Жаңалықтар

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Жыр алыбының 170 жылдық мерейтойына орай түсірілген көркемсуретті тарихи драма
26.02.2016 10:35 7936

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына – 170 жыл. Таяуда осы мерейлі датаға орай,  «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген көркемсуретті тарихи драма көпшілікке таныстырылды. Шараға Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Төлеген Мұхамеджанов, Айткүл Самақова, Сауытбек Абдрахманов, Сламбек Тәуекел және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл күні көрермен назарына төрт бөлімді көркемсуретті тарихи драмасынан алынған бір жарым сағаттық толықметражды фильмді ұсынылды. Туындыда жүз жасаған жыр дүлдүлінің өмірінің соңғы жылдары суреттеледі.

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Сонымен қатар, 1936 жылы Қазақстанның өнер қайраткерлері мен әдебиетшілерінің Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барған сапары да қамтылады. Фильмде Жамбыл Жабаевтың рөлін театр және кино әртісі Байғали Есенәлиев, Дина Нұрпейісованың рөлін домбырашы Айгүл Үлкенбаева ойнаған. 

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Драманың режиссері – Әнуар Райбаев. Ал, сценарийді Бақытжан Шормақов жазған.

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова фильмді түсіруге  50 миллион теңге жұмсалғанын айтты.

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Өмірбек Байгелді, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Ел арасында Жамбыл туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. Ол кісінің басынан кешкен оқиғалары да сан қилы. Сондықтан, алғашында «шығармашылық топ фильмді қалай алып шығар екен?» деп күмәнмен қараған едім. Нәтижесіне көңілім толды. Осы туынды арқылы Жәкеңді тағы бір үлкен белеске шығардық деп есептеймін.

Жәкең жай адам болған жоқ. Ол  –  шын мәнінде әруақ қонған, Алла қолдаған кісі. Бірде өзінің жолдастарына: «Түсімде ел аралап келе жатыр едім. Бір уақытта аспандағы күн менің алдымда жатқан жолға қонды. Дереу атымнан түстім де, белбеуімді шешіп, күнді орап алдым» деген екен. Жамбылды үнемі қорғап жүретін қызыл жолбарысы болған. Өзінің өмірден өтерін ақын жүрегі күні бұрын сезген екен. Ол немересіне түсінде өзінің қызыл жолбарысы қырдан асып кеткенін, қанша шақырса да, қайта оралмағанын айтыпты. Атеистік тәрбиенің заманында халық мұндай әңгімелерге сенімсіздікпен қарады. Бірақ, Жәкеңнің киелі кісі болғанына шек келтіре алмаймыз. Жұрт кезінде Жамбылды аста-төк дүниенің ішінде шомылып жүргендей көрді. Әрине, оған көрсетілген қошеметті жоққа шығармаймыз. Бірақ, ол не көрсе де, халықпен бірге көрді. Мұндай қасиет қонған адамға сөз тигізуге болмайды.

Режиссер Сламбек Тәуекел «Жамбыл» драмасына «бюджеті азғантай болғанымен, арқалаған жүгі ауыр фильм» деп баға берді.

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Байғали Есенәлиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

–  Жамбыл бабамның басынан кешкен оқиғалары бір адамның ғұмыры үшін тым ауыр екен. Біз соның бәрін қолымыздан келгенше көрерменге жеткізуге тырыстық. Осы туынды арқылы тек Жамбылдың Жабаевтың ғана емес, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтердің тағдырын там-тұмдап болса да көрсеткіміз келді. Менің ойымша, халқымыздың тарихына жаңаша көзқараспен қарайтын дәуір енді басталған секілді.

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Қазақ поэзиясының Гомері атанған Жамбыл туралы фильмдер бұған дейін де түсірілген. 1953 жылы режиссер Ефим Дзиганның «Жамбыл» фильмі жарыққа шықты. Онда ақынның рөлін Шәкен Айманов сомдаған. 2001 жылы режиссер Қанымбек Қасымбеков «Жамбылдың жастық шағын» түсірді. Ол фильмнің сценарийін Мырзатай Жолдасбеков жазды.

Жамбыл туралы үшінші фильм жарыққа шықты

Фильмнің таныстырылымындағы барлық суреттерді мына жерден көре аласыздар!


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға