Жаңа Конституцияда білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлінген
15 наурыз күні қазақстандықтар референдум арқылы жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасайды. Бұл шешім елдің болашақ даму бағытына тікелей әсер етпек. Егер құжат қолдау тапса, Ата заңның маңызды нормалары жаңарып, мемлекеттік саясаттың басымдықтары қайта айқындалады. Соның ішінде білім, ғылым және инновация мәселесіне ерекше мән берілген.
Жаңа Конституция білім мен ғылымға мемлекеттік кепілдікті күшейтеді – Асхат Аймағамбетов
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Конституцияда білім мен ғылымға берілетін басымдық қарапайым қазақстандықтардың өміріне тікелей әсер ететінін айтты. Бұл туралы ол Астанада өтіп жатқан жаңа Конституция жобасына арналған «Референдум-2026» онлайн-марафоны барысында мәлімдеген еді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі Конституцияда қарастырылған азаматтардың мектепте тегін білім алу және конкурстық негізде жоғары білімді ақысыз алу құқықтары жаңа Конституция жобасында да толық сақталады. Яғни мемлекет өз міндеттемелерінен бас тартпайды.
Қазіргі Конституциядағы азаматтардың мектепте ақысыз білім алу, конкурстық негізде ақысыз жоғары білім алу құқықтары жаңа Конституцияда да сақталады. Мемлекеттің бұл тұрғыдағы міндеттемелері қысқармайды. Сонымен қатар преамбулада алғаш рет ғылым, білім және инновация туралы айтылған. Мемлекет дамуының басты қағидаттарының ішінде білім мен ғылым, инновация ерекше орын алады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пікірінше, жаңа конституцияда білім мен ғылым саласын қаржыландыруға қатысты саясат та нақтырақ айқындалады.
Мысалы, Қаржы министрлігі немесе басқа да уәкілетті органдар ғылым мен білімге бөлінетін қаржыны қысқартайық, мұғалімдердің айлығын азайтайық деп енді айта алмайды. Өйткені бұл тек заңға немесе қандай да бір бағдарламаға қарсы шығу емес, Конституцияға қарсы шығу болып саналады. Себебі бұл мәселелер Негізгі заңда мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде бекітіледі, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай конституциялық нормалар қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл, ең алдымен, балалардың балабақшаға баруы, мектепте білім алуы және жастардың жоғары білім алу мүмкіндігі үшін маңызды кепілдік болмақ.
Бұл қарапайым азаматтардың баласын балабақшаға беру, мектепте оқыту құқықтарына нақты кепілдік береді. Ал жоғары білім алып, ғылыммен айналысқысы келетін азаматтар үшін де бұл үлкен мүмкіндік пен сенім, – деді ол.
Преамбулада білім мен ғылым құндылықтары болуы керек –Үнзила Шапақ
Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ конституциялық реформа комиссиясының үшінші отырысында Ата Заңның преамбуласына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, конституцияның «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы» деп басталуы – ұлттық келісімнің айқын көрінісі.
Депутат бұл тұжырым жекелеген әлеуметтік топтарды немесе өңірлерді емес, бүкіл халықты тең құқықтар мен ортақ жауапкершілік негізінде біріктіретін маңызды қағида екенін атап өтті.
Конституцияның «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы» деп басталуы – ұлттық келісім формасы. Бұл – жекелеген топтар мен өңірлерді емес, бүкіл халықты тең құқықтар мен ортақ жауапкершілік арқылы біріктіруге бағытталған өте ұтымды пайым, – деді Үнзила Шапақ.
Оның айтуынша, Конституция преамбуласында мәдениет пен білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін атап өту Негізгі заңның тек құқықтық емес, сонымен бірге стратегиялық бағдар беретін құжат екенін көрсетеді.
Преамбула мәтінінде мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға алу Конституцияның саяси-құқықтық әрі бағдарламалық құжат екенін дәйектей түседі. Яғни Конституция тек заңдар жүйесін реттейтін құжат қана емес, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа бағыт беретін негізгі бағдар болуы тиіс, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, білім мен ғылым адам әлеуетін дамытуға ықпал етсе, инновация елдің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Ал мәдениет пен ұлттық рух қоғамды біріктіретін маңызды фактор болып қала береді.
Үнзила Шапақ бұл құндылықтарды Конституция мәтініне енгізу Қазақстанды тек құқықтық мемлекет ретінде ғана емес, өркениетті ел ретінде танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қағидаттар Конституциялық реформаның мазмұнын толық ашып, ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарын айқындай түседі.
Жаңа Заң білім мен ғылым саласына жаңа мүмкіндік ашады – Ербол Исақаев
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы Ербол Исақаев жаңа Негізгі Заң жобасын XXI ғасырдағы ұлт дамуының стратегиялық картасы деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл құжат білім, ғылым және инновация салалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, сонымен қатар жоғары жауапкершілік жүктейді.
Біз университет қауымдастығы ретінде бұл құжаттан мемлекеттің болашағын айқындайтын басты салалардың бірі – білім мен ғылымның жаңа деңгейге көтерілетінін көріп отырмыз. Бұл – жай ғана декларация емес, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын нақты құқықтық ұстаным, – дейді Ербол Исақаев.
Жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктерінің бірі – білім, ғылым және инновация ұғымдарының алғаш рет кіріспе бөлігінде тікелей бекітілуі. Кіріспе кез келген мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды бөлім саналады. Сондықтан бұл құндылықтардың дәл осы деңгейде көрсетілуі кездейсоқ емес. Сонымен қатар, конституциялық негіздерде де бұл бағыт нақты белгіленіп, мемлекеттің стратегиялық қызметінің маңызды саласы ретінде танылып отыр. Бұл енді заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің барлық тармақтары өз саясатында білім мен ғылымды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы тиіс дегенді білдіреді.
Конституция жобасында сапалы әрі қолжетімді білім алу мәселесіне де ерекше мән берілген. Әлеуметтік кепілдіктерге қатысты баптарда орта білімнің міндетті әрі тегін болуы сақталып қана қоймай, жоғары білім алу мүмкіндіктері де нақты айқындалған. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында тегін білім алу конкурстық негізде жүргізілетіні – дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды тетік.
Ербол Исақаевтың айтуынша, бұл қағидат жастар үшін тең мүмкіндік қалыптастырады.
Конституция жобасы білім алудың әділ әрі қолжетімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға жағдай жасау – елдің болашағына инвестиция салумен тең, – дейді ол.
Сонымен қатар құжатта мемлекеттік білім беру стандарттарының маңызы ерекше атап өтіледі. Бұл талап Қазақстан аумағында білім беру кеңістігінің біртұтастығын сақтап, сапаның тұрақты деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты да конституциялық деңгейде бекітіліп отыр. Мұндай қағидат ғылыми зерттеулер мен оқыту процесінің еркін әрі бейтарап ортада дамуына жағдай жасайды.
Конституция жобасында ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігіне де ерекше назар аударылған. Ғылым мен технологияның дамуы үшін бұл – аса маңызды қағида. Ғалымдардың батыл идеялары, жаңа технологиялар мен инновациялық жобалар дәл осындай еркін ортада ғана қалыптасатыны белгілі.
Ғылыми шығармашылық еркіндігі – кез келген технологиялық серпілістің негізі. Ал зияткерлік меншікті қорғау ғалымдардың еңбегін нақты экономикалық нәтижеге айналдыруға мүмкіндік береді, – дейді университет басшысы.
Бұл норма университеттердің рөлін де жаңа деңгейге шығарады. Білім ордасы енді тек маман даярлайтын мекеме ғана емес, жаңа технологиялар мен ғылыми идеялардың орталығына айналуы тиіс. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, стартап жобаларын дамыту, инновациялық кәсіпорындар құру – жаңа конституциялық нормалардың нақты нәтижесі болуы мүмкін.
Құжатта ерекше назар аударылған тағы бір бағыт – экологиялық мәдениет. Конституция жобасында табиғатқа ұқыпты қарау ел дамуының негізгі қағидаттарының бірі ретінде қарастырылған. Бұл экология мәселесінің мемлекеттік саясаттағы орнын айтарлықтай күшейтеді.
Ербол Исақаев бұл өзгерісті жаңа көзқарастың белгісі деп санайды.
Экология енді қосалқы мәселе ретінде қарастырылмайды. Ол өмір сапасымен, экономикалық дамуымен және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен тікелей байланысты стратегиялық бағытқа айналып отыр, – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл тұжырымдама орнықты даму философиясын қалыптастырады. Яғни технологиялық прогресс, ғылым және білім табиғатты қорғау мен ресурстарды тиімді пайдалану қағидаттарымен қатар дамуы тиіс.
Жаңа Конституция жобасының тағы бір маңызды бағыты – адам және оның қадір-қасиеті. Негізгі заңның басты қағидаттарының бірі ретінде адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ерекше мәнге ие. Бұл қағида құжаттың барлық бөлігінде көрініс табады.
Адамның қадір-қасиетін қорғау, ақпаратқа қолжетімділік, шығармашылық еркіндік – мұның барлығы азаматтың интеллектуалдық және ғылыми әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Ал білімді, сыни ойлай алатын, жауапты азамат – ел дамуының басты құндылығы, – дейді Ербол Исақаев.
Университет қауымдастығы үшін бұл қағидаттар ерекше маңызға ие. Себебі жоғары оқу орындары дәл осындай тұлғаны қалыптастыратын негізгі орта саналады.
Аталған университет жаңа Конституцияның рухы мен мазмұнына сай дамуды көздеп отыр. Университет басшылығы білім, технология және инновациялар саласында өңірлік хаб қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.
Бұл үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтіп, өңір экономикасының нақты секторына бағытталған қолданбалы жобаларға басымдық беру жоспарланған. Сонымен қатар инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу, үздіксіз білім алу жүйесін дамыту және өндіріс орындарымен әріптестікті кеңейту де маңызды бағыттардың қатарында.
Біздің міндет – студенттерді тек кәсіби маман ретінде ғана емес, азаматтық жауапкершілігі жоғары, білім мен жасампаздыққа негізделген патриоттық көзқарасы бар тұлға ретінде тәрбиелеу. Бұл – жаңа Конституция ұсынатын құндылықтармен толық үндес мақсат, – дейді Ербол Исақаев.
Оның пікірінше, жаңа Негізгі заң жобасы – халықтың біліміне, ақыл-ойына және жасампаз энергиясына көрсетілген үлкен сенімнің көрінісі.
Бұл тарихи кезеңде әрқайсымыздың пікіріміз маңызды. Сондықтан университеттің барлық оқытушыларын, ғалымдарын, қызметкерлері мен студенттерін Конституция жобасын мұқият зерделеп, қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырамын, – дейді университет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Конституция мәтінінің 84 пайызы жаңарып, 77 бап қайта жазылатыны туралы айтқан едік.

