Жаңашылдық пен серіктестікке негізделген сапалы білім ошағы
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Маңғыстау облысындағы білім беру ұйымдарында білім басқармасының ұйымдастыруымен өңірдегі бірқатар колледждер мен мектептерге арнайы іссапар ұйымдастырылды. Соның аясында Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылында орналасқан Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінің тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз.
Іргелі білім ордасы саналатын колледж - бүгінде аудан аумағындағы техникалық және гуманитарлық бағыттағы мамандарды даярлайтын жалғыз мемлекеттік оқу орны саналады. Колледж директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Айнұр Сұлтанғалидың айтуынша, оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен серіктестік бағытындағы жұмыстары көпке үлгі болып отыр.
2022 жылдан бері колледждің 25 студенті дуалды оқыту жүйесі аясында Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп, білімін шыңдауда. Бұл жастардың басым бөлігі оқуды аяқтаған соң дәл сол мекемеде тұрақты жұмысқа орналасқан. Дуалды оқыту жобасы студенттерге тек теория емес, нақты өндіріс алаңында тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін тиімді әдіс болып отыр. Колледж бұл бағытты жетілдіруде республика бойынша озық оқу орындарының қатарына қосылған.
Сонымен бірге, колледж демеуші тарту бойынша да облыста көш бастап тұр. Мәселен, "Қаражанбасмұнай" АҚ оқу ордасына 54 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіп, заманауи компьютер сыныбын, дәнекерлеу аппараттарын, дрондар және басқа да оқу құрал-жабдықтарын алып берген.
Сондай-ақ, NCOC компаниясы 18 млн теңгеге колледждің тігін цехын толықтай жаңартып, заманауи құралдармен жабдықтады.
«Бұл компания колледж ашылғалы бері 2016, 2018, 2023, 2025 жылдары қомақты демеушілік жасап келеді», - деді Айгүл Сұлтанғалиқызы.
Бүгінде колледжде 439 студент білім алса, оларды 39 оқытушы білім нәрімен сусындатуда. Мамандықтар негізінен гуманитарлық және кәсіптік бағытта қамтылған. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, көркем еңбек мұғалімі, тігін ісі, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, балық өндірісі, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, автоэлектрик (2025 жылы қосылған жаңа мамандық) мамандықтарына жастарды баулып келеді.
2021 жылы "Балық өндірісі" мамандығы алғаш рет Маңғыстау облысы бойынша аталған оқу орнында ашылды. Бұл бағытта Астрахань мемлекеттік университетімен меморандум жасалып, қажетті лицензия алынған.
Колледж 2016 жылы өз алдына жеке оқу орны ретінде құрылып, осы күнге дейін 500-ге жуық түлекке кәсіби білім беріп, еңбек нарығына жолдама берді. Оқу орны 2014 жылға дейін Маңғыстау политехникалық колледжінің филиалы ретінде жұмыс істеген болатын.
Бүгінде колледжде сырттай оқу бөлімі, сондай-ақ кредиттік технология бойынша оқу бағдарламалары енгізілген. 9 және 11-сыныптан кейін талапкерлер қабылданып, 16 жастан бастап студент қатарына алынады. Студенттердің басым көпшілігі аудан тұрғындары болса, Түркістан облысынан да білім іздеп келген жастар бар.
«Оқытушылар құрамы негізінен жас мамандардан құралған. Колледж студенттері түрлі республикалық байқаулар мен сайыстарға белсене қатысып келеді. Жуырда төрт студенттің республикалық конкурсқа жолдама алуы - оқу орнының сапалы білім мен кәсіби даярлыққа басымдық беретінін көрсетеді», - деді Айгүл Сұлтанғалиқызы.

