Жамбыл облысында 40 жедел жәрдем көлігі жаңарды
Жамбыл облысындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 40 санитарлық жедел жәрдем көлігі табысталды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.
Жыл соңына дейін тағы 30 бірлік қызметтік көлік беріліп, тозу деңгейі 47 пайыздан - 18 пайызға дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Салтанатты шарада осылай деген аймақ басшысы, саланы дамытуға бағытталған мұндай қолдаулар ауыл халқының тұрмысын жақсартуға, ана мен бала өліміне араша түсуге септігін тигізуі тиіс екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – басты талап екенін еске салды.
Ұлт денсаулығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда, елімізде азаматтардың денсаулығын жақсартуға, әл-ауқатын арттыруға ерекше ден қойылуда. Бүгінде медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге жан-жақты жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылуда,-деді Ербол Қарашөкеев.
Бұл күні санитарлық жедел жәрдем көліктері Байзақ ауданына (4), Жамбыл (3), Жуалы (2), Талас (3), Т.Рысқұлов (2), Меркі (5), Мойынқұм (3), Сарысу (3), Қордай (5), сондай-ақ, Шу аудандық орталық ауруханасы (3), Шу қалалық ауруханасы мен емханасына, Тараздағы №5, 7 қалалық емханаларға және облыстық, қалалық перинаталдық орталығы мен облыстық патологиялық анатомия бюросына табысталды.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде 19 медициналық нысан пайдалануға беріліп, 11 нысанға күрделі жөндеуден өтсе, биыл 24 медициналық нысанның құрылысы жүзеге асады.