Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдында ауруханаға түсті
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы ауруханаға түсіп қалды. Бұл туралы Top Rank промоутерлік компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлімханұлы ресми салмақ өлшеу рәсімінен өткенімен, су құрамын қалыпқа келтіріп үлгермеген. Салдарынан есінен танып құлаған.
Осылайша, 14 шілде күні Лас-Вегаста (АҚШ) жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен кездесу өтпейтін болды.
Бұл кештегі басты айқас жеңіл салмақ өкілдері Раймонд Мураталла - Тевин Фармер арасында өтеді.
Боксшының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы шамамен 2-3 ай емделіп, рингке қайта оралады.
Көп спортшылар сияқты біз де салмақ жасау барысында қиындыққа тап болдық. Бірінші рет осындай жағдайды бастан өткердік. Оңай емес екен! Түнімен ауруханада болдық! Мұны да көру керек болған шығар! Қазір Жәнібектің жағдайы бірқалыпты. Денсаулық бірінші орында! Бұйыртса 2-3 ай қалыпқа келіп, рингке қайта ораламыз, - деп жазды Б.Сұлтан әлеуметтік желіде.
Жәнібек Әлімханұлы – кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы.