Жамбыл облысында мемлекеттің қымбат көліктерін жасырын сатып жіберген

Талас ауданының прокуратурасы «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі автокөліктерді заңсыз есептен шығару арқылы жымқыру фактілерін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кәсіпорынның басшылығы мекемеге тиесілі нарықтық құны 22 млн теңгені құрайтын 4 автокөліктерді жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жарамсыз көлік құралдары ретінде заңсыз есептен шығарып, тиісті аукцион өткізбей, тікелей үшінші тұлғаларға сатқан.
Аталған дерек бойынша Талас ауданының прокуратурасы қылмыстық іс тіркеп, оны тергеп-тексеру облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен жүргізілді.
Қазіргі таңда мекеме басшыларының іс-әрекеттері ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (жымқыру) және ҚК 369-бабы 1-бөлігімен (қызметтік жалғандық) сараланды.
Тергеп-тексеру барысында құны 17 млн теңгені құрайтын 3 автокөлік мемлекетке қайтарылды, төртінші автокөлікті қайтаруға шаралар қабылдануда.
Қылмыстық іс сотқа жолдану барысында.
