31 желтоқсан күні кешкі уақытта Тараз қаласының 5-шағынауданында орналасқан тұрғын үй кешенінде ірі өрт болды, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы.
Куәгерлердің айтуынша, өрттің шығуына салюттің ұшқыны себеп болуы мүмкін. Жамбыл облысы ТЖД мәліметінше, өрт бесінші қабаттағы балконнан басталып, қысқа уақыт ішінде бес қабатты үйдің шатырына түгел тараған.
Өрт 22:18-де тіркеліп, құтқарушылар оны түнгі 00:13-те толық сөндірді. Жалын шамамен 900 шаршы метр аумақты шарпыған. Қауіпсіздік мақсатында 100 адам, оның ішінде 30 бала қауіпсіз жерге шығарылған. Тұрғындар үшін алдымен арнайы өрт сөндіру көлігінде, кейін жақын маңдағы мектепте уақытша жылыту пункті ұйымдастырылды. Зардап шеккендер жоқ, өрттің нақты себебі анықталып жатыр.
Өрт шыққан пәтердің тұрғыны Альбина оқиғаның жаңа жылға екі сағат қалғанда болғанын айтады. Оның сөзінше, балкондағы ағаш құрылымға сырттан ұшқын түсіп, сол жерде тұрған киімдер мен көрпеше тұтанып кеткен. Екі кішкентай баласы бар отбасы дер кезінде сыртқа шығып үлгергенімен, пәтер толықтай жанып кеткен көрінеді.
Қазіргі таңда отбасы туыстарының үйінде уақытша тұрып жатыр. Зардап шеккен тұрғындар жергілікті әкімдіктен уақытша баспана немесе қонақүй беру мәселесін қарастыруды сұрап отыр.

