Жаңа Конституция ғылымның рөлін күшейтеді – сарапшылар
Елімізде жаңа Конституция жобасы қабылданса, ғылым мен білім мемлекеттің басты стратегиялық тірегіне айналмақ. Бұл мәселе Астанада «Ғылыми-технологиялық егемендік – мемлекет дамуының конституциялық басымдығы» тақырыбында өткен «SARAP» сарапшылар клубының отырысында талқыланды.
Іс-шараны Қазақстандық қоғамдық даму институты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Басқосу жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдум қарсаңында мемлекеттің дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтудағы ғылыми-технологиялық егемендіктің рөліне арналды. Жиынға ғылыми қауымдастық, зерттеу ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар және жас ғалымдар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Оқи отырыңыз:
- Аягөздік оқушылар археологтардың жұмысын жеңілдететін робот жасады
- 2026 жылы Netflix-те жарық көретін ең үздік 10 дорама
- Цифрлы ораза ұстайсыз ба?
Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым бүгінгі отырыстың негізгі мақсаты алдағы жалпыхалықтық референдум қарсаңында ғылым мен білімнің болашағына қатысты өзекті мәселелерді саралау екенін айтты. Оның сөзінше, «SARAP» сарапшылық алаңы 2021 жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түрлі іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Осы уақыт аралығында 65 отырыс ұйымдастырылып, 2500-ден астам адам қатысқан. Ал бүгінгі жиын – биылғы төртінші кездесу.
Референдумға ұсынылған Конституция жобасында мәдениет, білім, ғылым және инновацияға басымдық беру нақты айқындалған. Сонымен қатар интеллектуалдық меншік құқығын қорғауға қатысты нормалар енгізілді. Сондықтан біз Конституция бұл салаға қандай жаңа мүмкіндіктер ашады және қордаланған мәселелерді шешуге қандай бағдар береді деген сұрақтарды басты назарға алдық, – деді Риззат Тасым.
Оның сөзінше, биыл ғылым туралы жаңа заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр. Осы алаңда айтылған ұсыныстар сол құжатты жетілдіруге негіз болмақ.
Зерттеу орталығының басшысы әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, қоғам ғылымның маңызын мойындағанымен, ғылыми танымға қызығушылық әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған.
Бүгінде ғалымдар көбіне өз ортасында шоғырланып қалған, ал олардың көтеріп жүрген мәселелері кең қоғамға жете бермейді. Бұл ғылымға қоғам тарапынан сұраныс бар екенін және ғалымдардың медиа кеңістікке бейімделуі қажет екенін көрсетеді, – деді ол.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының Жас ғалымдар клубының төрағасы Эльмира Отар ғылыми-технологиялық егемендік ұғымы жаңа Конституция жобасында адами капиталдың маңызын нақты айқындайтын негізгі бағыттардың бірі ретінде бекітіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжаттың өзінде ғылым, білім және инновация алғаш рет мемлекеттің стратегиялық дамуының өзегіне айналып отыр.
Преамбулада ғылым мен білім, инновация жаңа стратегиялық бағыт ретінде көрсетілуі – мемлекеттің болашағы осы салаларда жұмыс істейтін адамдардың әлеуетімен анықталатынын білдіреді. Ғылыми-технологиялық егемендік дегеніміз тек даму емес, ол – зияткерлік құқықты қорғау, қауіпсіздік, этикалық жауапкершілік және ғылыми шығармашылық еркіндіктің қамтамасыз етілуі, – дейді Эльмира Отар.
Оның сөзінше, бұл нормалар ғылым саласын мемлекеттік деңгейдегі басым бағытқа айналдырады. Яғни педагогика, жоғары білім, зерттеу, шығармашылық бағыттағы мамандардың мәселелері енді жүйелі түрде мемлекет назарында болады.
Кез келген елдің әлеуеті адами капиталмен өлшенеді. Конституциялық деңгейде бекітілуі қазақстандықтардың ғылымда, білімде, шығармашылықта еркін дамуына кепіл береді. Бұл тек бір сала емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық мүмкіндігін қорғау деген сөз, – деп атап өтті клуб төрағасы.
Эльмира Отардың пікірінше, жаңа нормалар ғалымдардың жұмыс істеу тетіктерін де жеңілдетеді. Әсіресе қаржыландырудың ашықтығы мен қолжетімділігі артып, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға еркіндік беріледі.
Бұл ғылыми-техникалық прогресті ғана емес, әлеуметтік-гуманитарлық салалардың дамуын да күшейтеді. Өйткені қоғам санасы мен әлеуметтік-экономикалық процестерді зерттейтін бағыттар да стратегиялық мәнге ие. Яғни кез келген мемлекеттік шешім ғылым, білім және дерекке сүйеніп қабылдануы тиіс, – деді Эльмира Отар.
Оның айтуынша, «стратегиялық бағыт» деген ұғым нақты өзгерістерді білдіреді. Мемлекеттік саясаттың барлық шешімдері ғылыми сараптама мен деректерге негізделіп қабылданады. Бұл – ғылым мен инновацияны ел дамуының басты тетігі ретінде бекітуге бағытталып отыр.
Сондай-ақ жиын барысында Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов, Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Светлана Кожирова және «Young Researchers Alliance» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әсия Ермұхамбетова сөз сөйледі. Сарапшылар ғылымды жүйелі дамыту, институционалдық тетіктерді күшейту және стратегиялық бастамаларды іске асыруға жастардың қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.
Отырыстың соңында қатысушылар ғылыми-технологиялық саясат бағытындағы бастамаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екендерін жеткізіп, пікір алмасты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланғаны жайлы жазған едік.

