Жаңартылған «Шахтёр»: клубтың ресми таныстырылымы өтті
Қарағандыда «Шахтёр» футбол клубының жаңа маусымға арналған құрамы ресми түрде таныстырылды.
Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен ауқымды іс-шараға шамамен 800-ге жуық қонақ жиналды. Олардың қатарында жанкүйерлер, клуб академиясының тәрбиеленушілері, БАҚ өкілдері, серіктестер мен қала тұрғындары болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Іс-шара барысында көрерменге алдағы маусымға арналған жаңа ойын жейдесі де таныстырылды. Подиумда ұсынылған киім үлгілері клубтың дәстүрлі түстерін сақтай отырып, заманауи стильмен үйлескен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кештің басты бөлігінде команда ресми таныстырылды. Сахнаға кезек-кезек футболшылар, жаттықтырушылар штабы мен клуб қызметкерлері шақырылып, жанкүйерлерге таныстырылды. Клубтың спорттық директоры Арсен Іңкәрбеков пен команда капитаны Игорь Шацкий жаңа маусым алдындағы жоспарларын ортаға салды.
Арсен Іңкәрбеков жанкүйерлерге алғыс айтып:
Ең алдымен, қолдау көрсеткен әрқайсыңызға алғыс білдіремін. Жанкүйерлер – біздің басты күшіміз, сонымен қатар алға ұмтылуға, дамуға және жаңа жеңістерге жетуге деген қуат бересіздер. Маусымаралық кезеңде клуб жүйелі әрі ауқымды жұмыс атқарды. Әсіресе инфрақұрылымды дамытуға және негізгі құрамнан бастап әйелдер және жастар футболын күшейтуге ерекше көңіл бөлінді. Біздің мақсат айқын – сапалы, тартымды футбол көрсетіп, бүкіл қала мен жанкүйерлер мақтан тұтатындай нәтижеге жету, – деді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал өз кезегінде команда капитаны әрі клуб сапындағы ең тәжірибелі футболшы Игорь Шацкий:
Бүгін жаңартылған құрамның таныстырылымында сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Әрдайым қолдау көрсетіп жүресіздер – біз оны өз алаңымызда да, сырт алаңда да анық сезінеміз. Бұл бізге ойынның ең маңызды сәттерінде сенім мен күш береді. Маусымаралық кезеңде жақсы дайындалдық, команда күшейді, ұжым ішінде керемет көңіл күй қалыптасқан. Кез келген футболшы клуб пен жанкүйер алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінеді. Қақпашы ретінде айтарым, біз әр ойында қақпамызды сенімді қорғап, нәтижеге жету үшін барымызды саламыз. Бірақ футбол – командалық ойын, сондықтан бірлік арқылы ғана мақсатымызға жете аламыз. Біз күресуге, бар күшімізді салуға және сіздерді жеңіспен қуантуға дайынбыз. Сіздердің қолдауларыңыз – біз үшін алаңдағы қосымша ойыншы, – деп атап өтті.
Кеш барысында Ардагерлер Даңқ залы ашылғаны да белгілі болды. Осы орайда клуб ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, «кеншілердің» аңыз футболшылары Петр Асылбаев, Андрей Финонченко және Айдос Тәттібаев сахнаға шақырылып, оларға естелік жейделер табысталды және клубтың Даңқ залына енгізілгені жарияланды.
Естеріңізде болса, 2025 жылдың желтоқсанында «Шахтёр» клубы Freedom Holding Corp. компаниялар тобына өткен болатын. Бұл өзгеріс клубтың қаржылық тұрақтылығын арттырып, басқару тиімділігін күшейтіп, ұзақ мерзімді дамуға жаңа мүмкіндіктер ашқаны көрініп тұр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Іс-шара барысында Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов та сөз сөйлеп:
Команда жаңа маусымға нақты мақсаттар мен айқын жоспармен қадам басып отыр. Негізгі басымдық жергілікті жастарға – Қарағандыда өсіп, осы клуб жүйесінде тәрбиеленген ойыншыларға беріледі. Біз тек 11 ойыншыдан тұратын команда емес, оның айналасындағы толық экожүйені – академияны, инфрақұрылымды және басқарудың жаңа тәсілдерін қалыптастырудамыз. «Шахтёрдің» жаңа тарихы дәл бүгін басталады, – деді.
Ал іс-шара соңында қонақтар футболшылармен еркін форматта тілдесіп, сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды.
Кеш соңында негізгі құрам ойыншылары жанкүйерлерге арнайы автограф-сессия өткізіп, естелік суреттерге түсті.

