Жаңалықтар

Жамбылда су жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігі мәлімдеді
Жамбылда су жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Фото: gov.kz 18.02.2023 16:20 1461

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте каналдар мен су қоймаларын жөндеу және оларға су толтыру және тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алғашқы мәселе бойынша Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева және «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегенов, Жамбыл су қоймаларының басшысы Нарбай Ергебеков баяндама жасады.

Олардың айтуынша, бүгінгі күнге Жамбыл облысындағы республикалық меншіктегі су қоймалардың жиналған судың орташа көлемі 40-50 пайызды құрайды. Сонымен қатар, тасқын суды қабылдауға толығымен дайын.

Жалпы бүгінгі күнге «Қазсушар» Жамбыл филиалына қарасты су нысандарының жағдайы бір қалыпты және пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде.

Дегенмен, аймақ басшысы су жүйелері мен қоймаларын жөндеу, реттеу бойынша құрылыс жұмыстарының созылып жатқанын сынға алды.

Жобалық-сметалық құжаттама жұмыстарын кешіктіріп отырсыздар. Қағаз жұмыстарын тезірек аяқтап, нақты істерге көшу керек. Вегетациялық кезеңге толығымен дайын болу тиіспіз, - деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының екінші кезеңі бойынша да аймақ басшысы сылбыр жұмыстарды сынға алып, бөлінген қаржыны қатысушыларға 1 наурызға дейін үлестіру қажеттігін баса айтты.

Сондай-ақ облыс әкімі жобаға енген округтердегі әлеуметтік мәселелерді де қатар кешенді түрде шешуді тапсырды.

Нұржан Нұржігітов бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға