© El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Жамбылда 200 кг жуық есірткі затын сақтап, тасымалдаған әкесі мен ұлы сотталды

13.08.2025 07:36

Әкесі мен ұлы өткен жылдың күзінде аса ірі мөлшердегі «гашиш» және «кептірілген марихуана» есірткі заттарын өткізу мақсатында жинап, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданында орналасқан шаруа қожалыққа жасырған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Былтыр желтоқсан айынша ҰҚКД-нің қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру-шаралары нәтижесінде олар 12,7 кг аса ірі мөлшердегі «гашиш» есірткі затын 1 млн теңгеге өткізу барысында құрықталды. Сонымен қатар ұсталғандарға тиесілі шаруа қожалықтан өсімдік тәріздес заттар салынған 13 қап тәркіленіп, ішінен жалпы салмағы 185 кг «кептірілген марихуана» есірткі заты табылған.

Облыстық прокуратура мәліметінше, әкесі мен баласына сот үкімі шықты. Жамбыл облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  үкімімен сотталушылар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны және  өткізгені үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі 1,3-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Сот оларға 7 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындады. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.