Жаңа жылдық отшашулар жануарларға қалай әсер етеді?
Жаңа жыл кешіндегі отшашу тарсылы мен жарылыстары мерекенің басты атрибуты болып саналады. Алайда бұл үй және жабайы жануарлар үшін орасан зор күйзеліске әкеледі. Ғалымдар отшашулардың тигізетін зиянын дәлелдейтін нақты айғақтар жинады.
Барлық жануарлар қатты дыбыстардан қорқады
Қатты дыбыстардан қорқу барлық жануарлардың эволюциялық тарихында терең орныққан. Қауіпті жағдайлардан қашу тірі қалу мүмкіндігін арттырады. Мысалы, найзағайдың қатты күркіреуінен тез жасырыну немесе құлап жатқан тастардың шуынан қашып үлгеру жануардың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Алайда отшашулардан тығылатын жер жоқ. Өкінішке қарай, ғалымдар фейерверктердің жануарларға нақты қалай әсер ететінін толық білмейді, өйткені ол үшін оларды дәл атылып жатқан сәтте бақылау қажет, ал бұл өте қиын. Дегенмен аз ғана зерттеулердің өзі алаңдаушылық тудырады.
Қорқынышты дене реакциясы арқылы анықтауға болады
2022 жылдың шілдесінде жарияланған австриялық және британдық ғалымдардың зерттеуі жаңа жылдық фейерверктердің жануарларға физикалық тұрғыдан қалай әсер ететінін алғашқылардың бірі болып көрсетті. Онда Австрияның ауылдық аймағындағы жаңа жылдық салютқа жауап ретінде жабайы сұр қаздардың физиологиялық реакциялары зерттелді. Зерттеушілер 20 сұр қазды жүрек соғысының орташа жиілігі мен дене температурасын тіркейтін таратқыштармен жабдықтады.
Шошу реакциялары жануарлардағы эмоционалдық қозуды көрсететін нақытап шықты. Жүрек соғысын өлшеу арқылы зерттеушілер жануарлардың тыныш немесе қорқып тұрғанын анықтай алады. Жүрек және тамыр соғысының жиілеуі мен дене температурасының көтерілуі стресстің сенімді белгілері. Ұзақ мерзімді қозғалыста үнемі жоғары эмоционалдық қозу жануарлардың жағдайының нашар екенін білдіреді.
Жаңа жылдық отшашу қаздарды мазасыздандырады
Зерттеуде жүрек соғысының жиілігі мен дене температурасының көрсеткіштері 31 желтоқсан мен 1 қаңтарда әр сағат сайын тіркеліп, желтоқсан мен қаңтар айларындағы орташа мәндермен салыстырылды. Жаңа жылдың алғашқы сағатында, яғни фейерверктердің шарықтау шегінде, қаздардың жүрек соғысы мен дене температурасы күрт артты.
Желтоқсан айындағы орташа көрсеткіштермен салыстырғанда, орташа сағаттық жүрек соғысының жиілігі 96%-ға минутына 63 соққыдан 124 соққыға дейін өсті. Ол 1 қаңтарға қараған түні сағат 2 мен 3 аралығында бастапқы деңгейіне қайта оралды. Орташа сағаттық дене температурасы 38 °C-тан 39 °C-қа дейін көтеріліп, таңғы сағат 5 шамасында төмендеді.
Фейерверктер аңдар мен құстарға үлкен зиян келтіреді
Зерттеу нәтижелері отшашулар құстарға әсерін көрсететін басқа да мысалдармен түсіндірді. Бір ғылыми жұмыс Нидерландта 2007-2010 жылдар аралығында жаңа жылдық отшашудан кейін мыңдаған құстардың 500 метр биіктікке көтеріліп, сол жерде 45 минут бойы ұшып жүргенін көрсетті. Бұл олардың күндізгі әдеттегі ұшу биіктігінен бірнеше есе жоғары.
2021 жылы Римде жаңа жылды тойлағаннан кейін жүздеген өлі қараторғай табылды. Қатты дыбыстар құстарда дүрбелең тудырып, олардың кедергілерге соғылуына немесе өз үйірінен бөлініп, адасып кетуіне себеп болды. Жаңа жыл түні ұзаққа созылған шудың салдарынан жабайы жануарлар созылмалы күйзеліске, көбею мәселелеріне тап болады, сондай-ақ көшу бағыттары да өзгертеді.
Үй жануарлары да қорқады
2019 жылы жүргізілген зерттеуде ит иелерінің 52%-ы өз жануарларының фейерверктерден қорқатынын және оған ентігу, дірілдеу, тығылуға немесе қашып кетуге тырысу арқылы жауап беретінін айтқан. Шуылға сезімталдық иттерде күшік кезінен қалыптасуы мүмкін, бірақ генетикалық табиғаты да болуы ықтимал. Кейбір тұқымдар бұған көбірек бейім. Ғылыми жұмыстар фейерверктерден мысықтар, жылқылар, қояндар және теңіз шошқалары да қорқатынын көрсеткен.
Мәселені шешуге болады
2021 жылы халықаралық Centre Parcs қонақүй компаниясының британдық бөлімшесінде жабайы табиғатты қорғау мақсатында фейерверктерді біржола тоқтату туралы шешім қабылданды. Оның орнына компания демалыс үйлерінің айналасындағы ормандарды жарықтандырып, оларды сиқырлы баққа айналдыра бастады. 2022 жылдың қаңтарында Англияның Херефордшир графтығының кеңесі тұрғындардың жануарлардың әл-ауқатына қатысты алаңдаушылығына жауап ретінде шулы отшашуларға тыйым салды.
Фейерверктердің балама нұсқалары пайда болды, мысалы лазерлік немесе дрон шоуы барған сайын кеңінен мойындалуда. Мұндай іс-шаралардың әлемдік нарығы 2027 жылға қарай 18%-ға өседі. Ал ғалымдар мен табиғат жанашылары болса, отшашулардың жануарларға әсері барған сайын айқын бола түскен сайын, осындай технологиялық шешімдер одан әрі танымал бола түсетін шығар деген ойда.

