Жаңалықтар

«Жаңа тілдер үйренгім келеді». Ағылшын тілінде еркін сөйлеп танылған күзетші

«Жаңа тілдер үйренгім келеді». Ағылшын тілінде еркін сөйлеп танылған күзетші
Фото: ©El.kz коллажы 08.10.2024 15:52 515

Ағылшын тілінде еркін сөйлеп, көпшілікті тамсандырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күзетшісі Шер Ілиясов Қазнеттің жұлдызына айналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның шетелдік туристерге бұл кесененің ерекшеліктері туралы ағылшынша егжей-тегжей түсіндіріп жатқан видеосы желіде тез тарады. Дегенмен кейіпкердің өзі Tengrinews-ке берген сұхбатында ол өзін видеоға түсіріп тұрғанын байқамағанын айтты.

Келушілер кейбір жайттарға қатысты мәселелерді анықтап білгісі келеді, соларға жауап беріп тұрғанмын. Мұндай «танымалдылық» туралы ойлана бермеймін, себебі бұл бір күнгі жаңалық, ертең бәрі ұмытып кетеді, - деді Ілиясов.

Шер ағылшын тілін үйрену үшін қандай әдістер пайдаланатынын да алға тартты.

Тілді жетік меңгердім деп айта алмаймын. Әрі қарай да оқи беретінім анық. Әдетте субтитрсіз кино қараймын, кітап оқимын. Ол үшін алдымен тілдік қорың болуы қажет. Сонан соң ғана фильмді түпнұсқасында қарай беруге болады. Ал кітап оқу – менің сүйікті ісім, - деді ол.

Сөйте тұра кейіпкер ағылшын тілімен шектеліп қалмайтынын айтады. Енді ол испан тіліне қызығып жүр екен.

Адам көп шоғырланатын жерлерді ұната бермеймін. Өзіммен өзім болғанды құп көремін. Өз-өзімді дамытып, жаңа тілдер үйренгім келеді, - деп қосты Шер Ілиясов.

Шер жұбайы екеуі екі бала өсіріп отырғанын да айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға