Жаңа жыл демалысында Бейжіңге 8,8 млн турист келген
Жаңа жыл мерекесіне орай өткен демалыс күндері Бейжіңге келген туристер саны 8,808 млн адам-ретті құрап, ел астанасына 10,97 млрд юань (шамамен 1,56 млрд АҚШ доллары) көлемінде табыс әкелді, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы.
Бұл туралы Бейжіңнің мәдениет және туризм істері басқармасы мәлімдеді. Биыл Қытайда жаңа жылдық демалыс 1-3 қаңтар аралығында өтті. Осы кезеңде Бейжіңде мәдениет пен туризмді қамтыған түрлі кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Орындаушылық өнер саласында мереке күндері 275 коммерциялық қойылым өтіп, оларды 200 мыңнан астам көрермен тамашалады. Кассалық түсім көлемі 76 млн юаньнан асқан.
Қалалық басқарма мереке қарсаңында 70-тен астам негізгі іс-шараны іріктеп, жаңа жылға арналған мәдени-туристік шаралар картасын жариялады. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарламаларды тиімді жоспарлауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, қысқы Бейжіңді таныстыруға бағытталған 30 тақырыптық туристік маршрут іске қосылды. Қаладағы мәдени орталықтар мен кітапханаларды қоса алғанда, түрлі деңгейдегі мәдени мекемелер 395 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізіп, оған 340 мыңнан астам адам қатысты.
Бейжіңнің коммерция басқармасының дерегінше, жаңа жыл демалысы кезінде қаланың ірі сауда нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ электронды сауда платформалары арқылы жүзеге асқан жалпы сатылым көлемі 4,04 млрд юаньды құрады.

