Жаңалықтар

Жамбыл облысында өңірді сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблема анықталды

Жамбыл облысында өңірді сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблема анықталды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 04.07.2023 11:31 1245

Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, бүгінде нақты пайдаланылатын суармалы жерлер туралы нақты мәлімет жоқ екені белгілі болып отыр. Әкімдіктің мәліметі бойынша, 181 мың га суармалы жер бар, ал осы жылы жасалған шарттар бойынша «Қазсушар» 93,6 мың га жерге ғана су береді. Бұл ретте богарлы жерлерді қолданыстағы каналдарға қосу арқылы суармалы жерлерге ауыстыру фактілері бар. Бұл каналдардың соңғы бөлігін сумен қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізуде.

Жекелеген шаруа қожалықтары алқаптарға егін егіп, «Қазсушар» кәсіпорны мен су беру туралы шарт жасаспаған, бұл жалпы сумен қамтамасыз ету бойынша жағдайды бұрмалайды. Магистральдік каналдарға сорғыларды заңсыз қосу фактілері бар. Мысалы, Тасөткел магистральді каналы бойынша 200-ден астам осындай сорғы бар. Осындай су пайдаланушылармен шарттар жасасу және су бұруды есепке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді министр.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, дақылдарға су берудің басымдылығын анықтап, су айналымы мен суару ретін қатаң сақтау қажет екендігін атап өтті.

Бұл ретте премьер-министр Әлихан Смайылов министрлік қарамағындағы «Қазсушар» кәсіпорнының жұмысын көтеру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Сәуір айында Мемлекет басшысы осы кәсіпорынның қаржылық жағдайын тұрақтандыру және су қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын даму институтына айналдыратындай етіп, тиісті реформа жүргізу қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда тиісті жол картасын жасадық. Оны мемлекеттік органдармен пысықтап жатырмыз. Жұмыс картасы шеңберінде сатылы түрде тұрақты ұйым ретінде қалыптастырып, суды ауыл шаруаларына дейін жеткізетіндей етеміз, – деді экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға