Жаңарған Zeekr 001 көпшілікті несімен таңғалдырмақ?
Қытайда жаңартылған Zeekr 001 үлгісін шығаруға дайындық қызу жүріп жатыр. Аталған лифтбэк бір жылдың ішінде-ақ нарықтағы ең көп талқыланған модельдердің біріне айналды. Бұл туралы Finratings.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Жаңа нұсқасы жаңарған интерьермен, ұзартылған жүріс қорымен және едәуір артқан қуатпен ерекшеленеді.
Сыртқы келбетінде өзгеріс аз.
Zeekr 001-дің танымал бейнесі сақталған: фирмалық жарықдиодты шамдар, әсем сызықтар және жасырын есік тұтқалары – дизайнерлер марканың айрықша стилін бұзбауды жөн көрген.
Дегенмен көзге бірден түсетін айырмашылықтар да бар: көлікте жаңа дөңгелек дискілері және шатырында жаңартылған LiDAR сенсоры орнатылған. Бұл ұсақ өзгерістер Zeekr 001-дің жай «рестайлинг» емес, жартылай автономды жүргізуге бағытталған жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартады.
Ал салоны – нағыз премиум деңгей: айналмалы экран және «жұлдызды аспан»
Ішкі көрінісі түгелдей өзгерген. Орталық мультимедиа экраны енді 16 дюйм, 3.5K ажыратымдылығымен (бұрын 15 және 2.5K болған), әрі оны 30 градусқа бұруға болады – бұл функция жолаушыға экранды ыңғайлап көрсетуге мүмкіндік береді.
Электромобиль қуаты 925 ат күшіне дейін артса, 100 км/сағ жылдамдыққа дейінгі үдеу уақыты – небәрі 2,8 секунд. Бір толық зарядта жүретін қашықтығы 810 шақырымға жетеді.
Жүргізушінің алдында – 39,3 дюймдік AR-HUD проекциялық дисплей және 13 дюймдік цифрлық аспаптар панелі орналасқан.
Ал Zeekr Sound аудиожүйесі 29 динамикпен жабдықталып, салонды нағыз концерт залына айналдырады.
Артқы орындықтағы жолаушыларға арналған жайлылық деңгейі де жоғары: электрлі аяқ тірегі, сымсыз зарядтау құрылғылары және марканың визит картасына айналған «жұлдызды аспан» төбесі бар.
Бұған қоса, салонның жаңа жұмсақ қаптамасы мен есік панельдері люкс әсерін толықтырады.
Ресми сатылымға шығу уақыты – 2025 жылғы 11 қазан.
Дилерлер алдын ала тапсырыс қабылдап жатыр, ал депозит көлемі – 2 мың юань (151,6 мың теңге).

