prokuror.gov.kz

Жамбыл облысында инвестордың құқығы қорғалды

08.05.2025 13:45

Байзақ ауданының прокуратурасы шетелдік инвестицияны қорғау бағытында маңызды қадам жасап, «Алель-Агро» акционерлік қоғамының құқықтарының бұзылуын анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған компания 2021 жылғы 12 мамырдағы Жамбыл облысы әкімінің қаулысына сәйкес, құс етін өндіру саласындағы инвестициялық жоба ретінде танылып, облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Осы негізде 2023 жылдың қарашасында «Алель-Агро» АҚ-на Бәйтерек ауылдық округінен 87 гектар жер телімі 24 жыл мерзімге жалға берілген. Алайда, жергілікті тұрғындар зауыттың қоршаған ортаға әсері жөнінде алаңдаушылық білдіріп, экологиялық қауіптерді алға тартып, жобаның іске асуына қарсы болған. Осыған байланысты инвестор өз өтінішімен жер телімін ауыстыру туралы аудан әкімдігіне жүгінген. 2024 жылғы 14 қарашада жер комиссиясы бұл ұсынысты қолдағанымен, 2024 жылғы 22 қазанда берілген өтінішке нақты шешім қабылданбаған және тиісті қаулы шығарылмаған. Прокуратураның қадағалау шаралары нәтижесінде 2025 жылғы 26 наурызда «Алель-Агро» компаниясына «Көкбастау» жер қорынан балама жер телімі беріліп, жоба іске асырылуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл инвестициялық жобаның жүзеге асуы аймаққа қосымша инвестиция тартуға және 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашпақ.