Жаңалықтар

Жамбыл облысында жиналған пияздың 60% шіріп кетуі мүмкін

Жамбыл облысында жиналған пияздың 60% шіріп кетуі мүмкін
Фото: КТК/Видеодан алынған кадр 09.04.2024 10:01 760

Жамбылда жиналған пияздың 60 пайызы экспортқа шығарылмай, толық шіріп кетуі мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Өйткені өңірдегі көкөніс сақтайтын 100-ден аса қойманың тең жартысы талапқа сай келмейді. 

Қазір өңірдегі тоңазытқышы жоқ әрі тозығы жеткен қоймаларда былтырдан қалған 116 мың тонна пияз сақтаулы. Оны жергілікті шаруалар келісін 15 теңгеге де өткізе алмай отыр. Сондықтан тұрып қалған тауарларын қоқысқа шығарып, кейбірі тұрғындарға тегін таратуда. Шіріген пиязды тонналап далаға төккендер де бар.

Экологтар тұмса табиғатты ластағандарды жауапқа тарту керек деп дабыл қағуда. Өйткені шіріген көкөністен ауру тарауы мүмкін. Қазір жергілікті полиция белгіленбеген жерді қоқыс алаңына айналдырғандарды іздеп жатыр.

Айта кетейік, былтыр елімізде 1 млн тоннадан астам пияз жиналды. Бұл жылдағыдан үш есеге көп. Оның 780 мың тоннасын жамбылдық диқандар өсірген. Бірақ өнімге сырт елдерден сұраныс жоқ. Мәселен, былтыр 325 мың тонна пияз сыртқа саудаланса, биылғы көрсеткіш одан төмен. Соңғы үш айда небәрі 161 мың тонна экспортталыпты.

Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловтың айтуынша, көп қоймада мұздатқыш жоқ:

Сәуір айының соңында біздің елге ол жақтың жаңа шыққан пияз өнімдері экспортталып қалады. Пәкістанға пиязымыз шықпай қалуы мүмкін. Мұздатқышы жоқ қоймаларда қауіп жоғары. 60 пайызға жуығында мұздатқыш жоқ, - деді ол. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға