Жаңалықтар

Жамбылда ер адам балаларының көзінше суицид жасамақ болды

Бұл туралы Polisia.kz мәлім етті
Жамбылда ер адам балаларының көзінше суицид жасамақ болды
Фото: polisia.kz 06.02.2023 15:28 1023

Жамбылдық полицейлер балаларының көзінше өзіне қол салмақ болған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Полиция қызметкерлері күндіз-түні, демалыс пен мереке күндері де қалтқысыз қызмет атқарады, жеке уақыттарымен санаспай, азаматтарға жан-жақты көмек көрсетеді. Мұны Сарысу аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Азат Ботабек пен Сарысу АПБ жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімшесінің инспекторы Жанаділ Қобжанов өз істерімен тағы да дәлелдеді. 1 ақпан күні олар облыс орталығында қызметтік іссапарда болған. Түскі сағат 14:00 шамасында ықшам аудандағы үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатып, пәтерінің терезесін сындырған ер адамды байқаған.

Полиция қызметкерлері ойланбастан, оның подъездіне қарай жүгіріп, жылап жатқан балалардың көз алдында терезе шынысының сынықтарымен өз тамырын кеспек болған сәтінде пәтерге кіріп үлгерген. Осылайша, қызметкерлер ер адамды тым асығыс жасаған қадамынан құтқара алды. Оның мас күйде екені анықталды. Одан басқа үйде кәмелетке толмаған екі баласы болған. Үй иесі әйелінің айықпас ауруы туралы білгеннен кейін осындай үмітсіз қадамға бел буғанын айтып берді. Полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін ол өзінің қателігін түсініп, өмірін сақтап қалғаны үшін оларға алғыс айтты және бұдан былай асығыс әрекет жасамаймын деп уәде берді.

– Біздің жұмысымызда бөтеннің проблемасы деген түсінік жоқ. Біз әріптесім екеуміз дәл уақытында үлгергенімізге және орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алғанымызға қуаныштымыз, – деді Сарысу АПБ тергеушісі Азат Ботабек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға