Жамбыл облысында үш ер адам марихуана жинап жүрген жерінен ұсталды
Жамбыл облысында үш ер адам 60 келіден астам марихуана жинау кезінде ұсталды. Олар өңірлерден келген екен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Полицейлер Т. Рысқұлов ауданы аумағында жедел іс-шараларды өткізді. Күдіктілер жабайы өсетін қарасораны жинау сәтінде ұсталды. Олар Қарағанды облысының 48 және 53 жастағы екі тұрғыны және Ұлытау облысының 48 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.
Тінту барысында 61 келі 440 грамм марихуана тәркіленді. Дайындаған орынның жанынан жабайы өсетін өсімдікті оруға пайдаланылған болуы мүмкін екі темір орақ табылды. Барлық күдіктілер кінәсін толық мойындады,-деп атап өтті облыстық полициядан.
Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

