Жалған теориялар ТЕРЕЗЕСІ

БЭЛЛА ОРЫНБЕТОВА
Бұл мақала ғылымның құнсыздануы туралы емес, тіпті ғылымда алаяқтардың көбейіп кетуі жөнінде емес. Жалған «ғылыми теориялардың» халыққа таралуы хақында болсын.
«Овертон терезесі» деген сұранысқа google 857 сілтеме тауып береді. «Азғындықтың алты терезесі», «Овертон терезесі трансгендер жаһанды жаулады», «Азғындату теориясы немесе «Овертонның терезесi», «Бүгін "қызтекелер", ертең "инцест", арғы күні "зоофилия"... Кешіріңіздер, менің құрметті оқырмандарым. Сіз бұл сілтемелерге өтіп, санаңызға зорлық жасатуға жол бермейсіз деп үміттенемін.
«Овертон терезесі» қайдан пайда болды?
АҚШ-тың Мичиган штатында Mackinac Center for Public Policy орталығы бар. Бұл орталық осы штатта өмір сүретін халықтың өмір сапасы мәселелерімен (экономика, салық, бюджет, білім беру, медициналық сақтандыру, еңбекпен қамту) айналысады. Қарапайым америкалық орталықтардың бірі, ғылыми маңызы бойынша бұрын ешқашан еленбеген. Америкалық электр инженері әрі заңгер Джозеф Овертон (Joseph P Overton) осы мекемеде 13 жыл жұмыс істеген. 2003 жылы осы орталықтың вице-президентіне дейін көтерілгеніне қарағанда жұмысты жақсы істеген болуы керек. Ал 2003 жылы жеңіл әуе апатына түсіп қайтыс болады. Джозеф қайтыс болған соң оның теориясы туралы айтыла бастады. Бірден айтып қояйын, автор еңбегінің каннибализмге немесе өзге бір индоктринацияға қатысы жоқ.
Бұл теорияның каннибализмге, гомосексуализмге қатысы жоқ. «Овертон терезесі» тек «сайлаушыны қалай торға түсіруге болады» деген сұрақтың бір нұсқасын ғана ұсынады.
Теорияның идеясы мынада: барлық саяси идея (ұсыныстарды) бір шәкілге деңгейлеп тізуге болады. Бұл шәкіл бір жағы солшыл (маргинал ойлар) екінші жағында оңшыл (қасиетті идеяға айналуы). Ал саясаткер осы шәкілдің бойындағы терезе аясында жұмыс істейді (идеяның ұтымды кезін пайдаланып саяси кампаниясын жүргізе алады және өз саяси мансабын осыған орай құра алады). «Терезе» шәкіл бойымен оңға да, солға да жылжуы мүмкін. Яғни, саясаткер бұл терезені жылжытпайды, тек жылжыған кезін ұтымды пайдалана алады. Шәкілдің бойындағы көпшілік оқырманға белгілі 6 фаза бар: Ақылға сыйғысыз; Радикал; Ықтимал; Ақылға қонымды; Көпшілікке таныс; Саяси маңызды.
Овертон теориясының басқа түгі де жоқ. «Температура жоғары болса күн жылы боладыға» ұқсас дүние. Бұқараға қандай да бір идеяны сіңіру туралы ниеті де болмаған. Тек теорияның бастапқы тұжырымдамасы ұзын құлақтан жетіп түрленіп, бүгінгі интернеттегі әрбір екінші «данышпан» мысалға келтіретіндей түрде мутацияға ұшырайды.
Ал академиялық орталарда, интеллекті орташадан жоғары адамдар қоғамында «Овертон терезесін» мысалға келтіру, осы арқылы ойыңды дәлелдеуге тырысу нағыз моветон.

.
ҒАЛАМ 25
Кейінгі уақытта социологтар ғана емес, қоғам белсенділерінің өзі «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегенді дәлелдеп бағуда. Сөзіне салмақ, ғылыми рең беру үшін қолданатыны - «Ғалам 25» экспериментінің нәтижелері. Олардың айтуынша, адамзатқа қалағанын жеткілікті мөлшерде беру зиянды. Тіпті қауіпті. Бұл олардың биологиялық түр ретінде жойылып кетуіне әкеледі-мыс.

«Ғалам 25» экспериментінің авторы америкалық ғалым-этолог Джон Кэлхун. Ол эксперимент аясында тышқандарға жұмақ жағдайларды жасаған: тамағының жеткілікті қоры мен көбею үшін жеткілікті кеңістік бар, жыртқыштар мен аурулар жоқ. Көлемі 2х2 м ұзындығы 1,5 м бак ішіне тышқандар жіберіледі. Бак ішінде температура тұрақты 20° С тышқандар үшін идеал орта. Тышқандардың ас-суы әрқашан дайын, мекені апта сайын тазартылып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, нағыз жұмақ. Эксперимент басында бак ішіне 4 тышқан жіберген, олар көп ұзамай көбейе бастады. Әр 55 күн сайын тышқандар саны екі есеге артқан. 315-күннен бастап көбею қарқыны баяулады. Осыдан соң тышқандар саны 145 күнде ғана екі есе артқан. Бұл эксперименттің үшінші фазасы еді. Бұл кезде бак ішіндегі тышқан саны 600-ге жетті. Кеңістік бұрынғыдан тарылды. Бұл кезде иерархия мен әлеуметтік өмір қалыптаса бастады. Қоғамнан «шеттетілген» тышқандар тобы пайда болады. Оларды тану оңай, құйрықтары, терісі тістелген. Негізінен жас тышқандар теперіш көретін еді. Идеал ортада кәрі тышқандар жас тышқандарға орын бермейді, олардың өмір сүру уақыты ұзарды. Еркек тышқандар ұрғашыларын қорғамайды, бойкүйездік көрсетті. Нәтижесінде туу қабілеті нашарлады. «Тышқандар жұмағының» соңғы кезеңінде «әдемі тышқандар тобы» пайда болды. Олар тек ішіп-жейді, ұйықтайды. Әлеуметтік соғыстарға қатыспайды, көбеймейді. Осы кезде гомосексуализм, каннибализм және себепсіз агрессия туындайды.

Джон Кэлхун бұл эксперимент нәтижесін адамдарға тели салған. Кэлхун тіпті «мінез-құлық ағымы» (behavioral sink) деп аталатын жаңа термин ойлап тапты. Халық саны көп, істейтін жұмыс болмаған жағдайда адамдар деструктивті әрі девиантты мінез-құлық көрсетеді екен. Көптеген ғалымдар бұл эксперимент нәтижесімен келіспеді.

Австралияда дәл осы эксперимент қояндармен жүргізіледі. Бірақ қояндар бак ішінде емес, табиғи жағдайда өмір сүреді. Нәтижесінде қояндар көбейгені соншалық, олардан құтылу амалдарын жасауға мәжбүр болды. Ұзынқұлақ жануарлар континентті басып алды. Тек вирус пен ауру тарату нәтижесінде ғана қояндар саны қалыпты деңгейге түсірілді. Кэлхун эксперименті нәтижесінің «жұмақ» емес, темір бак еді. Тіршіліктің түбіне жететін тоқтық пен жұмыссыздық емес, жасанды шектеу мен оқшаулау. Бұл теорияның өзі жаңа емес түптеп келгенде. 1785 жылы ботаник Ф. Гардини табиғи электр өрістерінің экранизациялануы тіршілік иелерінің дамуына кері әсер ететінін анықтаған. Жасанды түрде оқшауланған орта сананың өзгеруіне, яғни мутацияға әкеледі. Егер тышқандар бак ішінде емес, аралда өмір сүрсе, эксперимент нәтижесі мүлдем басқа болар еді.
Дамыған өркениетті елдерде, яғни, АҚШ-та, Еуропада, яғни байсалды байыпты елдердің бір ережесі бар. Ғылыми жаңалық, мақала оқуға тұрарлық деп қабылдануы үшін Макс Планк атындағы ғылыми зерттеулер институтынан немесе Лос Аламос ұлттық зертханасы не болмаса Ливермор ұлттық зертханасынан шығуы керек. Мысалы қарапайым, жұрттың бәрі білетін дүние болсын. Күн шығыстан шығады делік, оны бәріміз көреміз, солай екенін әлімсақтан білеміз. Бірақ неміс үшін оны Макс Планк атындағы ғылыми зерттеулер институты айтуы керек. Яғни кез келген ғылыми жаңалық, тұжырымды беделді ғылыми басылымынан, тым болмаса аталған зерттеу орталықтарының препринтінен (үлкен еңбектің шағын резюмесі) оқымаса, Deutsche Welle, Die Welt сияқты ақпарат құралдары ешбір ғылыми деректеріңді алмайды. Ал бізде қазір жалған ғылыми теориялар мен тұжырымдар БАҚ күнделікті болмаса да жиі шығып тұрады. Мысалы, «телегония», «Овертон терезесі», «Адам атаның шығу тегі» сынды тұжырымдарды еш қысылмастан салиқалы кескінмен айтып жатады.

Ресейде «салқын ядролық синтез» теориясына қатысты жағдай болған. Мәселе мынада – негізі ядролық реакция болуы үшін ядроларды күшті әсерлесу болатын аралыққа жақындату керек. Бұған алыстан әрекет ететін кулон серпіні кедергі жасайды. Ядроларды жақындату үшін ~0,1 МэВ энергия жұмсау қажет. Бұған 11 миллион градус температура қажет. Ал бұл теориялық тұрғының өзінде шектен тыс. Экономикалық тиімді қондырғы үшін бірнеше есе артық температура қажет. Бұл мәселенің шешімін таптым деген ғалым В. Высоцкий академиялық орталарда шу тудыры. «Мұны жасап көрсету үшін қымбат материалдар қажет. Әйтпесе дәл қазір-ақ дәлдеп берер едім», - деген еді ғалым. Ресейде академиялық орта да, адекват қоғам да бар ғой. Қанша шулағанымен МГУ, ЛГУ профессорлары мен докторлары сенген жоқ. Бірақ әлгі ғалым шулап жүріп қомақты грантқа да қол жеткізген. Бірақ соңында теориясы дәлелденбей, сұйылып кеткен. Дегенмен қазіргі адамдардың сыни ойлау қабілеті нашарлап, академиялық ортаның қадірі кете бастаған, фейк жаңалықтар төске өрлеген интернет заманында оның айтқан даурықпа тұжырымы қайта жанданып кетуі де мүмкін.
Жалған теориялар терезесі
ЕРЛАН ОСПАН
BAQ.kz сайтының редакторы
Жылдың ғылыми скандалы
Жылдың ғылыми скандалы туралы естіген шығарсыз? Осындай псевдотеориялар мен еңбектерден мезі болған ғалымдар бір сойқан жасапты...
Ғылыми әлем диссиденттері керемет эксперимент жасап, Areo журналына ашық хат жазды. Олардың есімдері: Джеймс Линдси, Хелен Плакроуз және Питер Богоссян.

Линдси – математика ғылымдарының докторы, скептик, "Құдай туралы бәрі қателеседі" (Everybody Is Wrong About God) және "Өмір өлім жарығында" (Life In Light of Death) кітаптарының авторы.

Плакроуз – Қайта өркендеу дәуіріндегі діни әдебиет жөніндегі маман. Ол XIV-XVII ғасырларда әйедер өз құқықтарын қорғау үшін христиан мәтіндерін қалай қолданғанын зерттейді.

Богоссян – бұл үштіктегі ең танымалы, Портленд Университетінің профессоры. Философия ғылымдарының докторы, сындарлы ойлау, білім беру философиясы салаларын зерттейді. Богоссян "Атеистерді жасау нұсқаулығы" (A Manual for Creating Atheists) кітабының авторы.

Жалған теориялар терезесі
Ғылыми әлем диссиденттері: Джеймс Линдси, Хелен Плакроуз және Питер Богоссян.
Осы үш ғалым әлеуметтік ғылымдардың жекелеген салаларында ақиқатқа жетуді емес, әлеуметтік теңдікті орнатуды көздейтін ғылыми жұмыстар көбейіп кеткенін айтады. «Мұндай жұмыстар студенттерге, факультет әкімшілігі мен қызметкерлеріне қысым жасайды, олардың қолдамасқа лажын қалдырмайды. Қолдауда тұрған ештеңе жоқ, әрине, егер бұл көзқарастардың ғылыми негізі болса. Алайда ол еңбектердің ғылымға қатысы жоқ», - дейді ашық хат авторлары.

Осылайша үш ғалым жыл бойы ойына келген абсурд идеяларды ғылыми стильге көмкеріп, түрлі журналдарға жібере бастаған. Әр мақалада радикал-скептикалық тұжырымдар ұсынылады. Авторлар өмірде жоқ теорияларды мысалға келтіріп, жазылмаған мақалаларға сілтеме жасайды. Жұмыстардың өзі ғылыми еңбектен гөрі абсурдқа жақын. Мысалы, бір мақалада еркектерді иттер сияқты жаттықтыру керек десе, енді бір мақалада ата-бабасының құл иеленгені үшін жаза ретінде ақ нәсілді студенттерді лекция барысында шынжырлау керектігін айтады. Ал бір мақалада маструбация кезінде еркек қай әйелді елестетсе, сол әйелге қатысты сексуалды зорлық еткен деп тану ұсынылады. Феминизм тақырыбындағы «Біздің күрес – менің күресім» атты мақаласы Адольф Гитлердің "Майн Кампф" шығармасының көшірмесі еді.

«Жасырып не керек, бұл жобаны жүргізу барысында күлкіге қарық болдық», - деп мойындады Джеймс Линдси.

Сонымен не болды дейсіз ғой? 20 еңбектің 7-еуіне ғалымдар рецензия жазып, беделді ғылыми басылымдарда жарияланды. Қалған еңбектер редакцияда мақұлдану процесінде болатын.

«Әрине, гендер, нәсілдік идентификация, сексуалды қалау мәселелері зерттеуге тұрарлық. Бірақ оларды объективті зерттеу қажет. Ал қазіргі зерттеуде ғылыми әдістен гөрі субъективті ұстаным басым", - дейді авторлар.

«Академиялық орта бізді экспериментіміз үшін жазалайтыны сөзсіз. Қудалауға да ұшыраймыз. Алайда жалған зерттеулердің білім беру саласына, БАҚ, саясат және мәдениетке тигізетін зияны бізің қудалауымыздан әлдеқайда қорқынышты», -деді Джеймс Линдси Wall Street Journal берген сұхбатында.

Фейк жұмыстарды жариялаған ғылыми журналдар веб-сайттарынан алып тастауға уәде берді, алайда скандалға қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.
Адамдар жалған теорияларды тықпалап, насихаттай беретін болса Кэлхун тышқандары сияқты деградацияға ұшырап, рухани да интеллектуалды да тозып-бітеді деген тұжырым жасар едім.