Жамбылда 3 мың тоннадан астам жабайы қарасора жойылды
Жамбыл облысында «Қарасора-2025» республикалық ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Профилактикалық іс-шара 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар мен «Заң және тәртіп» бағдарламасына сәйкес биыл 1 маусымнан басталған. Алдын алу іс-шарасы аясында Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері есірткі заттарын жою жөніндегі жылжымалы комиссия құрамында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау аясында жабайы қарасора өсетін ошақтарды анықтау және жою бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Арнайы ауыл шаруашылығы техникасын тарта отырып, облыстың құмды аймақтарына жақын 4 394,6 гектар аумақтағы жабайы қарасора орылып, кейіннен жиналған өсімдіктер өртеу арқылы жойылды,-деп атап өтті полициядан.
Жойылған қарасораның жалпы салмағы үш мың тоннадан асқан. Бұл шаралар өсімдік тектес есірткі шикізатының заңсыз айналымға түсуін болдырмауға және өңірдегі есірткі қатерін төмендетуге бағытталған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

