Кейінгі уақытта социологтар ғана емес, қоғам белсенділерінің өзі «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегенді дәлелдеп бағуда. Сөзіне салмақ, ғылыми рең беру үшін қолданатыны - «Ғалам 25» экспериментінің нәтижелері. Олардың айтуынша, адамзатқа қалағанын жеткілікті мөлшерде беру зиянды. Тіпті қауіпті. Бұл олардың биологиялық түр ретінде жойылып кетуіне әкеледі-мыс.
«Ғалам 25» экспериментінің авторы америкалық ғалым-этолог Джон Кэлхун. Ол эксперимент аясында тышқандарға жұмақ жағдайларды жасаған: тамағының жеткілікті қоры мен көбею үшін жеткілікті кеңістік бар, жыртқыштар мен аурулар жоқ. Көлемі 2х2 м ұзындығы 1,5 м бак ішіне тышқандар жіберіледі. Бак ішінде температура тұрақты 20° С тышқандар үшін идеал орта. Тышқандардың ас-суы әрқашан дайын, мекені апта сайын тазартылып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз жұмақ. Эксперимент басында бак ішіне 4 тышқан жіберген, олар көп ұзамай көбейе бастады. Әр 55 күн сайын тышқандар саны екі есеге артқан. 315-күннен бастап көбею қарқыны баяулады. Осыдан соң тышқандар саны 145 күнде ғана екі есе артқан. Бұл эксперименттің үшінші фазасы еді. Бұл кезде бак ішіндегі тышқан саны 600-ге жетті. Кеңістік бұрынғыдан тарылды. Бұл кезде иерархия мен әлеуметтік өмір қалыптаса бастады. Қоғамнан «шеттетілген» тышқандар тобы пайда болады. Оларды тану оңай, құйрықтары, терісі тістелген. Негізінен жас тышқандар теперіш көретін еді. Идеал ортада кәрі тышқандар жас тышқандарға орын бермейді, олардың өмір сүру уақыты ұзарды. Еркек тышқандар ұрғашыларын қорғамайды, бойкүйездік көрсетті. Нәтижесінде туу қабілеті нашарлады. «Тышқандар жұмағының» соңғы кезеңінде «әдемі тышқандар тобы» пайда болды. Олар тек ішіп-жейді, ұйықтайды. Әлеуметтік соғыстарға қатыспайды, көбеймейді. Осы кезде гомосексуализм, каннибализм және себепсіз агрессия туындайды.
Джон Кэлхун бұл эксперимент нәтижесін адамдарға тели салған. Кэлхун тіпті «мінез-құлық ағымы» (behavioral sink) деп аталатын жаңа термин ойлап тапты. Халық саны көп, істейтін жұмыс болмаған жағдайда адамдар деструктивті әрі девиантты мінез-құлық көрсетеді екен. Көптеген ғалымдар бұл эксперимент нәтижесімен келіспеді.
Австралияда дәл осы эксперимент қояндармен жүргізіледі. Бірақ қояндар бак ішінде емес, табиғи жағдайда өмір сүреді. Нәтижесінде қояндар көбейгені соншалық, олардан құтылу амалдарын жасауға мәжбүр болды. Ұзынқұлақ жануарлар континентті басып алды. Тек вирус пен ауру тарату нәтижесінде ғана қояндар саны қалыпты деңгейге түсірілді. Кэлхун эксперименті нәтижесінің «жұмақ» емес, темір бак еді. Тіршіліктің түбіне жететін тоқтық пен жұмыссыздық емес, жасанды шектеу мен оқшаулау. Бұл теорияның өзі жаңа емес түптеп келгенде. 1785 жылы ботаник Ф. Гардини табиғи электр өрістерінің экранизациялануы тіршілік иелерінің дамуына кері әсер ететінін анықтаған. Жасанды түрде оқшауланған орта сананың өзгеруіне, яғни мутацияға әкеледі. Егер тышқандар бак ішінде емес, аралда өмір сүрсе, эксперимент нәтижесі мүлдем басқа болар еді.