Жаңалықтар

Жаңа заң әйелдердің қауіпсіздігі мен балалардың құқығын қорғайтын болады - сарапшы

Жаңа заң әйелдердің қауіпсіздігі мен балалардың құқығын қорғайтын болады - сарапшы
Фото: Коллаж El.kz 15.04.2024 16:15 1365

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Осы ретте Дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зүлфия Байсақова заң аясында аналар мен балаларға қандай көмек көрсетілетіні жөнінде айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Оның айтуынша, Қазақстанның 12 өңірінде 19 дағдарыс орталығы бар. Орталықтың негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.  

Біз бұл салада 25 жылдан бері қызмет етіп келеміз. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі» заңының құрылуына біз де қатысып, жұмыс тобында болдық. Енді заң аясында отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелге немесе балаға қол көтеріп, күш жұмсау әкімшілік істен қылмыстық іске көшірілді. Егер қылмыстық іс қозғалса, онда зорлық көрсетуші бас бостандығынан айырылады және оған айыппұл салынады. Осы тұрғыда зорлық көрсетушіге айыппұлға емес, оны сотталу мерзіміне басымдық берілгенін құп көреміз. Себебі, бұл отбасылық қаржыға да байланысты, - деді Зүлфия Байсақова.

Сонымен қатар, соттың шешімімен зорлық көрсетуші адамдар психологиялық коррекциядан өтуі мүмкін.

Заң аясындағы бұл тәжірибенің қалай іске асырылатынын бақылайтын боламыз. Дағдарыс орталықтарында отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге психологиялық көмек пен білікті заңгерлер кеңес береді, сондай-ақ орталықта қажетті барлық көмек көзі қарастырылады. Орталық соңғы 5 жылда осы мәселе аясында арнайы сараптама мен мониторинг жүргізеді. Біз үшін маңыздысы дағдарыс орталықтары ауыл тұрғындарымен де етене байланысып, оларға да көмек көрсете алуы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жәбірленушілері «150» нөміріне хабарласу арқылы бізден көмек сұрай алады. Біз қашанда мұқтаж жандарға көмекке асығамыз, - деді Дағдарыс орталықтары одағының басшысы.

Президент бүгін екі заңға қол қойды. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.

Ақорданың Telegram арнасы «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» заңының кейбір баптарын былайша түсіндіріп өтті: 

«денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;

неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;

отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;

тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;

өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;

16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;

кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;

білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;

16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды» делінген хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға