Коллаж El.kz

Жаңа буынның қажеттіліктерін мемлекеттік деңгейде шешу үшін Парламентте жастар болуы керек - сарапшы

2026 жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси жүйесін жаңғыртуға қатысты маңызды ұсыныстар жасады. Оның ішінде қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы «Құрылтай» атты парламент құру идеясы көтерілді.

Бұл жаңа заң шығарушы орган 145 депутаттан тұрады, депутаттар партиялық тізімдер бойынша 5 жыл мерзімге сайланады, комитет саны 8-ден аспайды.

Президент өз сөзінде жастарға ерекше назар аударды.

Қазіргі таңда жастар арасында Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосуда. Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді мемлекет басшысы.

Бұл сөздер жастардың қоғамдағы рөлінің артып келе жатқанын, олардың креативті индустриядағы (кино, өнер, цифрлық контент т.б.) жетістіктерін мойындағанын көрсетеді. Президент жастарды тек болашақ емес, қазіргі дамудың қозғаушы күші ретінде бағалайды.

мәжіліс 

Жаңа парламенттегі жастардың өкілдігіне қатысты да нақты ұстаным айтылды. Тоқаев жас буынға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны өзгеріссіз сақтауды ұсынды. Бұл квота 2021 жылдан бері қолданылып келеді және әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі ретінде қала береді. Ал Президенттік және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квоталары алынып тасталады. Сайлау шегі – 5% өзгеріссіз қалады, бұл партиялардың парламентке өту мүмкіндігін сақтайды.

Осы өзгерістер жастардың парламенттегі орынын нығайтады. Қазіргі цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатқан зумерлер, миллениалдар және альфа ұрпағының қажеттіліктерін тиімді көтеру үшін жастардың дауысы маңызды. Жастар квотасы арқылы олардың парламенттегі өкілдігі формальды емес, шынайы әсер етуге мүмкіндік алады.

Жаңа парламенттен үмітті жас буын

Президент жастар кадр резервінің мүшесі Жасұлан Бостандықұлы жастардың жаңа парламенттен лайықты орын алуы маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Президенттің бір палаталы парламент құру жөніндегі бастамасы және сайлау жүйесіндегі негізгі қағидаттардың сақталуы жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Әсіресе, әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квотаның сақталуы – жас буынның заң шығарушы органға келуіне нақты жол.

Осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан жастарға арналған квота өз орнын сақтауы тиіс. Бұл жастардың парламентке өту мүмкіндігін арттыратын маңызды тетік. Жастардың ел басқару ісіне араласуы – уақыт талабы, – дейді ол.

Жасұлан Бостандықұлы қазіргі заманның басты ерекшелігі – цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустрияның дамуы екенін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінгі ұрпақ – миллениалдар, зумерлер және альфа буыны жаңа ойлау жүйесі мен тың құндылықтарды алып келеді. Сондықтан олардың сұранысын, көзқарасын және болашаққа қатысты идеяларын саясатта ескеру қажет.

Жасұлан Бостандықұлының жеке мұрағаты 

Жастарға парламентте орын беру арқылы біз жаңа буынның қажеттіліктерін мемлекеттік деңгейде көтере аламыз. Бұл – қалыпты әрі заңды үдеріс болуы керек, – дейді президент жастар кадр резервінің мүшесі.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының «жастар үшін емес, жастармен бірге» қағидатын ұстанып отырғанын атап өтті. Президенттің жастарға сенім артып, олардың әлеуетін қолдауы – ел болашағына салынған инвестиция екенін жеткізді.

Жаңа парламенттің құрамында жас, білімді әрі заманауи ойлайтын азаматтардың көбірек болуы –  заң шығару сапасын арттырып, қоғамның түрлі буындарының мүддесін тең қамтуға мүмкіндік береді.

Президенттің ұстанымы анық: «Жастар үшін емес, жастармен бірге» жұмыс істеу қағидаты. Ол әр сөзінде жастарға сенім артатынын, олардың жаңашылдығын қолдайтынын білдіреді. Сондықтан жаңа Құрылтайда жастардың орыны болуы – қалыпты және күтілетін құбылыс. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, елдің болашағын жастардың қолында қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа парламент реформасы референдум арқылы жүзеге асса, жастардың саяси белсенділігі жаңа деңгейге көтеріледі. Өйткені Президент айтқандай, жастардың күш-қуаты мен жасампаздығы – Қазақстанның өрлеуінің кілті.