Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы бақылауда болады - министр
Бұл туралы үкімет баспасөз орталығында өткен брифингте Үкімет басшысының орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет жағдайға мониторинг жүргізеді әрі әлеуметтік маңызы бар өнім түрлері бойынша экономикадағы бағаларды тежеуге бағытталған шаралар қабылдайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін қысқы және көктемгі маусымаралық кезеңге қарай жеткілікті көлемде қалыптасқан жаңа өнім қоры шығарылатын болады. Тұрақтандыру қорларының, сауда объектілерінің қоймаларында және ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 29 негізгі түрі бойынша 826 мың тоннадан астам азық-түлік сақталады. Бұл қорлар сақтау мерзімдерін ескере отырып үнемі толықтырылып отырады және еліміздің қажеттіліктерін бірнеше айға қамтамасыз ете алады, - деді министр.
Сондай-ақ жаңа жылдық мерекелер қарсаңында бағаның ықтимал өсуін тежеу үшін қосымша шаралар қабылдануда.
Өңірлерде тұрақты ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Қысқы кезеңде және маусымаралық кезеңде бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ақпан айының басында тұрақтандыру қорларынан көкөністерді босатуды бастау жоспарлануда, бұл нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге және баға ауытқуларының алдын алуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.