Жаңалықтар

Жаңа тұғырнама «AMANAT» партиясының жаңа саяси келбетінің бағыты – Ерлан Саиров

«AMANAT» партиясы бір ауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды
Жаңа тұғырнама «AMANAT» партиясының жаңа саяси келбетінің бағыты – Ерлан Саиров
Фото: aigak.kz 09.10.2022 11:34 2795

 

«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінде көптеген маңызды тақырыптар мен Президенттік сайлауға қатысты пікірлер айтылды. Сонымен қатар, саяси және қоғамдық ұйымдар Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияға біріккен болатын. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев пікір білдірді.

««AMANAT» партиясын халық шенеуніктердің партиясы деп айтып жатады. Бірақ, бұл стереотипті өзгерту үшін партия өзінің имиджін өзгертіп, жаңа бастамаларды қолға алуда. Партия қазіргі мәселелерді ғана емес, болашақта ауқымды дүниелерді ойлайтын пікірлестердің жиынтығы іспетті болуы керек. Сондықтан өзекті тұғырнамаларды іске асырудың маңыздылығына назар аударуда», - деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев.

Сонымен қатар, көптеген партия мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттікке ұсынып жатқанын айтты. Себебі, бүгінде обьективті түрде елдің қазіргі сұранысын ерекшелендіретін басқа кандидатты табу қиындығын атап өтті.

««AMANAT» партиясы бір ауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Себебі, соңғы үш жылда елімізде саяси реформалар жүрді, соның ішінде Конституциялық реформа өткізілді және ауқымды саяси өзгерістер болды. Қазіргі таңда ауылдық әкімдердің сайлауы болып жатыр, 2023 жылдан бастап аудандық әкімдердің сайлауы басталады. Сонымен бірге, Президент сайлауы өткеннен кейін Парламент сайлауы болады. Бұл біздің еліміздегі саяси трансформацияның алғышарты болып табылады. Сондықтан осы саяси трансформацияны қолдағандықтан «AMANAT» партиясының мүшелері Тоқаевты ұсынды», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінде жаңа тұғырнама қабылданды. Тұғырнаманың ең негізгі жолдарында ұлтымыздың рухани болмысы, ана тілімізді дамыту, тарихи ықпалдасу мәселелері және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жолдары қарастырылғанын атап өтті.

«Сонымен бірге, еліміздегі тарифтердің жоғарылап кетуі, бағаның шарықтауы, халықтың кедейлігі сияқты мәселелерді шешудің кешенді бағыттары анықталған. Сондықтан бұл тұғырнама «AMANAT» партиясының жаңа саяси келбетінің бағыты болып табылады», - деді Ерлан Саиров.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға