Жаңа жыл цифрлық кеңістікке көшуде: ойын индустриясы мерекелік дәстүрді қалай қалыптастырады?
Жаңа жыл дәстүрлі түрде офлайн форматтағы мереке саналып келді: отбасылық дастарқан, теледидардан соғылған қоңырау үні, әдемі қорапқа салынған сыйлықтар. Бүгінде қазақстандықтардың басым бөлігі әлі де Жаңа жылды үйде, жақындарымен қарсы алады. Алайда мерекелік кештің мазмұны біртіндеп өзгеріп келеді. Тағы бірер жылда Жаңа жылды виртуалды әлемде тойлайтындар көбеюі мүмкін. Себебі геймдев саласы психология мен дизайн құралдарын пайдалана отырып, цифрлық мерекенің дәстүрлерін қалыптастыра бастады. Astrum Entertainment сарапшылары осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2025 жылғы каникул кезеңінде интернет-трафик күрт артса, мерекелік құттықтауларға арналған дауыс арқылы қоңыраулар саны азаяды. Бұрын бәрі бірге фильм көрсе, қазір әркім өз «цифрлық әлеміне» сүңгиді: жасөспірімдер – онлайн ойындар алаңында, ата-аналар – стримингтік сервистерде, ал әжелер – мессенджерлерде.
Отбасы бір шаңырақтың астында болғанымен, ортақ эмоциялық тәжірибе сырттан – цифрлық кеңістік арқылы қалыптасып жатыр. Бұл жерде жаңа «мерекелік архитекторлар» деп ойын әлемін жасаушы дизайнерлерді айтуға болады.
Ойын ішіндегі мереке – эмоция инженериясы
Қазіргі ойындардағы мерекелік ивенттер – бұл жай ғана безендіру емес, алдын ала есептелген психологиялық жүйе. Олар күту сезімі, қуаныш, дофаминдік циклдер мен әлеуметтік белсенділік арқылы қалыптасады.
Fortnite, Perfect World, World of Warcraft, Warface секілді ойындардың мысалында геймдевтің жаңа гибридті дәстүрлерді қалай жасап жатқанын және маркетинг пен шынайы цифрлық мәдениеттің ара-жігі қайда екенін байқауға болады.
Сенімнің жаңа валютасы: V-bucks неге күртешеден қымбат?
Жаңа жыл сыйлығы бұрын материалдық қамқорлықтың белгісі еді: ойыншық, жылы киім, гаджет. Бірақ цифрлық ортада өскен ұрпақ үшін сыйлықтың мәні өзгерді.
2025 жылы АҚШ-та мектеп жасындағы балалардың 43 пайызы мерекелік сыйлық ретінде ойын ішіндегі валютаны немесе цифрлық заттарды қалайтынын айтқан. Салыстыру үшін: жаңа консольді – 39%, ал нақты бір ойынды 37% бала таңдаған.
Бұл үрдіс ТМД елдерінде де байқалады. Электронды сыйлық сертификаттарына сұраныс артып келеді. Z буыны материалдық заттардан гөрі әсерге, мүмкіндікке және қолжетімділікке басымдық береді.
Fortnite-ттегі V-bucks неге соншалықты маңызды? Өйткені ол – жай ғана валюта емес, әлеуметтік капитал. Epic Games, Mihoyo сияқты компаниялар ойын әзірлеушіден гөрі цифрлық қауымдастықтардың сәулетшісіне айналды.
Эксклюзивті скин немесе сирек анимация – бұл мәртебе, талқылау тақырыбы, «өз адамыңды» айқындайтын белгі. Көп жасөспірім үшін мұндай цифрлық заттың эмоциялық салмағы физикалық сыйлықтан да ауыр.
«Цифрлық ғажайыптың» инженериясы
Егер виртуалды валюта жаңа құндылық өлшеміне айналса, ойын ішіндегі мерекелер – эмоция өндіретін жоғары технологиялы фабрикалар. Мұнда бәрі есептелген.
Күту психологиясы және «дофамин күнтізбесі»
Perfect World ойынында 2025 жылғы қысқы мереке бірнеше шағын ивентке бөлінген: «Аққалалар бағы», «Пингвиндердің думаны», «Тәттілер дүкені», «Сыйлықтың аспаннан түсуі».
Әрқайсысы 3-4 күнге созылады. Бұл ойыншыны үздіксіз «бірін бітірсең, келесісі басталады» деген циклге енгізеді. Бір кезеңді өткізіп алсаң – жай сыйлықтан емес, біртұтас мерекелік оқиғадан қағыласың.
Атмосфераны үш деңгейде қалыптастыру
- Визуал мен оқиға
Perfect World-та мереке жаңа кейіпкер – жолбарыс Динь-Динь арқылы өрбиді. Ол ойыншыларға «Жаңа жыл ғажайыптарының күнделігін» ұсынады. Мұндай шағын оқиғалар ойын әлемін тірі етіп көрсетеді.
- Дыбыс пен көңіл күй
Қысқы музыка, қар үстіндегі дыбыс, сыйлық ашу эффектілері – бәрі ойыншыны ерекше уақыттың келгеніне сендіреді.
- Геймплейдің өзгеруі
Ойын ережелері уақытша өзгереді: жауынгер – пингвинге, батыр – тәтті сатушыға айналады. Fortnite-те қар адамы қалқанға, мұзды граната жаңа тактикаға айналады.
Ортақ мереке сезімі қалай туады?
Геймдизайнерлер жеке ойыншыларды ортақ қауымдастыққа айналдыратын тетіктерді әдейі жасайды.
Perfect World-тағы «Тілек фестивалі» – соның бір мысалы. Белгілі бір уақытта ойыншылар безендірілген ағаштың қасына жиналып, медитация жасайды. Бұл – қоңырау соғылған сәттегі үнсіздік секілді цифрлық ритуал.
Warface пен World of Warcraft-та мерекелік кооперативтік миссиялар арқылы бірлескен «ерлік» сезімі қалыптасады.
Маркетинг пе, әлде дәстүр ме?
Мерекелік ивенттер – мықты маркетинг құралы. Бірақ олар қашан дәстүрге айналады?
Жауабы – қауымдастықтың өзінде. Егер ойыншылар мерекені күтіп, өткенін еске алып, қайта оралуын талап етсе – бұл дәстүр.
Алайда қауіп те бар: шектеулі уақыт, сирек сыйлықтар күйзеліс пен артық шығынға итермелеуі мүмкін. Мереке міндетке айналса, ғажайып сезімі жоғалады.
Сондықтан компаниялар цифрлық гигиенаға бет бұруда: шектеулер, ескертулер, ал ең бастысы – сыйлықтан гөрі ортақ сезімге негізделген ивенттер.
Цифрлық ғажайып маркетингтен асып, мәдени құбылысқа айналуы үшін ол адамның әлеуметтік тәжірибесін байытып, психологиялық саулығына зиян келтірмеуі керек. Сонда ғана ол гибридті дәуірдің нағыз дәстүріне айналады.

