Жәнібек Әлімханұлына тағылған айып: халықаралық тәжірибе не дейді?
Қазақ боксы соңғы жылдары әлемдік аренада қайтадан салмақты ойыншыға айналды. Кәсіпқой рингте ел намысын қорғап жүрген санаулы чемпиондардың бірі – Жәнібек Әлімханұлы. Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған боксшы тек титул иесі ғана емес, қазақ боксының қазіргі символына айналды. Сондықтан оның атына байланысты кез келген дау – жеке спортшының емес, тұтас ел боксының беделіне қатысты мәселе.
Желтоқсан айында Жәнібекке қатысты шыққан допинг дауы да дәл сондай қоғамдық резонанс тудырды. Бұл – спорттық, құқықтық және имидждік тұрғыда терең талдауды қажет ететін күрделі жағдай.
Даудың басталуы: ақпарат қалай тарады?
6 желтоқсанға жоспарланған Premier Boxing Champions бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы кубалық тәжірибелі чемпион Эрисланди Ларамен рингке шығуы тиіс болатын. Бұл жекпе-жек оның мансабындағы ең маңызды сынақтардың бірі еді. Алайда кездесуге санаулы күн қалғанда америкалық танымал бокс журналисі Дан Рафаэль әлеуметтік желіде VADA (Voluntary Anti-Doping Association) деректеріне сілтеме жасап, Жәнібектің қанынан мельдоний табылғанын мәлімдеді. Артынша ұйымдастырушылар Лараның қарсыласы өзгергенін хабарлап, Жәнібектің орнына колумбиялық Йохан Гонсалесті жариялады.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанның үздік 10 боксшысы анықталды
- Спорттан кейінгі өмір: чемпиондар неліктен өзін жоғалтып алады?
- Олимпиада, мундиаль, камбэк: 2026 жыл Қазақстан спорты үшін қандай болмақ?
Мельдоний деген не және ол неге даулы препарат?
Мельдоний – бастапқыда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препарат. 2016 жылдан бастап ол WADA тыйым салған заттар тізіміне енгізілді. Алайда бұл препараттың ерекшелігі – ағзада ұзақ сақталуы, кей жағдайда бұрын қабылданған заттың ізі бірнеше айдан кейін де анықталуы мүмкін.
Сондықтан спорт әлемінде мельдонийге қатысты дау көп. Кей жағдайларда спортшылардың кінәсіздігі дәлелденіп, тест нәтижелері қайта қаралған. Бұл фактор Жәнібек ісінде де негізгі аргументтердің біріне айналып отыр.
Жәнібектің ресми жауабы: «Мен таза спортты ұстанамын»
Ақпарат тараған бойда Жәнібек Әлімханұлы үнсіз қалмады. Ол допинг қолданды деген айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Боксшының айтуынша, алғашқы сынама таза нәтиже көрсеткен, ал екінші тексеруді өзі талап еткен.
Мен ешқашан тыйым салынған препарат қолданған емеспін. Спорттық мансабымда да, өмірлік ұстанымымда да таза жолды таңдадым. Бұл жағдайдың ақ-қарасы міндетті түрде анықталады, – деді Жәнібек әлеуметтік желідегі жазбасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар ол қазақ жанкүйерлерінің қолдауын ерекше атап өтті:
Шетелдіктер күмәнданып жатқанда, өз қазағым маған сеніп отыр. Бұл – кез келген чемпион үшін ең үлкен күш.
Бұл сөздер боксшының психологиялық тұрғыда сынбағанын, керісінше, күресуге дайын екенін көрсетті.
B сынамасы: құқықтық процестің шешуші кезеңі
Қаңтар айының басында Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков В сынамасының ресми түрде ашылғанын хабарлады. Бұл – кез келген допинг ісіндегі ең маңызды кезең.
Ал Жәнібектің менеджері Берік Сұлтан процестің ашық өткенін растады:
Біздің өкілдер пломбаның ашылуына тікелей қатысты. Процедура халықаралық талаптарға сай өтті. Қазір сынама зертханаға жөнелтілді, – деді ол.
Берік Сұлтан команда тарапынан боксшының тазалығына күмән жоқ екенін бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, Жәнібек жеті жылдан бері кәсіпқой рингте жүрген тәжірибелі спортшы, қандай дәрумен қабылдауға болатынын және қайсысына тыйым салынғанын жақсы біледі.
Мемлекеттің ұстанымы: асығыс шешім жоқ
Даулы жағдайға қатысты туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та пікір білдірді. Министрдің айтуынша, ресми қорытынды шықпай тұрып, қандай да бір санкция туралы айту дұрыс емес.
Барлық шешім тек халықаралық ұйымдардың ресми нәтижесіне сүйене отырып қабылданады, – деді ол.
Министрлік қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Министрлік бұл мәселеден тыс қалмайды. Қолдау көрсетуге дайынбыз. Қажет болса, халықаралық сарапшыларды тартып, құқықтық баға беруге болады. Қазір бұл жағдайға қатысты әртүрлі болжамдар бар, бірақ нақты жауапты ресми ақпарат шыққаннан кейін ғана беруге болады. Сонымен қатар, әр спортшының өзін қорғау мүмкіндігі бар, командасына біздің тараптан көмек қажет болса, қолдау көрсетеміз, - деген еді вице-министр Серік Жарасбаев.
Федерация пікірі: кінәсіздік презумпциясы
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының басшылығы бұл істі кінәсіздік презумпциясы тұрғысынан қарау керегін баса айтты. Рахымжан Ерденбековтің сөзінше, бір ғана тест спортшының кінәсін толық дәлелдей алмайды.
Зертханадағы қателік, қоспалардың ластануы немесе техникалық факторлар болуы мүмкін. Сондықтан нақты шешім шықпай тұрып, айыптау – кәсібилікке жатпайды, – деді ол.
Федерация өкілдері, қажет болған жағдайда, Жәнібектің беделін қорғау үшін құқықтық қадамдарға да дайын екенін жасырмады.
Спорт қауымдастығы не дейді?
Қазақ боксының ардагерлері де бұл дауға бейжай қарамады. Олимпиаданың күміс жүлдегері әрі Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков Жәнібектің допинг қолданғанына сенбейтінін ашық айтты:
Жәнібекті бұрыннан білемін, ол допинг қабылдайтын жігіт емес, өзі жеп жүрген тамағын да, қабылдап жүрген дәрумендерін де өзгертпегенін айтты. Кезінде бізден де допингке сынамалар алатын. Жалпы, Жәнібектің не жеп, не ішіп жүргенін қасындағы бапкерлері, промоутерлері толықтай бақылап, біліп отыруы керек. Өз басым оның тыйым салынған препарат қабылдағанына сенбеймін, – деді ол.
Ал қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров бұл жағдайды ұлттық деңгейдегі сынақ деп бағалады:
Бұл – тек Жәнібектің емес, бүкіл қазақ боксының мәселесі. Біз оған сенеміз, – деді ол.
Танымал сарапшы әрі Fightnews басылымының бас редакторы Карл Фрайтаг бұл істі «өте күмәнді» деп отыр.
Мен қастандық жасалды деп айта алмаймын, бірақ Жәнібек бұл мәселені өз командасымен мұқият талдауы керек. Бұл – кем дегенде команда тарапынан кеткен салғырттық немесе… өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар. IBF пен WBO ұйымдары допинг дауларына өте қатаң қарайды. Бұл WBC немесе WBA сияқты жұмсақ ұйымдар емес. Препарат әдейі ме, кездейсоқ па – оларға бәрібір. Бұл жерде Жәнібектің жолы болмады, – деп астарлап жеткізді ол.
Допинг дауларының халықаралық тәжірибесі
Кәсіпқой спорттағы допинг даулары – жаңа құбылыс емес. Әсіресе соңғы он жылда антидопингтік бақылаудың күшеюі бірқатар әлемдік жұлдыздың мансабына тікелей әсер етті. Жәнібек Әлімханұлына қатысты туындаған жағдайды бағалау үшін ұқсас халықаралық кейстерге назар аудару маңызды. Бұл эмоцияға емес, тәжірибеге сүйеніп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Мария Шарапова ісі (2016): мельдоний және регламенттің өзгеруі
Жәнібекке тағылған айыптауда аталған мельдоний препараты – әлемдік спортта ең көп дау тудырған заттардың бірі. 2016 жылы ресейлік теннисші, «Үлкен дулығаның» бес дүркін жеңімпазы Мария Шарапова дәл осы препаратқа байланысты дисквалификацияға ұшырады.
Мельдоний 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап WADA тыйым салған заттар тізіміне енгізілді. Ал Шарапова препаратты бұған дейін медициналық мақсатта ұзақ уақыт қабылдаған, одан қалды ол тыйым салынғанын білмегенін мәлімдеді.
Нәтиже:
Бастапқыда екі жылға спорттан шеттетілді. Кейін Спорттық арбитраж соты (CAS) жазаны 15 айға қысқартты.
CAS шешімінде: «спортшы препаратты әдейі емес, салғырттық салдарынан қолданған, бұл жаза мөлшерін азайтуға негіз болды», - деп жазылған.
Александр Поветкин (2016): бокс және мельдоний
Мельдоний төңірегіндегі ең танымал бокс оқиғаларының бірі – ресейлік ауыр салмақтағы боксшы Александр Поветкиннің ісі.
Поветкин 2016 жылы америкалық Деонтей Уайлдермен жекпе-жекке дайындалып жатқан. Бірақ сараптамасынан мельдоний анықталып, айқас өтпей қалды.
Алайда кейінірек тәуелсіз тексеріс мельдонийдің тыйым салынған мерзімге дейін ағзаға түсуі мүмкін екенін көрсетті. WADA өзі де сол кезеңде мельдонийдің ағзада ұзақ сақталатынын мойындады
Бұл іс кәсіпқой бокста допингке қатысты айыптаулардың біржақты қаралмауы тиіс екенін дәлелдеді.
Сауль «Канело» Альварес (2018): ластанған тағам факторы
2018 жылы мексикалық суперчемпион Сауль Альварес (орта салмақ) допинг дауына ілікті. Оның сынамасынан кленбутерол табылды. Бірақ «Канело» препаратты әдейі қолданғанын жоққа шығарды. Себебі Мексикада ет өнімдерінің кленбутеролмен ластануы – ресми тіркелген факт. Тиісінше WADA бұл тәуекелді «жоғары аймақ» ретінде мойындайды. Нәтижесінде ол 6 айға дисквалификация алды. Боксшының өзі кейін рингке оралып, чемпиондық атақтарын қайта қорғады.
Бұл жағдай ластанған тағам немесе қоспалар спортшы үшін нақты қауіп екенін көрсетті. Яғни CAS және халықаралық федерациялар шешім қабылдарда спортшының қасақана әрекетін дәлелдеуге басымдық береді.
UFC тәжірибесі: тағамдық қоспалар және жауапкершілік
АҚШ-тағы кәсіби спортта допинг даулары жиі тағамдық қоспалармен байланысты болады. UFC-де бұл мәселе бірнеше рет ресми түрде мойындалған.
Кубалық файтер Йоэль Ромеро (2019) да келеңсіз жайтқа тап болған. Қосымша препараттан тыйым салынған зат табылғанымен, кейін өндіруші компания сотта қоспаның ластанғанын мойындады. Тиісінше спортшы кінәсіз деп танылып, өндірушіге айыппұл салынды.
Бұл кейс – халықаралық спортта допинг анықталса, спортшы кінәлі дегенді білдірмейтініне дәлел.
Жәнібек ісіне халықаралық тәжірибе қалай әсер етеді?
Мельдоний – ерекше препарат. Ол ағзада ұзақ сақталуы мүмкін, бұл WADA тарапынан ресми түрде мойындалған. Сондықтан B сынамасы шешуші рөл атқарады. Барлық ірі істерде соңғы шешім дәл осы екінші тексеруге сүйеніп қабылданған.
Үкім шығаруға әлі ерте
Жәнібек Әлімханұлына қатысты іс әлі аяқталған жоқ. В сынамасы 19 қаңтарда ашылады. Бірақ халықаралық тәжірибе көрсеткендей, асығыс үкім шығару – кәсіби спортқа тән емес қадам.
Бұл жағдай Қазақстан кәсіпқой боксының халықаралық беделін, антидопингтік сауаттылық деңгейін, спортшылардың құқықтық қорғалуын айқындайтын маңызды тест болмақ.
Шешім қандай болса да, ол тек нақты дерек пен ресми қорытындыға сүйенуі тиіс. Өйткені әлемдік спорттың басты қағидасы өзгермейді: әділдік эмоциямен емес, дәлелмен өлшенеді.

