Жамбылда тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт іске қосылады
Биыл мамыр айында «Тараз» ӘКК-ның базасында инвестициялық жобаларды сервистік сүйемелдеуді жүзеге асыратын «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бекітілген алгоритмге сәйкес барлық кезеңге жоспарланған жобалар мен облыс экономикасына инвестиция салатын инвесторларға қолдау көрсетіледі.
Бүгінде аталған дирекция 30-ға жуық жобамен жұмыс жүргізуде. Оның 2-і жақын арада өз жұмысын толыққанды бастайды деп жоспарлануда.
Атап айтқанда, «KazIndustrial Stroi» ЖШС-мен құны 3 млрд. теңгеге жуық бетон төсемін өндіру зауыты іске қосылады деп күтілуде.
Кәсіпорын жылына 500 000 шаршы метрге дейін өнім шығарады. Толық қуатқа шыққан кезде 26 жұмыс орны құрылады. Қазірдің өзінде өндіріс ошағы техникалық түрде іске қосылып, 500 000 шаршы метр бетон төсемін өндірді.
Инновациялық өнімге сұраныстың артуына байланысты жоба басшылығы ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында өндіріс қуаттылығын арттырып, қосымша 4 құрал-жабдық жиынтығын сатып алу туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ тамшылатып суару жүйелерін шығару «Каз Каспи Гидро Сельхоз Технология» ЖШС-мен іске асады.
Инвестиция көлемі 2,8 млрд. теңгені құрайды. Жоба бойынша 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Соған сәйкес су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаң жыл сайын 12 мың гектарға ұлғаяды деп көзделуде.
Бүгінде зауытты іске қосу жұмыстары аяқталды, жақын арада пайдалануға беріледі.
Сонымен бірге қажетті инфрақұрылым құру мен ұңғымаларды қазу үшін жабдықтар жеткізіліп, техникалық жұмыстар жүруде.