Әлеуметтік желі

Жалғыз пингвин: 20 жылдан кейін интернетті жаулаған кадрдың құпиясы

27.01.2026 10:13

Антарктиданың шексіз ақ мұзында бір пингвин үнсіз ғана алға қарай жүріп барады. Артында – өз тобы, алдында – белгісіз бағыт. Бір қарағанда жай табиғат көрінісі сияқты. Бірақ дәл осы кадр араға 20 жыл уақыт салып интернетті қайта дүр сілкіндіріп, мыңдаған адамды «ол неге бұлай кетті?» деген ойға қалдырды.

Деректі фильмдегі бұл эпизод бүгінде мем ғана емес, тұтас бір дәуірдің көңіл күйін сипаттайтын визуалды метафораға айналды. Бірі оны «нигилист пингвин» деп күлсе, енді бірі жалғыздық, күйзеліс, мағына іздеу туралы ойға батып жатыр. Ендеше, мұз үстіндегі үнсіз жүріс қалайша философиялық құбылысқа айналды?

«Encounters at the End of the World» деректі фильміндегі ерекше кадр әлеуметтік желіде қайтадан кең таралды. Аталған фильмде мұзды кеңістікте жалғыз өзі беймәлім бағытқа қарай маң-маң басып кетіп бара жатқан пингвин көрінісі бар. Кадрды кезінде әйгілі неміс режиссері Вернер Херцог түсіріп алған.

Фильм премьерасынан бері шамамен 20 жылға жуық уақыт өтсе де, дәл осы эпизод қазір интернет қолданушылары арасында қайта жанданып, түрлі мемдер мен философиялық талқылардың өзегіне айналды. Желіде көпшілік бұл құсты бейресми түрде «нигилист пингвин» деп атап кеткен.

Әлеуметтік желі қолданушылары пингвиннің жалғыз жүрісін әртүрлі мағынада түсіндіреді: бірі оны өмірдің мәнін іздеудің символы десе, енді бірі адам баласының жалғыздығы мен ішкі күйзелісін бейнелейтін көрініс ретінде қабылдайды. Көпшілік үшін бұл кадр тек табиғат көрінісі емес, бүгінгі қоғамдағы көңіл күйді көрсететін ерекше визуалды метафораға айналған.

Бұл эпизодтың қалайша мемге, ал мемнің қалайша философиялық талқыға айналғанын зерттеп көрейік.

Пингвин түскен фильм не туралы?

Әлеуметтік желіде қайтадан танымал болған пингвин кадры Вернер Херцог түсірген деректі фильмнен алынған. Туынды режиссер шамамен 66 жасқа келген кезеңде жарық көріп, Discovery Channel арнасының көркем жобалар бағытына арнайы түсірілген. Херцогтың Халықаралық деректі кино қауымдастығына (International Documentary Association) берген сұхбатында айтуынша, ол түсірілім үшін Антарктидадағы Мак-Мердо станциясында шамамен жеті апта болған. Оның бір аптасы түрлі бюрократиялық рәсімдерге және аман қалу бойынша дайындық жаттығуларына кеткен. Себебі арнайы дайындықтан өтпейінше базадан шығуға рұқсат берілмейді. Осылайша, режиссердің түсірілім жұмыстарына алты апта жұмсалған.

Фильм барысында Херцог станцияда қызмет ететін әртүрлі адамдармен сұхбаттасып, Антарктиданың ерекше әлемін көрерменге жақындатуға тырысады. Ал The Guardian басылымы лента туралы рецензиясында режиссердің кейіпкерлермен әңгімесін және мұз құрсауындағы өлкенің сюрреалистік, көз тартар табиғатын фильмнің басты ерекшелігі ретінде атап өткен.

Вирусқа айналған пингвин кадры қалай түсірілді?

Фильмдегі кейіпкерлердің бірі - эколог, ғалым Дэвид Эйнли. Режиссер дәстүрлі «пингвиндер туралы әдемі деректі фильм» түсіруді мақсат етпегенін бірден аңғартады. Ол Эйнлиге тосын сұрақ қойып, әңгімені басқа арнаға бұрады: «Пингвиндер арасында есінен адасу деген ұғым бар ма?»

Ғалымның айтуынша, кей жағдайларда пингвиндер кеңістікте бағдарын жоғалтып, өздеріне тән мекеннен алыстай бастайды. Яғни олар мұхитқа қарай емес, керісінше теңізден қашықтап, «оларға мүлде тән емес» бағытты таңдап кетеді. Вирусқа айналған кадрда дәл осындай ерекше мінез көрсеткен пингвин бейнеленген. Ол Антарктиданың мұзды кеңістігін кесіп өтіп, тауға қарай бет алған. Бұл эпизодты Little White Lies басылымы осылай сипаттаған.

Басылымда айтылғандай, мұндай пингвинді ұстап алып, қайта теңізге қарай бұрып жіберсеңіз де, ол көп ұзамай қайтадан бұрылып, бастапқы бағытынан таймай, сол «өз бағытымен» жүре береді.

Режиссер пингвиннің тағдыры алдын ала белгілі болғанын да жасырмады. Оның айтуынша, құс шын мәнінде Антарктида құрлығының ішкері жағына - таулы аймақтарға қарай бет алған.

Пингвин расымен де құрлықтың ішіне, тауларға қарай бағыт алды. Антарктиданың аумағы көлемі жағынан Солтүстік Америкамен шамалас. Мен пингвиндердің ізіне түскен кезде, олар бір бағыттан қайтпай, табандылықпен жүре берді де, ақыры көзден ғайып болды. Сол адасып кеткен немесе “есі ауысқан” пингвиндердің бірі Нью-Харбордағы дайвинг лагеріне тап болды. Ол өзі болуы тиіс жерден шамамен 80 шақырым қашықтықта жүрген, - деп еске алады Вернер Херцог.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Werner Herzog (@wernerherzogofficial)

Little White Lies аталмыш көріністі «тамаша трагикомедия» деп атап, пингвиндерді «тым әсірелеп, әдемілеп көрсететін» пафосты фильмдерге қарсы ерекше антидот ретінде бағалаған. Авторлар Херцогтың бір маңызды нәрсені жақсы түсінетінін жазады: адам табиғатты түсіндіру кезінде бәрін өз өлшемімен бағамдайды, табиғат құбылыстарын адамға тән логикамен жүйелеуге тырысады. Алайда пингвиндердің нақты не ойлайтынын, не үшін дәл солай әрекет ететінін адам баласы ешқашан толық біле алмайды.

Осы тұрғыда басылым: «Біз оқиғаны режиссер қалай құрастырса, солай көреміз - бәрі тек адамға тән оптика арқылы беріледі», – деп түйіндейді.

Видеодағы пингвиннің тағдыры не болды?

Фильмде бұл сұраққа нақты жауап берілмейді. Түсірілім тобы кейін әлгі Адели пингвинін қайта көрмеген. Сондықтан оның тағдыры жөнінде болжам ғана айтуға болады. Мамандардың пайымынша, пингвиннің тірі қалуы екіталай, яғни ол қаза тапқан болуы мүмкін.

Вернер Херцог бұл көріністі деректі фильмде әдейі қалдырған. Оның мақсаты - табиғатты қолдан романтикаға айналдырмай, шынайы қалпында көрсету. Режиссер осы эпизод арқылы табиғатта тек әсем көріністер ғана емес, дәл осындай қайғылы сәттер де болатынын жеткізгісі келген.

Өйткені жабайы табиғаттың заңы қатал: ондағы кез келген қателік - өліммен тең.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от МАЛИКА АЙТЖАНҚЫЗЫ (@malika_ustaz)

«Бұл романтика емес»: психолог талдауы

Желі қолданушылары ғана емес, адам психикасын зерттейтін сала мамандары да вирусқа айналған пингвин кадрын түрліше түсіндіріп жатыр. Көпшілік оны «философиялық символ» ретінде қабылдаса, мамандар бұл көріністі психологиялық құбылыстармен байланыстыра талдайды.

Мәселен, нейропсихолог Айнұр Алдаш пингвиннің топтан бөлініп, жалғыз бағытқа кетуін романтикаға телуге болмайтынын айтады.

Ал психолог үшін бұл - романтика емес. Топтан бөліну - ішкі дезориентацияның, қатты стресстің белгісі. Балалар да дәл солай топтан бөлінеді, тұйықталады, қиналады. Айқайламай, жыламай,
үндемей, ішіне бәрін жасырып жүреді, - дейді маман.

Дегенмен олардың күйі бәрібір байқалады: бала тек «симптом» қалдырады. Атап айтқанда, ол келесі белгілер арқылы көрінуі мүмкін: тұйықталу; мазасыздық; агрессия; тәртіп бұзу; эмоцияның дене арқылы шығуы (психосоматикалық реакциялар).

Айнұр Алдаштың айтуынша, мұндай жағдайды көп ата-ана «мінезі солай», «өзі өтеді», «еркелік» деп қабылдап жатады. Алайда шын мәнінде бұл - баланың ішкі әлеміндегі дабыл белгісі.

Осы тұста маман бала психологының негізгі жұмысы симптомды «өшіріп тастау» емес, керісінше баланың ішкі психикалық процесін түсіну екенін атап өтті. Яғни:

  • бала неге дәл қазір осылай әрекет етті?

  • бұл қай кезеңдегі ішкі сигнал?

  • қандай әдіс көмектеседі, ал қайсысы керісінше зиян тигізуі мүмкін?

Маманның айтуынша, осы логика ескерілмей қолданылған әдістеме жай ғана құрал болып қалуы ықтимал.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Orken KENZHEBEK (@orkeni)