Жамбыл облысында терроризм туралы жалған ақпарат берген күдікті ұсталды
Жамбыл облысында террорлық әрекет туралы жалған ақпарат берген күдікті ұсталды, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
26 шілдеде сағат 15:00 шамасында Тараз қалалық ПБ-ның жедел бақылау орталығына белгісіз тұлға «33 жастағы азаматшаның Меркі шипажайына сөмкесіне жарылғыш заттар салып бара жатқаны» туралы хабарлаған.
Оқиға орнына жедел түрде жеткен аудандық полиция қызметкерлерімен аумақты тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат және күдікті азаматша анықталған жоқ. Меркі АПБ және ҰҚК қызметкерлерiнiң жедел iздестiру шараларының нәтижесінде террорлық әрекет туралы көрiнеу жалған ақпарат берген 41 жастағы Тараз қаласының тұрғыны ұсталды.
Күдікті кінәсін толық мойындап, аудандық уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексiнiң 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.