Жаңа Салық кодексі нені өзгертті: депутаттар не дейді, сарапшы неге алаңдайды
2026 жылдан бастап Қазақстанда күшіне енген жаңа салық кодексі кәсіпкерлер арасында қызу талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында кодекстің мәнін түсіндіріп, салық төлеуді тек бақылау емес, өзара серіктестік қағидаты ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Осы ретте салық сарапшысы мен депутаттар кодекстің кәсіпкерлікке әсері мен оң жақтарын саралап, өз пікірімен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексі бойынша ел ішінде туындаған дүрбелеңді түсіндірудің маңызды екенін айтты. Президенттің сөзінше, салық реформасы – «қатардағы фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру, ал басты мақсат – экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету.
Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев салық төлеу мәдениетінің қалыптасуы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қоғамдағы әділдікке қызмет ететінін атап өтті.
Депутаттар не дейді?
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев салық жүктемесінің артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, алайда оның нақты әсері тек уақыт өте белгілі болады деп есептейді.
Депутаттың айтуынша, салық ауыртпалығының күшеюі туралы болжамдар бар, бірақ оны біржақты тұжырымдауға әлі ерте.
Жаңа салық кодексінің нақты салдарын алғашқы алты ай көрсетеді. Сол кезеңнің нәтижесі бойынша толық талдау жасап, қажет болса қайта қарау мәселесін көтеру керек, – дейді ол.
Баққожаев кәсіпкерлікке түсетін салық жүктемесінің белгілі бір деңгейде өсуін түсіністікпен қабылдауға болатынын айтады. Оның пікірінше, қазіргі таңда кәсіпкерліктің жалпы жағдайы жаман емес, ал егер салық түсімдерінің артуы ел бюджетінің нығаюына ықпал етсе, мұның да оң жағы бар.
Анас Баққожаев жаңа салық кодексі белгілі бір деңгейде жүктемені арттыруы мүмкін екенін мойындай отырып, оның тиімділігі мен салдарын асығыс бағаламауға шақырады.
Ал мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, жаңа режим 800-ге жуық қызмет түріне қолжетімді, айналым шегі 2,5 млрд теңгеге дейін. Сонымен қатар депутат кредиттік серіктестіктер мен өздерін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа режимнің ыңғайлы екенін айтады.
Жаңа кодекс өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін адамдарға тиімді, – деді депутат.
Сондай-ақ мәжілісмен қаңтардан бастап ҚҚС 12 пайыздан 16 пайызға өскенін жеткізді.
Оқи отырыңыздар:
Депутат Қазақстанда қытай автокөліктеріне талаптарды күшейту туралы дабыл қақты
Оқу жылының ортасында жүйе ауыса ма? Алматы мектептеріндегі Kundelik дауы
Бұрынғы кодекстен айырмашылығы қандай?
Салық сарапшысы Жанна Ибраева жаңа кодекс бұрынғыдан түбегейлі өзгеше екенін, бірақ бұл өзгешеліктің көбінесе салықтық бақылауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Жаңа салық кодексінің бұрынғы кодекстен негізгі айырмашылықтары:
- салықтық режимдер саны азайды;
- салық мөлшері өсті;
- шекті айналымдар төмендетілді;
- арнаулы салық режимі мен жалпыға бірдей салық режимі бір-бірімен жұмыс істей алғанымен, ЖБСР, АСР-дан алған шығындарын есепке ала алмайды.
Алаңдауға негіз бар ма?
Жаңа салық кодексі кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында алаңдаушылық тудырып отыр.
Сарапшы аталған өзгерістерді кәсіпкерлікке қолдау деп айту қиын екенін айтады. Керісінше, олар салықтық бақылауды күшейтуге және бюджет кірісін арттыруға бағытталған деп отыр.
Мұны премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің өзі де ашық айтты. Бюджетте қаражат жеткіліксіз, сондықтан жаңа салық кодексі арқылы салық базасын кеңейту көзделіп отыр. Яғни, негізгі мақсат – бизнесті ынталандыру емес, мемлекеттің қаржылық тапшылығын жабу және салық түсімдерін көбейту, – дейді Жанна Ибраева.
Салық жүктемесі артады
Сарапшының айтуынша, ШОБ үшін салық жүктемесі жеңілдемейді, керісінше айқын өседі. Мысалы, бұрын кәсіпкер арнаулы салық режимінде жұмыс істеп, айналымнан 3% ғана салық төлеген болса, жаңа талаптарға байланысты енді ол тұтынушыларын жоғалтпау үшін жалпыға бірдей салық режиміне өтуге мәжбүр болатынын жеткізді.
Алайда шығыстарды шегерімге ала алмайды, нәтижесінде кәсіпкер 20% корпоративтік табыс салығы және үстіне 16% қосылған құн салығын төлейді. Жалпы алғанда 36% салық жүктемесін көтереді. Бұл бұрынғы 3%-бен салыстырғанда ШОБ үшін салықтық қысымның бірнеше есе артқанын көрсетеді, – деді ол.
Кәсіпкерлердің пікірлері ескерілді ме?
Салық сарапшысы Жанна Ибраеваның айтуынша жаңа кодексті әзірлеу барысында кәсіпкерлердің ұсыныстары іс жүзінде ескерілмеген.
Формалды түрде талқылаулар өткізілгенімен, олар шынайы диалогқа айналмады. Кәсіпкерлер мен салалық қауымдастықтардың пікірлері тыңдалғандай көрінгенімен, нақты нормаларға ықпал еткен жоқ. Ұсыныстар жүйелі түрде талданып, негізделген жауап берілген жоқ, ал негізгі шешімдер алдын ала қабылданып қойғандай әсер қалдырды, – дейді сарапшы.
Жанна Ибраеваның пікірінше, кәсіпкерлердің мүддесін білдіретін құрылымдардың өзіне, соның ішінде Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының тарапынан өкілдік еткен Сәкен Каринге де сөз шектеулі түрде берілгенін атап өтті.
Бір сөзбен айтқанда бизнес өкілдері пікір айту үшін емес, тек «тыңдалды» деген белгі қою үшін ғана шақырылғандай болды. Көптеген ескертулер хаттамаға енгізілгенімен, соңғы нұсқада олар көрініс таппады. Нәтижесінде жаңа салық кодексі кәсіпкерлік ортаның нақты жағдайын, ШОБ-тың мүмкіндіктері мен тәуекелдерін ескермей, фискалдық мақсаттарға басымдық бере отырып әзірленді, – деді салық сарапшысы.
Бұл кодекс бизнесті қолдауға емес, бюджетті толтыру мен бақылауды күшейтуге бағытталған құжат ретінде қабылданып отырғанын жеткізді.
Қандай жаңа талаптар енгізілді?
Жаңа Салық кодексі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке кәсіп ашпай-ақ айына 1,3 млн теңгеге дейін тек рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі аясында жұмыс істей алатынын тілге тиек етті.
Бұл формалды түрде жеңілдік сияқты көрінеді, алайда іс жүзінде ең үлкен мәселе арнайы шот төңірегіндегі тұрақсыз талаптар. Осы бағытта бірнеше рет өзгеріс болды:
- бірде арнайы шот міндетті делінді,
- кейін міндетті емес деп жарияланды,
- одан кейін қайтадан ашу керек деген талап қойылды.
Яғни, бұл мәселе бойынша үш рет позиция өзгерді, ал нақты әрі тұрақты ереже әлі күнге дейін қалыптаспаған, – деді Ибраева.
Салық сарапшысының сөзінше, кәсіпкерлер де, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да не істеу керегін нақты түсінбей отыр.
Сондай-ақ жаңа салық кодексінде қосымша міндетті төлемдер пайда болған. Соның бірі – «сән-салтанат салығы». Егер жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкінің құны 400 млн теңгеден асса, мұндай мүлікке жоғарылатылған жеке табыс салығы қолданылады.
Сонымен қатар жаңа салық кодексінде жеке тұлғалардың табысына қатысты прогрессивті жеке табыс салығы енгізілді. Егер физикалық тұлғаның жылдық табысы 8 500-ден (белгіленген шектен жоғары) асса, осы асқан бөлігіне 15% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады, – деді.
Осылайша сарапшының сөзін ескерсек, жаңа кодекс тек бизнеске ғана емес, жеке тұлғалардың жоғары табыстарына да қосымша салықтық жүктеме болып отыр.
Тұрақты салық саясаты сақтала ма?
Сарапшының айтуынша, алдағы 3-5 жылда бизнес үшін тұрақты салық саясаты сақталады деп айту қиын.
Керісінше салық саясаты қайта-қайта өзгеруі мүмкін. Өйткені жаңа салық кодексінің салдарынан көптеген шағын және орта бизнес субъектілері жабылады немесе қызметін басқа елдерге көшіреді. Қазірдің өзінде кәсіпкерлер Өзбекстан мен Қырғызстанға кетуді қарастырып жатыр, өйткені бұл елдерде салық жүктемесі шамамен 1%-ға айтарлықтай төмен. Бизнестің жаппай жабылуы мен капиталдың сыртқа кетуі нәтижесінде мемлекет бюджет түсімін жоғалтады, – дейді Жанна Ибраева.
Ал бюджет мүлде бос қалмас үшін белгілі бір уақыт өткен соң билік салық кодексіне қайта өзгерістер енгізуге мәжбүр болады. Яғни, бүгін қатаңдатылған нормалар ертең қайта жұмсартылуы әбден мүмкін.
Сондықтан алдағы жылдары бизнес үшін ұзақ мерзімді тұрақтылық емес, керісінше, түзетулер мен қайта қараулар кезеңі күтіледі. Бұл кәсіпкерлер үшін жоспарлау мен инвестиция салуды одан әрі қиындатады.
Салық жүйесіндегі өзгерістердің нақты әсері мен тиімділігін бағалау үшін алғашқы жарты жылдың нәтижелері негізінде жан-жақты талдау қажет. Сол кезеңнен кейін ғана кодекс қажетті түзетулерге немесе қайта қарауға ұсыныс жасай алады. Қазіргі жағдайда жаңа салық кодексі бизнесті қолдаудан гөрі бюджетті толықтыру мен бақылауды күшейтуге бағытталған құжат ретінде қабылданып отыр.

