Жанабыловтар ісі: Сотта танымал блогерлерден жауап алынды
Астанада айыпталушы блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы басталды. Сот процесінде блогер Нұрбек Нұртаза мен Дархан Жолшыбековтен куәгер ретінде жауап алынды.
Нұрбек Нұртазаның айтуынша, ол Жанабыловтармен 2017 жылдан бері таныс. Ол 2025 жылдың жазында Қытаймен сауда жасауға арналған оқу курсын ұйымдастырып, оны әлеуметтік желі арқылы сатумен айналысқан. Блогердің сөзінше, курс бағдарламасын сарапшы Әсет Ақбар әзірлеп, өзі тек инфлюенсер ретінде өнімді ілгерілеткен.
Куә сотта курсты сатуды ынталандыру мақсатында ұтыс ойындары өткізілгенін де жасырмады. Оның айтуынша, бұл «ғажайыптар алаңы» (поле чудес), яғни «сәттілік барабаны» форматында өткен. Әрбір курс сатып алушы арнайы жүйе арқылы «барабанды» айналдырып, жүлде ұтып алу мүмкіндігіне ие болған. Мұндай механизмді IT маман Сұңғат Өтеболатов әзірлеген.
Куәлар курстардың ұқсастығын мойындады
Нұртаза Қытаймен бизнеске арналған курстардың мазмұны негізінен ұқсас болатынын айтқан.
Қытаймен бизнеске арналған курстардың барлығы негізінен ұқсас келеді. Негізгі база бәрінде бірдей, тіркелу жолдары, маркетплейстерден тауар алу, төлем жасау. Айырмашылық көбіне уақытқа байланысты. Яғни, жаңа платформалар пайда болады, ережелер өзгеріп жатады, – деді блогер сотта.
Сонымен қатар Нұртаза былтыр ұтыс ойындарын өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын растады. Кейін тиісті ескерту алған соң, бұл қызметті тоқтатып, айыппұл төлеген. Дегенмен оған оқу курстарын сатуға шектеу қойылмаған.
Сот барысында Нұртаза тергеу кезінде өзіне ешқандай қысым көрсетілмегенін де мәлімдеді. Сондай-ақ ол Жанабыловтар ұйымдастырған ұтыс ойындарын әлеуметтік желілерден көргенін айтты.
Ал блогер Дархан Жолшыбеков Жанабыловтармен 2019-2020 жылдардан бері таныс екенін, олармен достық қарым-қатынаста болғанын жеткізді. Оның сөзінше, өзі де бұған дейін электрон коммерцияға қатысты курстар өткізіп, ұқсас тәсілдерді қолданған.
Атап айтқанда, ол Wildberries, Ozon және Kaspi сияқты платформаларда тауар сатып, қайта сату жолдарын үйреткенін айтты. Сонымен бірге курс сатуды ынталандыру үшін ұтыс ойындарын ұйымдастырғанын да растады.
Сот отырысында тараптар курстардың мазмұндық ұқсастығы, табыс табу тәсілдері және ұтыс ойындарының заңға сәйкестігіне қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Іс бойынша сот қарауы жалғасып жатыр.

