«Жәнібек соңғы сөзін айтқан жоқ». Рейтингтен шығып қалған Әлімханұлы туралы сарапшылар не дейді
Ring Magazine деп аталатын беделді порталы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын өзінің үздік боксшыларының рейтингінен шығарып тастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ring Magazine бокс сайты орта салмақтағы үздік боксшылардың рейтингін жаңартты.
Бұл тізімде WBO және IBF титулдарының иесі қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына орын бұйырмаған, ал бұған дейін ол бірінші орында тұратын.
Дереккөз бұған отандық боксшының допинг сынамасының оң көрсеткіші себеп екенін алға тартады. Естеріңізде болса, желтоқсанның басында Әлімханұлы допингке дауына ұшырады, оның қанынан тыйым салынған препарат – мельдоний табылғаны туралы хабарланды. Тиісінше жерлесіміздің кубалық Эрисланди Ларамен айқасы өтпей қалды.
Дегенмен боксшының өзі ешқандай тыйым салынған препарат қабылдамағанын, тамағы мен дәрумендерін де өзгертпегенін айтады. Оның командасы VADA-дан B сынамасын ашуды сұрап отыр.
Ring Magazine – американдық танымал портал. Бастапқыда бокс журналы ретінде 1922 жылы құрылған. Бүгінде онлайн-басылым жаңалықтар, рейтинг пен жекпе-жектерге сараптамалар ұсынады.
Осы ретте танымал сарапшы әрі Fightnews басылымының бас редакторы Карл Фрайтаг бұл істі «өте күмәнді» деп отыр.
Fightnews.com тілшілеріне берген сұхбатында Фрайтаг Жәнібекке тағылған айыптардың қисынсыз екенін айтып, допингтің әдейі қолданылғанына сенбейтінін жеткізді.
Бұл – карьерасындағы ең маңызды жекпе-жек. Үш әлем чемпионы белбеуі, өміріндегі ең үлкен гонорар және осындай нәтиже. Мен Әлімханұлы мельдонийді саналы түрде қабылдады деп ойламаймын. Мельдоний – бокста айтарлықтай артықшылық беретін препарат емес. Оның үстіне қарсыласы 42 жастағы Эрисланди Лара еді, – деді сарапшы.
Фрайтагтың айтуынша, Жәнібек бұған дейін де өзін «таза спортты» ұстанатын боксшы ретінде көрсетіп келген және үнемі допинг бақылауынан өтіп отырған.
Мен қастандық жасалды деп айта алмаймын, бірақ Жәнібек бұл мәселені өз командасымен мұқият талдауы керек. Бұл – кем дегенде команда тарапынан кеткен салғырттық немесе… өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар, – деп астарлап жеткізді ол.
Сонымен қатар, Карл Фрайтаг допингтің екінші сынамасы (B-проба) теріс нәтиже көрсетеді дегенге сенбейтінін айтты. Оның болжамынша, сынама оң болып шықса, боксшыны дисквалификация күтіп тұр және чемпиондық белбеулерінен айырылуы мүмкін.
IBF пен WBO ұйымдары допинг дауларына өте қатаң қарайды. Бұл WBC немесе WBA сияқты жұмсақ ұйымдар емес. Препарат әдейі ме, кездейсоқ па – оларға бәрібір. Бұл жерде Жәнібектің жолы болмады, – деді сарапшы.
Фрайтаг Әлімханұлының рингке қайта оралуы 2026 жылдың соңына дейін созылуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Дегенмен, ол боксшының болашағына үмітпен қарайтынын атап өтті.
Жәнібекті «жерлеуге» асықпас едім. Тіпті белбеулерінен айырылса да, оның қайтадан әлемдік деңгейге оралуына мүмкіндігі бар. Бұл оңай болмайды, бірақ әбден мүмкін, – деп түйіндеді ол.
Ал The Ring журналының журналисі, beIN SPORTS телеарнасының продюсері әрі Roy Jones Jr. Boxing Promotions компаниясының өкілі Райан О’Хараның ойы басқаша болып шықты.
Жақсы емес… Мен оның біраз уақыт бойы бірдеңе қабылдап жүргенін сезгенмін. Бәлкім, ол белгілі бір кезеңде стероидтар қолданған, әрі бұл оған ұзақ уақыт бойы байқалмай келген. Бокста допинг мәселесі кең таралған, - деді О’Хара.
Айта кетейік, Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек 6-нан 7 желтоқсанға қараған түні АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Frost Bank Center аренасында өтуі тиіс болған. Бұл кездесу бокс кешінің қосалқы басты жекпе-жегі ретінде жоспарланған еді. Алайда рингке шығардың алдында қазақстандық боксшының допинг-сынағынан мельдоний анықталып, жекпе-жек өтпей қалды.

