Жаңалықтар

Жанарбек Таниғазыұлы: Рәміздерді әлемге таратқан түркі халықтары

Жанарбек Таниғазыұлы: Рәміздерді әлемге таратқан түркі халықтары
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 04.06.2023 11:21 1843

«TURAN» халықаралық суретшілер консолидациясының президенті, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, ҚР ЖАК өнертану профессоры Жанарбек Таниғазыұлы Берістенмен Мемлекеттік рәміздер күніне орай болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

El.kz: Жанарбек аға, 4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздері күні мерекесі құтты болсын! Әңгімені осы патриоттық рухты көтеруге бағытталған мерекеден бастайықшы, қалай сезінесіз?

Жанарбек Таниғазыұлы: Рахмет! Жалпы айтарым, мемлекеттік рәміздерді кеңірек атап өтіп, көбірек насихаттау керек. Ол сөзсіз солай болуы керек. Өйткені қазақ руханияты, тарихы осы рәміздермен тікелей байланысты. Біле білсек әлемге рәміздерді таратқан осы түркі халықтары. Осы орайда Конфуцийдің айтқан сөзі бар, «Әлемді заң билеймейді, рәміздер билейді» деген. Сондықтан ұлттық рәміздер дегенді білу, оны ұғыну үлкен мағына. Қазақтардың дүниені ойлау философиясы образдық мәдениетке негізделген. Мысалы, киіз үйдің семантикасынан бастап, барлық өзімізге қажеттіні таңба-рәміздермен белгілеп тастаған ұлтпыз.

Біздің бүкіл болмысымыз рәміздерден тұрады десем де болады. Біз осы рәміздерді қалай ұмытамыз, солай ұлт ретінде жойыламыз (Құдай ондай күннен аулақ қылсын). Сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттау жай есеп үшін емес, арнайы жоспармен кең ауқымда жүруі керек. Себебі мемлекеттік рәміздер дегеніміз елдігіміздің, егемендігіміздің берік негіздерінің бірі, ұлтты біріктіруші образды білдіреді.

Бірақ, жеке пікірімді айтар болсам, Мемлекеттік рәміздер күні белгіленген датаға көңілім кішкене толмайды. Себебі бұл кезде мектепте оқу аяқталып, жабылып қалады. Студенттер де үйлеріне қайтады дегендей. Ал егер оқу процесі жүріп жатқанда болса мектептерде, университеттерде кең көлемде атап өтіп, әрбір рәмізді ұғындырып, құндылығын насихаттауға мүмкіндік көбірек болар еді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттау тетіктеріне де ерешке мән беруіміз керек деп есептеймін.

El.kz: Мемлекеттік рәміздерді толыққанды дәріптеу үшін не істеу керек, Сіздің ойыңызша?

Жанарбек Таниғазыұлы: Бізде рәміздерді талдайтын семантика деген ғылым аса қатты дамымай жатыр. Ол Кеңес одағы кезінде Латвиядағы Тарту университетінде, содан соң Еуропада қатты дамыған. Ал бізде рәміздік ғылыми-зерттеулер аз, жоқтың қасы. Бірен-саран ғана диссертациялар қорғалды, философиядан. Болды.

Мемлекеттік рәміздерді ел деңгейіндегі идеологиялық негізгі құрал ретінде жоспарлы түрде насихаттау үшін жеке бір институт ашу керек пе деп ойлаймын. Өйткені біздің петроглифтер, геоглифтеріміз бар, бүкіл әлемді таңдандырып отырған. Мына Торғай даласындағы ғарыштық биіктіктен ғана көрінетін әлемдегі теңдесі жоқ таңбаларымыз бар. Ондай белгілер әлемде ек-ақ жерде болса, соның бірі қазақ жерінде. Одан кейін петроглифтер, ондағы әрбір таңба, сурет дегендер тұнып тұр ғой, бізде.

El.kz: Жалпы мемлекеттік рәміздерді зерттейтін, оларды қадағалайтын ұйым болмаса орталық бар ма?

Жанарбек Таниғазыұлы: Былтыр геральдика саласын ғылыми-зерттеу бағытындағы бір мекеме ашылыпты (ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ – автор). Бірақ ол жерде нақты мамандар отыр ма, жоқ па білмедім. Олар не істеп жатыр ешкім білмейді. Қазір коммуникация заманы ғой, олар тым құрығанда әлеуметтік желілер арқылы болса да өз ұсыныстарын айтып ортаға тастаса, біз маман ретінде өз пікірімізді айтар едік. Оны меніңше, мына ұлттық университеттер немесе Ұлттық Ғылым академиясы жанынан ашып, сол жерде салалық ғылымдар айналысқаны жөн деп ойлаймын.

El.kz: Өзге елдерде мемлекеттік рәміздерге қандай құрмет көрсетіледі, байқадыңыз ба. «Суретшінің көзі қырағы» деген бар ғой?

Жанарбек Таниғазыұлы: Мен жалпы рәміздер жайлы көп жаздым, мәселе ретінде көтеріп. Қазақтың ұлттық оюын, киелі барысымызды қоқыс жәшігіне бейнелеп, жапсырып қояды. Солардың барлығын сынап отырып жаздым. Көп адамдар ондай детальдарды байқамайды да. Кейбірінің тіпті ұлттық намысы өшіп, құлдық сана-сезімге кетіп қалған. Оларға әсер етпеуі де мүмкін. Менің ұлттық намысым бар, ондайды көрсем, шыдай алмай фотоға түсіріп, өз пікірімді білдіремін.

Мен Қытайға барғанда көрдім, Қытай мен Қазақстанның туы қатар тұр, ал басқа компаниялардың туы олардан 30 см төмен ілініп тұр. Ал Қазақстанға келсек, мұнда мемлекеттік туымыз бен бірге компаниялардың тулары бір деңгейде тұр. Олар жеке мемлекет сияқты. Ол дұрыс емес, тулардың ілінуі жөнінде әдемдік стандарттар бар, соған сай болуы керек. Біз Мемлекеттік туымызды ерекше құрметтеуіміз керек. Оның статусы қашанда жоғары тұруы тиіс. Өйткені бұл ұсақ-түйек нәрсе сияқты болып көрінгенімен, оның астарында үлкен мән-мағына бар, астыртын саясат жатыр. Біздің әрқайсымыздың азаматтық көзқарасымыз жоғары болуы қажет.

Мысалы, көшеде жүрген кезде де маңдайшалардағы атаулардан-ақ кімнің кім екендігі білініп тұрады. Соның бәріне мән беріп қарап жүремін. Біз дизайнерлерге сабақ береміз, шын мәнінде рәміздермен жұмыс істейміз. Соны оқыту процесінде балаларға айтсам, олар бірден қабылдайды. Осы жерде бір мысал айтайын, Астанада жүргенде байқағаным, біреу көркемдеп жарнама жасаған екен, сонда ұшқын сияқты сызықтарды шашыратып сызған ғой, 4 сызық, сосын 6 сызық болып келіп алты бұрышты бейнелеген, бәйтерек сияқты. Содан мен одан сұрадым, «Неге 6 бұрышты пайдаландың, ол Израильдікі ғой?» деп. Сонда ол «Мен жай ойша жасай салдым» деп қарап тұр. Байқайсыз ба, таңбаға, рәмізге-символға мән бермей тұр ғой. Ол 6 бұрыш бізде де бар, бірақ еврейлер қазір иемденіп алған, барлық жерде өздерінің ұлттық рәмізі ретінде насихаттап жүр. Бұл да бір қарағанда ұсақ-түйек болғанымен ар жағында үлкен саясат жатыр.

El.kz: Мемлекеттік рәміздер күні қалаларымыз қалай безендірілгені жөн. Мысалы, мемлекеттік мереке күндері Түркия алқызыл түске боялады. Бізге де бүкіл елді жалт қарататындай бірыңғай бір дүние керек сияқты. Мүмкін барлығы көгілдір түске боялуы керек шығар, қалай ойлайсыз?

Жанарбек Таниғазыұлы: Рәміздерімізді барлық ұлттық, мемлекеттік мерекелерде де насихаттауға болады. Мүйізді жылқының өзі қандай керемет. Соны шеруге арналғандай (парадный) киіндіріп, сән-салтанатымен жүргізсе. Ол мүйізді жылқы сақ заманының алтын адамымен бірге Берел қорымынан 1998 жылы табылды. Егер ол Кеңес одағы кезінде табылса, оны жоқ қылдырар еді. Құдайдың өзі бізге бұйыртып тұр екен.

Қос дөңгелекті арбаның өзі біздің жерден шыққан ғой. Мысырдағы мәмлүктер арбамен жүруді өте үлкен дәреже көрген екен. Қос өркешті түйе де біздің символдарға кіреді. Бір өркешті (нар) түйе ол Африка мен Арабияның символы болса, екі өркешті түйе біздікі. Сол қос өркешті түйені де насихаттауымыз қажет. Мұндайда ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Бейне нүктеден пайда болады.

Рәміздер дегенде, мысалы Еуропалықтар Лавр жапырағын насихаттайды, біз жусанды насихаттауымыз керек. Жусанның иісі деген біздің даланың символы. Сол сияқты кез келген кішкентай детальдан бастап, барлығын түсіндіріп айтып отыруымыз қажет.

El.kz: Мүйізді жылқы дегеннен шығады, ол мына біздің мемлекеттік Елтаңбада бейнеленген ғой. Меніңше өте сәтті шыққан туынды. Сол туралы да Сіздің пікіріңізді білейін деп едім, ол бір. Екінші сұрайын дегенім, алғашқы нұсқада «Қазақстан» деген жазу кирилл әрпімен жазылған еді, қазір «Qazaqstan» деп латын қарпімен жазып қойдық. Бұл бұрыс па, дұрыс па?

Жанарбек Таниғазыұлы: Елтаңба жөніндегі 1992 жылдары болған байқауға мен де қатысқанмын. Ол кезде мен студент едім. Менікін де байқауға қабылдады, бірақ, шыны керек ол кезде білімім жетіспеді. Ал елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков жайлы «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жазғанмын. Ол кісі ерекше жан. Ұлттық ақпарат біздің қанымызда, генімізде сақталады ғой, сол ақпарат Мәлібековке берілген деп ойлаймын. Олай деуіме бір ғана себеп айтайын, 1992 жылы мүйізді 13 пырақ әлі табылмаған болатын. Ал соны Жандарбек ағамыз іштей сезіне отырып сәтті жасап шықты.

Ал енді жазуға келетін болсақ, кириллицадан латын графикасына көшкен дұрыс деп есептейтін. Себебі бүкіл әлем соған көшіп жатыр ғой, көштен қалмауымыз керек.

El.kz: Мемлекеттік туымыздың түсі аспанмен астасқан, жалпы түстерді тануда қазақтың өзіндік ерекшелігі бар ма, қазаққа қандай түстер жақын?

Жанарбек Таниғазыұлы: Көк түсті таңдағаны өте дұрыс, көк аспанмен астасып жатыр, өзім құптаймын. Бұрынғы ескі замандарда киіз үйлердің үстін көк түспен бояп қоятын болғаны жөнінде мәліметтер бар. Содан кейін түркі халықтарындағы мешіттердің барлығының дерлік күмбезі көк түсті. Әсіресе Орта Азия елдерінде, мына Самарқандағы Регистан, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің күмбездері көк түспен көмкерілген. Ал аврамистердің, еврейлердің шіркеулері барлығы алтын түспен боялған. Соңғы кездері өкінішке қарай, біздің мешіттердің де күмбездерін алтын түспен жасап қоятынды шығарды. Бұл дұрыс емес. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі сақталуы керек. Біз қазір таза арабизацияға ұшырап, араб мәтениетіне дендеп барамыз. Қарап тұрсаң, бұл біздің әлі де ұлттық сана-сезіміміздің төмендігін көрсетеді. Сондықтан, бұған мемлекеттік деңгейде мән беріп, жөнге келтіру керек деп санаймын.

El.kz: АҚШ пен Түркияның мемлекеттік туларын насихаттау тәсілі қызықтырады. Астаналарынан бастап барлық жерде әртүрлі көлемде туларын іліп қатты құрметтейді. Осыған қалай қарайсыз?

Жанарбек Таниғазыұлы: Иә, туды, байрақты құрметтеу қазақ тарихында да бар. Соғыс кезінде тудың жығылмауы өте маңызды болған. Мысалы, Бармақ батыр бір саусағын байрақ үшін кесіп тастаған ғой, себебі ол туды қысып ұстаған күйі қатып қалған. Көрдіңіз бе, туға деген құрметті? Себебі ол Жеңіс туы болған. Оның бәрі Батырлар жырында бар. Соның бәрін кең көлемде насихаттауымыз керек.

El.kz: Мемлекеттік тудағы өрнек туралы және жалпы ұлттық ою-өрнектеріміз жайлы айтпай кетсек орынсыз болар...

Жанарбек Таниғазыұлы: Иә, ұлттық рәміздеріміздің бірі әрі бірегейі осы ою-өрнектеріміз. Біз Мемлекеттік туда өрнекті қолданғанымыз өте дұрыс болды. Бұл біздің мақтанышымыз. Әлемде үздік геометриялық ою-өрнектер ретінде арабтардың өрнегі саналады. Бірақ олардың ойлап шығарған ештеңелері жоқ, дайын, бұрынғы Шумердің, Қос өзен мәдениетін алып соны арабтандырып жасаған. Мешіттерде пайдаланады. Ал қазақ ою-өрнегі деген керемет қой, біздікі кемелденген, жан-жақты ойластырылып жасалған әрі сан-салалы болып келеді. Ақ жағы да, қара жағы да ою болып келеді. Өкінішке орай, осы бай мұрамызды орнымен қолдану жағы жетіспей жатыр. Жалпы қайсы оюды қай жерде қолдану керек, соны көп дизайнерлер білмей жатады. Киім дизайнерлері де, интерьер дизайнерлері де шатыстырады.

Ою-өрнек деген адам санасының ең керемет жетістігі. Соны дұрыс насихаттай алмай келеміз. Қазір әлемде таптаурын классикалық стиль деген көп қой, ол қазір ешімге әсер етпейді, одан гөрі этностиль қатты қызықтырады. Осы ретте мен ұлттық нақышта жұмыс істейтін дизайнерлерді іздеп жүргенімді айта кетейін. Солармен алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесек деймін. Қазір бұл бағыттағы дизайнерлер өз білгенінше - стихиялы түрде істеп жатыр. Жүйелілік жоқ, бір теорияға түспей жатыр. Олардың әрине ниеттері жақсы, қазақша стильде жасайын деп тырысып жатқандары қуантады. Бірақ оны кім жасап жатыр, олар қайда жүргенін білмейміз. Соларға теориялық жүйе түрінде ақыл-кеңес берсе. Соны ғылыми жағынан күшейтіп, бүкіл Қазақстанға, бүкіл Түркі жұртына ықпал ететін дәрежеге жеткізсек керемет болар еді деп ойлаймын.

Сөз арасында айта кетейін, мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында жұмыс істеп жатырмын. Бүкіл Қазақстан осы университеттің кітабын оқуы керек деп ойлаймын. Дизайнның теориялық жағына назар аударғым келеді. Бұл жерде де дизайн мамандығы жақсы дамып жатыр. Студенттердің оқу ынтасы да өте күшті. Болашақта жақсы-жақсы жұмыстарды атқарамыз деп ойлаймын.

El.kz: Өзіңіз шығармашылық пен бірге ұстаздық қызметті де қатар алып келесіз, бәлкім, Мемлекеттік рәміздерді басынан бастап бір курс ретінде үйрету керек шығар?

Жанарбек Таниғазыұлы: Иә, дизайн саласында арнайы курс ашу керек. Қазір мамандықтар көп қой мәдениеттану, түстану деген сияқты рәмізтану деген арнайы дәрістер жүргізілуі қажет деп білемін. Қазір әлеуметтік желілерде, әсіресе ютубта арнайы канал ашуға болады. Бейнелеу өнері бойынша елді дұрыс бағытқа бағыттау үшін түрлі тәсілмен насихат жұмыстарын жүргізбесек болмайды.

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүрген кезімізде Асылхан Жақсылықовтың лекциясына арнайы келіп қатысатынбыз. Өз еркімізбен. Ол кісі бізге лекцияны тегін оқитын. Студент кезінде жастар шөлдеп, ашырқанып тұрады ғой, сол бос орынды біз біліммен толықтыруға тырыстық. Сол кезде дін, медитация, йога, символдар туралы көп нәрсені үйрендік. Асылхан аға - жазушы, филолог, мықты білімді кісі, рухани ұстазымыз ретінде әлі күнге дейін жақсы еске аламыз. Ол кісі әлі сабақ береді, бір өзі талай суретшінің көкірек көзін ашты десем артық айтқандық емес.

El.kz: Мемлекеттік әнұранымызда «Менің елім, менің елім» деп айтылатын тұсы бар, соны «Менің елім, менің жерім» деп өзгертуге қалай қарайсыз? Себебі мәтіннің түпнұсқасында «менің жерім» деген сөз бар екен.

Жанарбек Таниғазыұлы: Бұл «Менің Қазақстаным!» деген ән ғой, кезінде Целиноградтағы немістердің автономия құрамыз дегеніне қарсы шыққан патриоттық ән. Сондықтан «менің жерім» деген сөз міндетті түрде өз орнына қайтуы керек. Сонымен қатар, Әнұранның авторлары ретінде тек Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов қана қалғаны дұрыс.

Әлемде біздің әнұран сияқты рухты гимн жоқ. Тілге де жеңіл, жүрекке де жақын. Оны кішкентай тілі шыққан балалардан бастап, ұлтына қарамай бәрі жатқа айта алады. Өткенде Өзбекстандағы бокстан өткен Әлем чемпионатында бүкіл стадион айтып тұрғанын көріп, бүкіл әлем таң-тамаша болды. Бұл өте керемет, шын жүректен шыққан ән-ұран! Қазақпен бірге мәңгі жасай береді деп ойлаймын.

El.kz: Сіздер «TURAN» халықаралық суретшілер консолидациясын құрған екенсіздер, бұл ұйым немен айналысады?

Жанарбек Таниғазыұлы: 2018 жылы «Тұран романтизмі» деген манифест жаздым. 2019 жылы осы шығармашылық ұйымды құрдық. Тұран идеясы алғаш рет Мағжандардың жырларында айтыла бастады ғой. Сонымен қатар ХХ ғасырда Мұстафа Шоқай, Зия Гөкалп, Гаспарал сияқты ғалымдар көтерді. Одан кейін ол тоқтап қалды. Сол Тұран идеясын біз бейнелеу өнеріне алып келдік.

Қазіргі кезде Еуразия елдерімен өте тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Яғни бұл ұйымға бейнелеу өнерінің барлық саласындағы адамдар қатыса алады. Біз ұйымды құрып бастай салысымен халықаралық үлкен көрме ұйымдастырып, төрт тілде каталог шығардық. «Тұран романтизмі» көрмесіне бүкіл Еуразиядағы 32 елдің өкілі қатысты. Бұл біздің ұлттық сана-сезімімізді көтеру үшін жасалып жатқан жоба. Бұл идеологиялық саясат десек те болады.

Менің жеке тұжырымдамам бойынша біздер әлемде алғаш болып шалбар кидік, жылқыны қолға үйретіп, оған үзеңгі жасап, ертоқым салдық, арба, садақ пен қайқы қылыш жасадық. Ғылым-біліміміз керемет дамыды. Бізден Әл-Фараби сынды ғұламалардың шығуы да тегін емес. Металл, алтын-күмісті өңдеуде әлем бойынша бірінші болдық та, біз әлемге қарай жылжыдық. Бүкіл Еуропа, Африка, Қытай, Үндістан болсын, барлық жердегі өркениетте біздің ата-бабамыздың қолтаңбасы жатыр. Сөйтіп ол кезде бүкіл әлемге ықпал етіп, қазіргі Америка секілді болдық. Орта ғасырға дейін.

Көрдіңіз бе, енді сол тегімізде бар тектілікті оятып, ұлттық сана-сезімімізді көтеріп, өзіміздің «Тұран өркениеті» деген идеямызды жүзеге асыруымыз қажет.

Менің буыным, 50-дің ар жақ-бер жағындағы жігіттердің барлығы Тәуелсіздік алған жылдары оқыдық. Тәуелсіздік бізге керемет рух берді. Ол уақытта насихат керемет күшті болды. Сол кездегі рухты инерциямен әлі келе жатырмыз. Ал қазіргі жастардың көбінің ойы тек ақша табу, нарық заманында өмір сүріп жатқандар ғой. Қазір суретші көп, бірақ олардың басын біріктіретін орталық жоқ. Бізде талантты жас суретшілер де жетеді. Бірақ олардың жұмыстарына ешқандай анализ жасалмай келеді.

Біздің елдегі бейнелеу өнерді стиль мен бағыттарға бөлу қажет. Қазір жаңадан 4 стиль қосылды: сыр-кесте (сырлау), кестемен тігетін теориялық бағыт; этноантропологиялық символизм, яғни ескі антропологиялық заттарды жасайды; білге-графика деген ескі руна жазуының жаңа дизайндық бағыты, сонымен қатар «Тұран романтизмі» деген бағыт та дамып жатыр.

Біздің «Ұлық ұлыс. Алтын орда» кітабы шыққан кезде, ерінбей 100 авторға 100 пікір жазып, оны 4 тілге аударттық. Бұл жерде саяси ештеңе жоқ. Таза рухани бағытта.

Мен өнертанушы ретінде айтайын, қазіргі қазақ өнертануы бүкіл Еуразия құрлығында алға шықты. Ол жөнінде Польшадағы халықаралық өнертанушылар қауымдастығының басшысы да айтты. Оның ойынша біздер 5 жыл алдыға кетіппіз.

El.kz: Өзіңіздің көңіліңізге жағатын қандай тақырып, қайсы тақырыпты тереңірек зерттегіңіз келеді?

Жанарбек Таниғазыұлы: Бұрын мен дизайн саласында көп жұмыс істедім. Дегенмен «сананы тұрмыс билейді» демекші, нарық заманы ақша табу керек, күнкөріс те керек дегендей. Негізінен маған бейнелеу өнерінің ғылыми жағы қатты ұнайды. Өйткені менің бағытымда теориялық жағынан, сын жағынан бәсекелес болып ұйымдастыратын, жинастыратын қазақтілді адам жоқ.

Өнертануда теория мен сын дамымаса, мәдениет те дамымайды. Қосымша мен мүсін де сомдаймын, дизайн да жасаймын, сурет те саламын. Өзімнің теорияларымды тәжірибеде көрсету үшін. Негізінде, адам - жаны қалаған нәрсемен шұғылдануы керек.

El.kz: Алдағы уақытта қандай сүбелі жобаңызды көре аламыз?

Жанарбек Таниғазыұлы: Былтыр «Тұран романтизмі» туралы кітап шықты, екі томдық 800 беттік. Ол Қазақстанның Тәуелсіздігіне арналса, биыл Түркияның 100 жылдығы. Бұл ел бүкіл түркі елдерінің ішінде тәуелсіздігін сақтаған жалғыз ел ғой. Соған арнап «Тұран метастилі» деген 3 томдық кітап шығарып жатырмын. Бұған дейінгі кітаптарда бейнелеу өнерінің бәрі қосылған да дизайн саласы кірмеген еді. Осы 3-томда осыған мән беріп, дизайн шеберлері де енгізіліп жатыр. Себебі бүкіл түркі жұртындағы дизайн саласындағы бір-біріміздің жетістігімізді көріп отырған дұрыс болады деп ойлаймын. Бұл 200 тиражбен ғана жарық көріп жатыр. Оның көбісін шетелдіктер талап алып кетеді. Мысалы, алдында Түркіменстандықтар 44 кітап сатып алды да Президент әкімшілігіне беріпті. Олар өздері таратады екен, сонымен қатар «біз мынадай көлемдегі кітапты шығара алмаймыз» деді.

Ал өзімізге келсек, жоба жайлы Мәдениет және спорт министрлігіне, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігіне де ұсындым, әзірге ешқандай жауап жоқ. Біздің Үкімет тарапынан қолдау болса тиражын көбейтуге болушы еді.

Айтпақшы, «Ұлық ұлыс. Алтын орда» деген кітапты біреулер Президент Қ.Тоқаевқа көрсеткен екен, ол кісі қызығып, 40 кітапты сатып алды да, басқа Президенттерге таратты. Министрлер сол кісіден үлгі алса деймін.

Күні кеше Өзбекстанда болғанда ондағы өнертанушылар көріп, таң қалып жатыр. Бұл керемет жоба екен деп. Біздің өнертанушылардың барлығы дерлік 90-жылдармен тоқтап қалған да, қазіргі жастардың не істеп, қандай жобалармен айналысып жатқандарын білмейді. Бұл саладағы оқулықтар жоқтың қасы. Бар болса да сапасы нашар. Сондықтан алдағы уақытта дизайн саласында оқулықтар жазуды жоспарлап отырмын.

El.kz: Мемлекеттік рәміздер күніне бір ауыз құттықтау лебізіңіз болса, жеткізейік!

Жанарбек Таниғазыұлы: Қазақ елі жасай берсін, Рәміздер күні бәрімізге құтты болып, көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!

El.kz: Сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға