Мәжіліс

«Жалақысын ала алмай жүргендер көп». Нартай Аралбайұлы өзекті мәселені көтерді

Парламентте әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты бірқатар өткір проблемалар талқыланып, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Мәжілістегі отырыс барысында депутат Нартай Сәрсенғалиев еліміздегі әлеуметтік ахуалға тоқталып, бағаның күн сайын өсуі мен жұмыссыздықтың артуы халықтың тұрмысын қиындатып жатқанын атап өтті. 

Оның айтуынша, ресми түрде жұмыс істеп жүрген азаматтардың өзі жалақыларын уақытылы ала алмай, соның кесірінен несиелерін жаба алмайтын жағдайлар жиілеген. Тіпті дүкендерден азық-түлікті қарызға немесе бөліп төлеу арқылы алуға мәжбүр адамдар бар екенін жеткізді.

Депутаттың сөзінше, осы мәселелерді шешу үшін заң жобасында жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды күшейту ұсынылған. 

Қазіргі тәртіп бойынша еңбекақыны кешіктірген жұмыс беруші тек әкімшілік айыппұл төлейді және өтеу сомасы да мардымсыз. Сондықтан жоба аясында өтемақы көлемін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі негізінде 1,25-тен 5 есеге дейін өсіру ұсынылған. Алайда Үкімет бұл бастаманы қолдамағандықтан, депутат оның себебін түсіндіруді сұрады. Сонымен қатар, болашақта жалақыны кешіктіретін жұмыс берушілерге қандай шара қолданылатынын да анықтауды талап етті.

Бұл сауалға жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев жұмыс берушілердің жауапкершілігі Еңбек кодексінде белгіленгенін айтты. Оның мәлімдеуінше, айыппұл мөлшерін арттыру мәселесі жұмыс берушілер конфедерациясы және «Атамекен» ұлттық палатасымен талқыланып жатыр, алайда кәсіпкерлер тарапынан бұған қарсы пікір айтылған. Себебі барлық жұмыс берушілердің ұсынылған деңгейде өтемақы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Дегенмен мәселе әлі де пысықталып, қайта қаралатынын жеткізді.

Отырыс барысында депутат өндірістік жарақатқа қатысты трагедияны да сөз етті. Ол жақында 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қайғылы қазасын еске алды. Шақырту бойынша барғанда, тоғыз қабатты үйдің қасбеті құлап, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге ұмтылған сәтте оның басына кондиционер құлап, жас маман көз жұмған. Осыған байланысты ол жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қандай нақты тетіктер бар екенін сұрады.

Бұл сұраққа Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жауап берді. Оның айтуынша, қолданыстағы еңбек заңнамасында мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті нормалар мен ережелер қарастырылған. Алайда оқиға барысында фельдшер төтенше жағдай қызметкерлерінен бұрын келіп, қызметтік міндетін орындау кезінде жарақат алған. Қазір министрлік фельдшерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін қосымша қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатқанын айтты.