Жаңалықтар

Жамбыл облысында даладағы дәретханада оқушы қайтыс болды

Жамбыл облысында даладағы дәретханада оқушы қайтыс болды
Фото: Данияр Әлімқұлдың парақшасынан алынды 02.05.2024 10:32 2051

Жамбыл облысына қарасты Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы жергілікті журналист Данияр Әлімқұл әлеуметтік желіде жазды.

8- сынып оқушысы соққыдан сұлап түскен. Тоғызыншы сыныптың баласы ұрған екен. Ауылдағылар айтып отыр. «Дыхалкадан» дөп тиген удар бір баланың өмірін қиды. «Сегіздерді» «тоғыздар» тысқа тартып, әжетхана жақта әлімжеттік жасаған деген нұсқа бар. «Греб» (түрмеге деп тиын жинау) жинаған ба, бұ жағы бұлыңғыр. Бірақ осыған ұқсас. Байзақта сыртқа салынған әжетхана әлі бар екен. Оның үстіне «ақ үйдің» айналасында камерасы жоқ, - деп жазды журналист.

Мектеп директоры тілшіге сұхбат беруден бас тартып, орынбасарына сілтеген.  

Ол жақта жүрген Мұхит есімді орынбасары теңіздей тасыды. «Берсе басшының өзі берсін!» деп өкпесін қолына ұстап қашты, телефонның ар жағынан. Сосын екеуі де трубка көтермеді. Ал мектеп директоры мен бір топ адам мектептің есігіне қара құлып салып, ішінде отыр. Орынбасар Мұхитты да қастарына алып алған. Сыртта директордың қаңтарылған көлігі тұр. Басшысы жоқ байзақтық білім бөлімінде міндет атқаратын кісі бар екен. Оның да ағарту ошағына аяғы жетпеді. Жиналыста жүрмін деп, жоқ болды. Байзақта болғанда қай жақта дерсіз? Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте болған. Даладағы дәретханада. Ағартушының атындағы мектепте, - дейді журналист.

Аталған оқиғаны Жамбыл облысының Полиция департаменті растады.

Оқушының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ, мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, - делінген ПД таратқан хабарламада.

Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялануға жатпайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға