Жаңалықтар

Жаңа көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау қажет

Жаңа көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау қажет
Фото: Коллаж El.kz 29.11.2023 11:48 6472

Егер несие алмай, темір тұлпарды қолма-қол ақшаға сатып аламын десеңіз, онда еліміздегі орташа айлықпен кейбір көліктерге қол жеткізу үшін 240 жыл қажет болады екен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда автокөлік – көп қаражатты талап ететін дүние. Бүгінгідей баға ұшып тұрған заманда темір тұлпарды кез келген қазақстандық сатып ала алмайды. Бұған дейін берілген жеңілдетілген несие де тоқтап қалды. Оның әрі қарайғы тағдыры белгісіз.

Бірақ одан көлік алғысы келетіндер саны азайған жоқ. Сондықтан біз бүгін автокөлік сатып алу немесе оны банктің қазіргі шарттарымен несиеге алу үшін қанша қаражат және қанша жыл қажет екенін санап көрдік.

Жаңа көлік бағасы

Lada Granta

Жаңа көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау қажет
lada.ru

Алдымен қазақстандық автосалондардағы бюджеттік бағадағы көлікті алайық. Айталық, жаңа Lada Granta көлігі, оның салондағы бағасы шамамен 6 млн теңге тұрады. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде үшінші тоқсандағы орташа жалақы 350 542 теңге болды. Дегенмен ересек адам бұл табыстың бір бөлігін ғана жинай алады – ол айына шамамен 10-15 пайыз.

Бұл жағдайда табыстың 15 пайызы 52 мың теңгеге тең. Яғни жылына 624 000 теңге жинайсыз деген сөз (15%-тік депозитке салсаңыз – 674 700 теңге). Онда сізге шамамен 9 жарым жыл жинау қажет. Тіпті айына 100 мың теңгеден жинағанның өзінде 5 жылдай уақыт керек. Мұның өзі аз уақыт емес.

Chery Tiggo

Жаңа көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау қажет
chery.kz

Соңғы уақытта елімізде Қытайда өндірілетін көліктер саны көбейді. Сырт келбеті тартымды, салыстырмалы түрде бағасы қолжетімді көрінуі мүмкін. Сол қытайлық көліктердің арасында Chery Tiggo маркасына сұраныс жоғары екен. Мұндай көліктердің бағасы 8 млн теңгеден бастап 16 млн теңгеге дейін жалғасады. Біз орта есеппен 12 млн теңге деп алдық.

Яғни орташа жалақының 15 процентін жинай отырып, аталған көлікті қолма-қол ақшаға сатып алу үшін 20 жылдай қажет.

Zeekr

Жаңа көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау қажет
zeekr-astana.kz

Қазақстанда қазіргі таңда тағы бір танымал әрі деңгейі жоғары көлік – Zeekr. Қытайлық маркалы көліктердің моделіне, жайлылығына қарай бағасы да әртүрлі.

Біз жұрт көп сұрайтын Zeekr 001 көлігінің орташа бағасын есептедік – шамамен 25 млн теңге. Бұл көлік маркасын қолма-қол сатып алу үшін айына 52 мың теңгені шотқа сала отырып 40 жылдай ақша жинауға тура келеді.

«Гелендваген»

Жаңа көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау қажет
kolesa.kz

Көпшіліктің арманы – Mercedes-Benz G-Class маркалы «Гелендваген» көлігіне тоқталайық. Онда 585 аттың күші бар. Небәрі 4,5 секундта 100 км/сағ дейін үдете алады.

Mercedes-Benz G 63 AMG соңғы үлгідегі бұл көліктердің құны 150 млн теңгеден кем тұрмайды. Біздің елдегі орташа айлықтың 15 пайызын шотқа аудара отырып мұндай көлікке тек 240 жылда қаражат жиналады екен.

Автонесиелеу

Айлығы шайлығына жетпей отырған қазақстандықтар үшін көлікті қолма-қол ақшаға сатып алу қол жетпес арманға айналды. Сондықтан көпшілік, банктің жоғары пайыз мөлшеріне де қарамастан, темір тұлпарды несиеге алуға мәжбүр. Оның өзінде алғашқы жарнасын құюға қаражат тағы керек – бұл кей банктерде 5-тен 35 пайызға дейін. Айталық, банкте алғашқы жарна мөлшері 10 пайызды құраса, онда 6 млн теңгелік көлікті алу үшін 600 мың теңге қажет. Соның өзін айына 52 мың теңгеден бір жыл жинайсыз. Ал 15 пайыздық депозитке салсаңыз, онда мерзім сәл азаяды – 11 ай.

Егер банк алғашқы жарнаны талап етпесе, бұл көлік құны арзандау түседі деген сөз емес, есіңізде болсын, ешбір банк өз есесін жібермейді – ол тек сол қаражатты ай сайынғы төлемге қосып береді. Одан қалды мемлекеттік баж, көлік нөмірі секілді аз-маз шығынды да ескеріңіз.

PS. Су жаңа көлік мінуге деген құлшынысыңыз қашып кетпеді деген ойдамыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға