Жаңалықтар

Жаңаөзеннен жұмысшылар Астанаға келсе, олармен органдағылар айналыссын - Мағзұм Мырзағалиев

Жаңаөзеннен жұмысшылар Астанаға келсе, олармен органдағылар айналыссын - Мағзұм Мырзағалиев
Фото: instagram.com/kazmunaygaspress 08.06.2023 13:50 1721

«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Жаңаөзендегі мұнайшылардың мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, жұмысшылар ай сайын 800 мың теңге көлемінде жалақы алады. 

Біз жұмысшыларға ұсынған екі компанияның жұмыс орнындағы техникалық жағдайына көңілі толмайтындарын айтып отыр. Жұмысшылармен диалог барысында әрдайым бір қызықты себеп табылады. Бастапқыда біз оларға Атырау облысындағы сертификатталған құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясын көрсеттік. Дегенмен жұмысшылар әрдайым жұмысқа шықпаудың бір себебін тауып отырады. Бірде жұмыста жасалған жағдайы ұнамайды, бірде басқасы ұнамай жатады. Біз әрдайым басқа жұмыстар ұсынып отырамыз, дегенмен әрі қарай бұлай қайталана беру де болмайды ғой. Яғни, екі жақтан да конструктивтілік болуы қажет, бірақ  жұмысшылардың тарапынан біз оны байқамаймыз, - деді Мағзұм Мырзағалиев.   

Сонымен қатар, ол әлеуметтік желіде жұмысшылар 15 шілдеге дейін жұмыс тауып бермесе, Астанаға қайта келуді жоспарлап отырған мұнайшылардың сөзіне қатысты пікір білдірді. 

Біріншіден, бұл адамдардың бізге еш қатысы жоқ екенін айтқым келеді, олар «ҚазМұнайГаздың» қызметкерлері емес, оның үстіне  тіпті біздің сервистік мердігерлердің жұмысшылары да емес, олардың не үшін кететіні белгісіз. Егер келіп, заң бұзушылыққа жол беріп жатса, онда олармен құқық органдары айналыссын. Ал жалпы біз жұмысшыларды диалогқа шақырып отырмыз. Кеше орынбасарым мен «Өзенмұнайгаз» басшысы қатысқан облыс әкімінің жиналысы болды, бұл мәселелер жұмысшыларға тағы да жеткізілді. Өкінішке қарай, біз олардан кері байланыс, диалогқа дайындықты көрмей отырмыз, - деді ҚМГ басшысы.

Ол бұл мәселеден шығудың екі жолы барын айтты. Бірінші жолы –  жұмысшылар компания ұсынған жұмысқа шығу керек. Екінші жол – бұл жұмыс орындарына басқа мамандарды алатын болады. 

Жаңаөзенде жұмысқа тұрғысы келетін қызметкерлер көп. Жаңаөзенде бүгінде тоғыз мыңнан астам адам кезекте тұр, осының барлығына жұмыс керек. Менің орынбасарым Жаңаөзенде екі айға жуық уақыт болып, күнделікті жиналыстар мен диалогтарға қатысты. Дегенмен әлі де мақтанарлық жағдай болып жатқан жоқ. Біз үшін өндірістің жұмысы тоқтап қалмағаны, капиталды жөндеу жұмыстарының уақытылы жасалуы маңызды, сондықтан жұмысшылар келісімге келмей жатса, біз басқа мамандарды жұмысқа ала береміз. Естеріңізде болса, жұмысшылардың бастапқы және негізгі талабы жұмыс табу ғана болды. Біз оларға жұмыс таптық. Енді олар «ӨзенМұнайГаз»-ға жұмысқа орналастырындар деп отыр. Бірақ бұл әділ емес қой. Бұл кезекте тұрған тоғыз мыңнан астам Жаңаөзендіктерге әділетсіздік болар еді. Бір мәселені шешу арқылы біз екіншісін жасаймыз. Біз бұлай істей алмаймыз, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі мәселе бойынша 72 адамнан тұратын комиссия мүшелері жұмыс істеп жатыр. 

Біз жаздың соңына дейін шыдап күтіп отыра алмаймыз. Дегенмен, диалогымыз әлі де жалғасуда. Үш ай бойы жұмысқа қалай шықпауға болады? Бұл менің ойыма да сыймады, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға