге үлгі етер тұстары көп екені айдан анық.

«Этникааралық ынтымақтастықтың үздік моделін құру жолында Қазақстанда ауқымды жұмыстар жүргізілгені көрініп тұр. Соның нәтижесі болар, бүгінде Қазақстанды мекендеген әрбір этникалық топтың мүшесі өзін үлкен бір отбасының мүшесі ретінде сезінеді. Мұның барлығы менің өз көзіммен көрген шындық», - деді ағынан жарылған ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Ламберто Заньер мырза.

Жансейіт Түймебаев ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесті

Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделіне жоғары баға берген Л. Заньер мырза: «Менің мандатым аз ұлттарды қорғауды емес, болуы мүмкін ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуды мақсат етеді. Егер қоғамда тыныштық болса, онда сол жерде қоғамның әрбір мүшесінің тұрақты және лайықты дамуына мүмкіндік беретін ынталандырушы орта қалыптасады» деді.

Сондай-ақ, Жоғарғы комиссар бүгінде әлемде мемлекетаралық қақтығыстардың жоқтың, қақтығыстың мемлекеттің ішінен шығатын шұбар жылан екенін атап көрсетті.

«Сондықтан қазақстандық модель секілді жемісті тәжірибелердің маңызы жоғары. Бұл қоғамдық қақтығыстарға қарсылық танытудың тиімді шешімі болып табылады», - деді ол.

Қоғам мүшелерін біркелкілендіруге ұмтылудың қажеті жоқ деген Ламберто Заньер: «Қоғам интеграциясын күшейтудің ортақ рецептісі жоқ. Себебі, елдердің тарихын, мәдениетін, геосаяси ахуалды ескеру қажет. Осы жерде біз әртүрлілікті қамтамасыз етуіміз керек. Ол – күш, қоғамның мықты жағы», - деп атап көрсетті.

Мәртебелі мейман сондай-ақ, мемлекеттік тілді оқып-үйренудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік тіл – қоғам бірлігінің негізгі қуатты құралы бола алады. «Бірігу - мектептерден басталады. Мұнда мемлекеттік тіл оқытылады, ол қоғам бірігуінің негізгі құралы. Сондықтан да мұндағы барлық ұлттар мен этностардың қазақ тілін оқуына инвестициялау маңызды», - деген жоғарғы комиссар Қазақстанның аз ұлттардың құқығын қамтамасыз ету саласындағы тиімді мемлекеттік саясатын және ғылым, білім, тіл салаларындағы ЕҚЫҰ-мен белсенді ынтымақтастығын айрықша атап өтті.

Бұдан кейін комиссардың жеке кеңесшісі Дмитрий Нурумов аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссардың сандық дәуірдегі аз ұлттар және медиа жөніндегі Таллин нұсқаулығын қатысушылардың талқылауына ұсынды. Ол ақпарат айдынында 52 этностық БАҚ тіркелген Қазақстанның өзге ұлттар мен этностардың өз тілдерінде ақпарат алуына мүмкіндік тудыруы тамаша жетістік деп бағалады.   

Татулықтың киелі шаңырағына айналған Қазақстанда дуалы ауыздан шыққан уәлі сөз – ел бірлігі сөз болып, ұрпаққа аманат етер үлкен мұра бейбіт тірлік пен халықтар достығы үшін тағы бір қадам жасалды.  

Бөлісу:

Рауан Ескали

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.









Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға