Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес– Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Сондай-ақ мемлекет басшысы жаңа Конституция жайында сөз қозғады.
Конституциялық комиссия және ашық талқылау
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өтпелі кезеңге аяқ басқанын, ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгеріс жүзеге асып жатқанын,
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстарын атап өткенін айтты.
Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілгенін, содан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түскенін атап өтті.
Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі, – деді ол.
Жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныс
Президент осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өткенін, комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келгенін жеткізді.
Ата заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасады.
Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын.
Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды екенін айтты. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылатынын мәлімдеді.
Басқару моделінің жаңа қағидаттары
Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы. Соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді,– деді ол.
Адам құқығы – басты назарда
Президент жаңа жобада адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түскенін айтты.
2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз. «Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз және аумақтық тұтастығымыз мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар, – деді Президент.
Тарихи сабақтастық және жаңа кезең
Сондай-ақ Ата заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түсетінін, бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылатынын баяндады.Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз барын айтты. Онда конституциялық құрылысқа қатысты әлемдегі үздік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалғанын мәлімдеді.
Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Кейінгі 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы. Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды, – деді президент.
Референдум – шешуші қадам
Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгергені, болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналғанын атап өтті. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатқанын, кейінгі жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткергенін мәлімдеді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмайтынын нұсқады.
Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту. Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ, – деді президент.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашатынына сенім білдірді. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын мәлімдеді.

