Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Жамбылда 18 жасар бойжеткеннің асқазанынан бір уыс шаш шықты

30.07.2025 21:11

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургтері науқастың асқазанынан трихобезоар — шаштан құралған тығыз түйінді сәтті алып тастады. Аталған диагноз сирек кездеседі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қабылдау бөліміне ішінің ауруына, созылмалы жүрек айнуына және тәбеттің жоғалуына шағымданған 18 жастағы қыз жеткізілген. Қарау барысында және іш қуысы ағзаларының УДЗ зерттеуінде асқазанда бөгде затқа тән белгілер анықталған. Диагноз – трихобезоар – гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде нақтыланған.
Науқасқа жалпы анестезиямен лапаротомия жасалып, асқазан қуысынан ұзындығы 30 сантиметрден асатын, дерлік бүкіл көлемін алған тығыз шаш түйіні алынды.

Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есимов жетекшілік еткен хирургтер бригадасы, анестезиолог, операциялық медбике және операциядан кейінгі бақылау тобы бірлесе жүргізді. Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді. Екінші күні науқас сұйық тағам іше бастаса, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды,-деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Айта кетсек, трихобезоар — бұл трихотилломания деп аталатын психикалық бұзылысы бар адамдарда кездесетін, асқазанда жиналған шаштың тығыз массасы. Бұл дертке шалдыққандар шашты жұлып, оны жейтін әдетке ие болады. Шаш асқазанда жиналып, көлемі ұлғайып, уақыт өте келе асқазан не ішектің бітелуіне, анемияға, ағзаның жалпы әлсіреуіне, ауыр жағдайларда асқазан қабырғасының тесіліп кетуіне себеп болуы мүмкін.