El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Жаңа заң: Қазақстанда кейбір көліктердің жүруіне тыйым салынады

31.07.2025 10:32
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан жолдарында жаңа кезең басталмақ. Енді рұқсат етілген салмақ нормасынан асатын ауыр салмақты самосвалдарға жалпы қолданыстағы жолдарда жүруге толық тыйым салынады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап
 
Бұл талап тек көлік иелеріне ғана емес, бүкіл логистикалық тізбектегі барлық қатысушыларға – жүк жөнелтушілер мен алушыларға да қатысты болады.
 
Көлік  министрлігінің мәліметінше, бүгінде самосвалдар елдегі жүк көліктерінің 35%-ын құрайды. Олардың салмағы, тіпті бос күйінде де 12 тоннадан асады. Нәтижесінде жол жамылғыларына түсетін жүктеме еселеп артып, жыл сайын орта есеппен 25 мыңға жуық жол бұзылу фактілері тіркеледі. Оның 60 пайыздан астамы – дәл осындай ауыр көліктердің салдарынан.
 
Осыған байланысты Үкімет 2023 жылы арнайы тыйым енгізіп, кәсіпкерлерге бейімделу үшін үш жылдық өтпелі кезең берген болатын. Енді бұл мерзім аяқталды, енді заң талаптарын сақтамағандарға қатаң шаралар қолданылады.
 
Енді не өзгереді?
 
2026 жылдан бастап: 12 тоннадан асатын бос самосвалдардың өзі жолға шыға алмайды;
•Жүк тиеушілер мен алушылар мұндай көліктермен жұмыс істеуге құқылы емес;
•Жүк тиеу алдында салмақты өлшеп, пломба қою, жүргізушіге жүктің нақты салмағын көрсететін сертификат беру – міндетті талапқа айналады;
•Құрылыс компаниялары, қоймалар, өндіріс орындары – бәрі жаңа ережені сақтауға тиіс.
 
Ережені бұзғандарға айыппұл салынып қана қоймай, заң жүзінде қатаң жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушылар осындай заңбұзушылыққа жылына екі рет жол берсе, олардың лицензиясы кері қайтарылып, келісімшарты бұзылады.
 
Бұдан былай тек көлік иелері емес, жүк жөнелтушілер, жүк алушылар, тасымалдаушылар, тіпті делдал компаниялар да бақылау мен жауапкершілікке тартылады. Бұл – жүйелі бақылау арқылы жол сапасын сақтау әрі көлік саласындағы заңсыз әрекеттерді азайту жолындағы нақты қадам.