Жаңалықтар

Жания Бодау: Тәуелсіз сот төрелігі бар жерде адвокатура да дамиды

Жания Бодау: Тәуелсіз сот төрелігі бар жерде адвокатура да дамиды
Фото: жеке мұрағаттан 26.08.2024 19:06 640

Бұл сұхбатта біз адвокатура институтына және сот реформаларына баса назар аудара отырып, Қазақстанның құқық жүйесінің маңызды аспектілері туралы әңгімелейтін боламыз. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы мен адвокаттардың өз тәжірибесінде кездесетін негізгі проблемаларға тоқталамыз. Редакциямыздың қонағы – тәжірибелі адвокат Жәния Бодау, ол адвокаттардың бүгінгі  қиындықтары мен дәл осы кәсіптің даму болашағын жете түсінеді. Кәсіби тәжірибесінде ауыз толтырып айтарлықтай көптеген сот процестеріне қатысқан.

El.kz: Жәния, Қазақстандағы адвокатураның қазіргі жағдайы қандай? Көп жылдық тәжірибесі бар адвокат ретінде сіздің пікіріңізді білгім келеді.

Жәния Бодау: Мен өз мамандығыма қай кезде де адалдық таныттым, оны өзгерту туралы ешқашан ойлаған емеспін. Десе де, қазіргі таңда еліміздегі адвокатураның ахуалы, заңгерлерге ұсынылатын жағдай жақсы деп айта аламын.

Жыл сайын адвокаттық қызмет күшті, біртұтас, қорғалған құқықтар мен кәсіби қызмет көрсетуді және жоғары табысты қамтамасыз етіп келеді. Кәсіби қызмет саласында біз адвокаттардың максималды бостандығын сақтай отырып, азаматтардың құқықтарын қорғап келеміз. Нормативтік стандарттарды қабылдау әрекеттері мемлекеттік органдарға тиесілі болғанымен, біз олардың жұмысымызға араласуына жол бермейміз. Адвокаттық қызмет көп дәрежеде іс жүргізу заңнамасымен және құқық қорғау органдарының тәжірибесімен анықталады.

Әділдік үшін айта кететін жайт бар, қазақстандық адвокатураның бүкіл тарихында заңгерлер арасында бүгінгідей шынайы ауқатты адамдар ешқашан болған емес. Біздің мамандардың арасында көп табыс табатындар да көп. Бұл қазіргі таңда мүмкіндіктердің көп екенін білдіреді, оны кейбіреулер көрсетіп те жатыр, қолынан келмей жатқандар да жоқ емес. Мұндай мүмкіндіктердің болуы да қазіргі адвокаттық қызметтің адамдарға қажет екенінің және адвокаттарға деген сенімдіктің белгісі.

El.kz: Яғни, өзіне сенімді, белгілі бір танымалдылыққа ие адвокаттардың табысты болуы – ешқандай миф емес, шындық қой?

Жәния Бодау:Әлбетте. егер сауатты маман өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алса, табысты болуы шындыққа айналады. Оған үнемі даму, білім деңгейін арттыру, адалдық, еңбекқорлық пен батылдық арқылы жетуге болады.

El.kz: Соңғы жылдары еліміздегі адвокатураның дамуындағы қандай негізгі жетістіктерді атап көрсете аласыз?

Жәния Бодау:Айта берсек көп, бірақ мен ең негізгілерін жеткізіп көрейін. Біріншіден, адвокаттардың процессуалдық өкілеттіктері заңнамалық тұрғыдан дәйекті түрде күшейтілген.

Адвокаттың қылмыстық сотқа дейінгі және сот өндірісіндегі белсенді рөлін бөлек атап өткім келеді.

Біз, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ғимараттарына кіру және объектішілік режимдерді жеңілдету, соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізуші органдардың әкімшілік ғимараттарына еркін кіру құқығына қол жеткіздік.

El.kz: Бүгінгі таңда Қазақстандағы адвокаттар жұмысындағы қандай проблемаларды ең өзекті деп санайсыз?

Жәния Бодау: Тізе берсек, бұл да жетерлік, бірақ өз басым бірнеше маңызды проблеманы көріп отырмын. Біріншісі, өкінішке қарай кейде сот адвокатты естімейді.

Заңда: «Айыптаушы және қорғаушы процесте тең құқықты тараптар болып табылады, сот тараптардың бәсекелестігін қамтамасыз етеді» делінген. Алайда, адвокат қаншалықты кәсіби түрде қорғаса да, айыптауды қаншалықты кәсіби түрде жоққа шығарса да, сот адвокаттың дауысын естімей жатады.

Адвокаттың қоғамдағы беделі жоғары болғанымен, оның соттағы ықпалы төмен. Көп жағдайда адвокат қаншалықты кәсіби болса да, істің нәтижесіне шынымен әсер ете алмай қалады.

Мысалы, мен мына жағдайды жиі байқаймын: сіз күндіз-түні сот процесіне дайындалып, бүкіл заңдарды зеттеп, өтініштер, дәлелді шағымдар жазасыз, ал судья өзінің шешімі немесе үкімінде оның бәріне заңға қайшы келетін корытынды мен шектеледі. Кейде ол дәлелдерді де жоққа шығарып жатпайды. Неге дейсіз ғой? Өйткені соттар қай кезде де айыптау және тергеу органдарымен бірге, солардан тәуелді. Дегенмен, заң бойынша судья тәуелсіз болуы тиіс. Ал адвокат кассациялық сатыдағы сотта істі қайтадан қарауға қол жеткізген кезде, сотталушы тағайындалған жазасының бір-екі жылын өтеп үлгереді. Мен өз тәжірбиемде ақтау үкімдеріне тек Жоғарғы Сотта қана қол жеткізіп жүрмін, себебі ол жақтағы судьялар тергеу органдарға көп бағына бермейді.

Тағы бір мәселе – адвокаттардың өз клиенттерімен кездесе алмауы: кезек күту, тергеу изоляторларына кіруге рұқсат бермеу сияқты проблемалар кездесіп жатады. Біз күн сайын әртүрлі себептермен изоляторға кіру кезіндегі қиындықтармен бетпе-бет келіп жатамыз. Оған себеп, не кабинеттер жоқ, не изолятор санитарлық күнге жабылып қалады. Кейде қосымша жабдықты, дыбыс жазу құрылғысын немесе ноутбукты әкелуге тыйым салынады. Онлайн кездесу, тіпті қамтамасыз етілмейді. Осының бәрі адвокаттарға үлкен кедергі.

Үшінші мәселе – адвокаттардың кәсіби қызметіне байланысты қылмыстық істердің қозғалуының артуы. Адвокаттарды жауапқа тартып, тергеу әрекеттерін жүргізетін эпизодтар да аз емес. Адвокат сыбайлас жемқорлық істері бойынша клиентін қорғайтын болса, Антикор немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері заңсыз жасырын әркеттер жүргізіп, телефон арқылы сөйлескен әр жазбаны тыңдап, аңдып, адвокаттың жеке өміріне араласып кетіп жатады. Мен өзім көбіне жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді жүргізгендіктен, Антикор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауында жүргенімді анық білемін. Оған үйреніп те қалдым.

El.kz: Сіздің ойыңызша, адвокаттық қызмет институтын одан әрі дамыту үшін қандай бастамалар енгізу қажет? Мүмкін, кейбір жаңа тенденцияларды ескере отырып, заңды қайта қараудың уақыты келген шығар? Қалай ойлайсыз?

Жәния Бодау: Тәуелсіз сот төрелігі бар жерде адвокаттық қызмет жақсы дамиды деп есептеймін. Заманауи заң ғылымы ақпараттық технологиялармен байланысты, сот және құқық қорғау органдарының қызметі де цифрлануда. Адвокат сот процесінің қатысушысы ретінде бұл процестерден тыс бола алмайды. Сот шешімдердің болжамдылығы біз үшін аса маңызды. Адвокат сот қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін болжай алуы керек.

Біздің соттар көбінесе жиі айыптаушыны қолдайтынын ескерсек, көптеген азаматтар судья емес, жасанды интеллект арқылы шығарылатын үкімді таңдайды, мен де мұнымен келісер  едім.

Бұл жерде сот төрелігі қағидаттарын ескере отырып, заң талаптарын басшылықа алып,  сот ісін жүргізуді цифрландыруды жан-жақты қарастырып,   нақты әділ сот үкімін шығаруды есептеу алгоритмін әзірлеу аса маңызды. Мысалы, айыптау және қорғау тарапының дәлелдері компьютерлік бағдарламаға еңгізіледі. Содан кейін сот тәжірибесі мен құқықтық нормаларды ескере отырып, арнайы бағдарлама соттың дұрыс шешімін есептейтін еді. Компьютерлік қатені болдырмау үшін судья нақты істің мән-жайын ескере отырып, бағдарлама шығарған нәтиженің заңға сәйкестігін қосымша тексереді. Егер судья бағдарлама шығарған шешіммен келіспесе, ол келіспеушілігін негіздеуге міндетті. Егер сот шешімін іске қатысушы тараптар дауласса, судьяның істің нәтижесіне қаншалықты мүдделі екені анық болады. 

El.kz: Сіздің ойыңызша, соңғы он жылда қоғамның құқықтық санасы өзгерді ме? Егер иә десеңіз, бұл нені білдіреді?

Жәния Бодау: Қоғамның құқықтық санасы әрқайсымыздың жауапкершілікті сезінуімізге, адамгершілігімізге байланысты. Заңға бағыну немесе заң бұзушы болу - әркімнің өз еркіндегі іс. «Заңды білмеуі адамды ақтамайды» деген маңызды құқықтық қағиданы есте ұстаған жөн.

Құқықтық сауаттылық – қазіргі қоғамның қажетті атрибуты. Бұл күнделікті істерден бастап жаһандық істерге дейін өміріміздің көптеген аспектілеріне әсер етеді.

Қоғамның құқықтық санасы сөзсіз жақсарды деп ойлаймын. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені айналамызда бәрі дамып келеді, құқықтық сауаттылыққа жағдай жасалды, адамдар өз денсаулығын, құқықтарын, қаржысын және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын көбірек түсінеді, бірақ олардың көпшілігі өз құқықтарын қорғауға жеткілікті түрде дайын емес.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілердің дамуымен, жеке басының кейбір мәселелерін немесе айналасында болып жатқан оқиғаларды жария ету арқылы адамдарға өз құқықтарын қорғау оңайырақ болғанын атап өткім келеді.

El.kz: Қоғамның саналы болып, әділдік үшін күресуге, өз құқығын қорғауға дайын болғанын анық түсіндіріп, халықтың құқықтық санасына әсер еткен атышулы істерді мысалға келтіре аласыз ба?

Жәния Бодау: Бізде қоғамдағы құқықтық санаға ауқымды әсер ететін бір ғана аты шулы іс болды. Мен бұл процестің қатысушысы болмағандықтан, кәсіби түсініктемелерге бармай-ақ қояйын. Бірақ бақылаушы ретінде, екі баланың анасы ретінде, әйел ретінде біраз нәрсе түйдім.

Менің балаларым осы оқиғадан кейін белгілі бір жайттарға қатысты өз көзқарастарын білдіре бастады. Тұрғындардың тұрмыстық зорлық-зомбылық және оның зардаптары туралы санасы өзгерді. Әйелдер өздерін қорғалған адам ретінде сезіне бастады, ал ерлер қандай да бір зорлық-зомбылықтың жазасы мен зардабы болатынын түсінді. Сонымен қатар, сот талқылауының барысын бақылай отырып, адамдар сот ісін жүргізу тәртібі туралы түсінікке ие болды, олар өзін қалай ұстау керектігін және соттағы тәртіпті бұзу, сотты құрметтемеу салдары қандай болуы мүмкін екенін білді.

El.kz: Сіздің ойыңызша, сот процестері неліктен сот залынан шығып, қоғам мен БАҚ-та талқылануда?

Жәния Бодау: Себеп біреу – сотқа сенімсіздік, соттардың тәуелсіздігінің қамтамасыз етілмеуі, беделінің төмендігі және қоғамдық пікірді қолдан жасау. Ал сөз бостандығы, журналистика туралы, тіпті әңгіме жоқ. PR-науқандардың құнын ескерсек, кез келген аты шулы істің артында қыруар ақша жатыр деген қорытынды жасауға болады. Мұндай жағдайдың қауіптілігі сол – ақпараттың таратылуы жасырын көздер арқылы жүзеге асырылады. Өз тәжірибемнен мысал келтірейін: сыбайлас жемқорлық ісі бойынша менің қорғаушыма қатысты сот кепілдемені белгіледі, ол оны бұзбады. Іс сотқа жіберілді. Тергеу мерзімі бұзылғандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жарамсыздығына байланысты соттан істі қысқартуды сұрады.

Бұл өте өрескел заң бұзушылық және бұл жағдайда істі тоқтату керек.

Антикор мен прокуратура «Бәсе» атты анонимді телеграм-каналда менің қорғауымдағы адам судьяға пара берді деген мақала шығарып,  жарияланғаннан кейін келесі күні прокурордың өтініші бойынша сот бұлтартпау шарасын қамауда ұстауға өзгертті. Бұған бұлтартпау шарасын өзгерткен іс соттың қарауына жатпайтынын қосыңыз. Ал Алматы қалалық соты шешімді өзгеріссіз қалдырды.БАҚ арқылы Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның назарын аудардым, бірақ еш нәтиже жоқ, адам әлу қамауда отыр, іс қаралып жатыр. Міне, соттардың айла-шарғысының және тәуелділігінің нақты мысалы.

El.kz: Сот істері бойынша қоғамдық пікірді қалыптастырудағы адвокаттардың рөлін қалай жеткізер едіңіз?

Жәния Бодау: Мен адвокаттарды екі топқа бөлемін: “перфомансистер” және адвокат-заңгерлер. Бірінші санаттағы заңгерлер қоғамның көзіне түсу үшін ойын жасайды, соттың өзінен  шоу жасайды және өзін-өзі жарнамалаумен айналысады. Іс жүзінде қарасаң жоғары кәсіби маман емес.

Екіншісі - тек істің заңды мәліметтері бойынша қорғауда әрекет етеді.  Мен қай кезде де БАҚ-та  жариялау құқығын клиентке қалдырамын – егер ол қаласа, жасасын. Бірақ мен оны ешқашан өзім ұсынбаймын. Мен үшін құқықтық талдауға назар аудару маңызды.

El.kz: Мен сізбен кінәсіздік презумпциясы туралы сөйлескім келеді. Неліктен көптеген адамдар бұл қағиданы елемейді? Бұл, әсіресе, кінәсі әлі дәлелденбеген адамды қылмыскер деп атайтын БАҚ пен әлеуметтік желілерде жиі кездеседі?

Жәния Бодау: Біздің қоғамда бұл қағида еленбей ғана қоймай, кәдімгідей бұзылып жатыр. Ал мұны негізінен құқық қорғау органдарының ұйытқы болуымен БАҚ жасайды. Сот репортерлері Гильдия Декларациясына сәйкес, оқиғаға қатысушылардың кез келгеніне зиян келтіру мақсатында тақырып таңдау немесе материалды жариялауға болмайды. Тікелей дәлелсіз айыптаулардан аулақ болу ұсынылады.

Құқық қорғау органдары адамның кінәсі туралы қоғамдық пікір тудыру үшін әдейі ақпарат таратады. Бұл істі жұртшылыққа шулатып, айыпты үкім шығару үшін сотқа қысым көрсету арқылы жүзеге асырады.

Қылмыстық істердің көпшілігі дәл осындай  қоғамдық наразылық салдарынан тергеушілер мен мемлекеттік айыптаушылардың деңгейінде, заңға қайшы дәлелдемелердің анық жиналғанына қарамастан, айыптаумен аяқталады.

El.kz: Сот процестерін тікелей эфирде көрсету идеясына қалай қарайсыз? Бұл қажет пе?

Жәния Бодау: Мен процестерді тікелей эфирде көрсетуді жақтаймын. Бұл - тәрбиелік және профилактикалық тұрғыда жақсы бастама. Сонымен қатар, ол сотты, прокурорды, адвокаттарды және процеске қатысушыларды тәртіпке келтіреді. Әрбір көрермен мұндай процестерден сабақ  алады. Ең маңыздысы соттың және адвокатураның беделін арттырады, сотқа деген сенім ұялатады. 

El.kz: Сот төрелігінің ашықтығы мен сот процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін қандай шаралар қолдануға болады? Біреуі екіншісіне қатысты қаншалықты этикалық қатынас жасайды?

Жәния Бодау: Мемлекеттік құпиялар, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты және кәмелетке толмаға қатысты істердің жекелеген санаттарын қоспағанда, біздің сот төрелігі ашық.

Процестің әрбір қатысушысы сот залындағы бейне және фотоға түсіруге қарсылық білдіруге құқылы. Процесске қатысушылардың рұқсатынсыз ешкімнің түсірілім жасауға құқығы жоқ. Ал мұнда бәрі заңмен нақты қарастырылған.

El.kz: Кезінде көпшілік “елімізде заңгерлер, адвокаттар мен экономистер тым көп” дейтін. Қазіргі таңда адвокат мамандығының беделін көтеру қажет деп ойлайсыз ба және бұл мамандыққа кімдерге баруға кеңес берер едіңіз?

Жәния Бодау: Бізде заңгерлер мен адвокаттар көп, бұл рас, бірақ олардың арасында кәсіпби мамандар аз.

Кез келген адам адвокат бола алмайды. Бұл мамандықты ең алдымен ерік-жігері күшті, ақыл-ойы мен ынтасы дамыған, белгілі бір мақсаты бар адамдар ғана игере алады.

Адвокат әрқашан жаңа білімге ұмтылып, біліктілігін арттыруы керек. Бұл кәсіпте жағдайды тез және дәл бағдарлау, дұрыс шешім қабылдау, ең алдымен клиенттің тағдыры үшін үлкен жауапкершілікті алу және бейтарап болу өте маңызды.

Айыпталушылар әртүрлі, кейде қызба мінезді келеді. Мұндай адамға немесе оның әрекетіне деген теріс көзқарасты адвокат жеңе білуі тиіс.

Сондай-ақ әрбір адвокаттың басты қасиеттерінің бірі – коммуникативті дағдылар. Ұзақ мерзімді есте сақтаудың маңыздылығы да рөл ойнайды: ақпараттың үлкен көлемін есте сақтауы және оны жүйелеу, логикалық талдау жасай білуі керек.

Егер мен қызметімді енді бастап жатқан адвокат болсам және мансаптық траекториямды құратын болсам, тәжірибе жинау үшін ірі заң агенттігіне жұмысқа орналасар едім.

Адвокаттың жұмысы заңгерлік кәсіптегі ең тиімдісі болып табылады. Осы салаға ауысу арқылы мен табысты болдым, барлық жағынан тәуелсіз болдым, адамдарға пайдалы және қажет бола алдым.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға