Жамбыл облысындағы шалғай ауылда жаңа мектеп ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында 120 орындық мектеп балалар игілігіне берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық әкімдік мәліметінше, бұған дейін мыңаралдық балалар білім алған мектеп (1972 жылы пайдалануға берілген) апатты деп танылған. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес осы мәселе назарға алынып, өткен жылдың қараша айында білім беру ошағының құрылысы бастау алған еді.
К.Қасымов атындағы жаңа мектепте 34 педагог екі ауысымда 168 балаға білім береді. Ол үшін 13 оқу бөлмесі, спортзал мен мәжіліс залы, кітапхана, асхана, сондай-ақ компьютер, лингафон және мультимедиа кабинеті, 2 зертхана мен 2 шеберхана қарастырылған.
Мектебіміздегі оқу бөлмелері кең әрі жайлы. Тәжірибе жүргізу үшін барлық мүмкіндіктер мен заманауи құрал-жабдықтар бар. Енді тек жақсы білім алып, үмітті ақтауымыз қажет, – дейді 5-сынып оқушысы Айсана Қанағат.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 36 білім беру нысанының (10 600 орындық) құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 13 білім ошағы, оның ішінде үшеуі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр.
Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі.
Ағымдағы жылы 9 мектеп пен 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өтті.
Мектептерді жаңғыртуға 3,1 млрд. теңге, атап айтқанда, 215 мектепті жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтауға 1,9 млрд. теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1,2 млрд. теңге бөлінді.