Жанәбілов пен Төлегенова ісі: блогерлер 1 млрд теңге айыппұл немесе 7 жылға дейін сотталуы мүмкін
Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі сот талқылауы басталды. Сот отырысы елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта ашық режимде өтіп жатыр.
Еске салсақ, 13 наурыз күні Астанада аталған іс бойынша алдын ала сот отырысы өткен болатын. Сол кезде блогерлердің адвокаты сот процесін жабық режимде өткізуді сұрап, өтінішхат білдірген. Алайда прокурорлар бұл ұсынысқа қарсылық білдіріп, сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Сонымен қатар Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова сот тыңдаулары кезінде журналистердің фото және бейнетүсірілім жүргізуіне қарсы екенін айтты. Толегенова бұл шешімін отбасына қатысты артық назар аударылып жатқанымен түсіндірді.
Менің үлкен балам мектепте оқиды. Балама біздің жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылып жатыр, – деді ол.
Сот барысында Жанәбіловтердің адвокаты істі прокурорға кері қайтару туралы да өтініш білдірді.
Ерлі-зайыптыларға Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабының 2-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)») бойынша айып тағылған. Негізгі сот талқылауы 16 наурызға белгіленген. 2 ақпаннан бері Жанәбілов пен Төлегенова үйқамақта отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар Instagram желісінде 15 миллионнан астам аудиториясын пайдаланып, 2025 жылы онлайн-курстарды сату түрінде схема ұйымдастырған. Олар акция аясында ең көп репост жасаған қатысушыға «11-ші автокөлікті» сыйға береміз деп уәде берген. Алайда жеңімпаз анықталмаған және көлік тапсырылмаған.
Бұған дейін, 2025 жылдың тамыз айында Туризм және спорт министрлігі Ерболат Жанәбіловке лотереяны оператор болып табылмайтын тұлға өткізгені үшін әкімшілік хаттама толтырған. Қыркүйекте іс сотқа жетіп, ведомство курсқа бақылау сатып алуы жүргізілгенін және оның практикалық құндылығы жоқ екенін мәлімдеген.
15 қыркүйекте сот әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар деп танып, тергеу органдарына жолдады. Қазан айында апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Прокуратура өкілі Олжас Хайруллаевтың айтуынша, заңнамада бұл баптар бойынша бірнеше баламалы жаза түрі қарастырылған. Оның сөзінше, сот айыппұл, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін.
Хайруллаев Қылмыстық кодекстің 218-бабының 2-бөлігі бойынша айыппұл көлемі 7 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетуі мүмкін екенін айтты.
Егер шамамен 560 мың теңге мөлшеріндегі есептен шығатын болсақ, 7 мың еселік айыппұл шамамен 1 миллиард теңгеге жуық соманы құрауы мүмкін, – деді Олжас Хайруллаев.
Сонымен қатар ол нақты қандай жаза қолданылатынын сот шешетінін атап өтті.
Теориялық тұрғыда айыппұл тағайындау мүмкін. Алайда түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Іс материалдары толық зерттелгеннен кейін, жарыссөз кезеңінде прокуратураның жаза тағайындауға қатысты ұстанымы белгілі болады, – деді ол.

