Жаңалықтар

Жалғызбасты аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылды

Ел бойынша 621 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.
Жалғызбасты аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылды
Фото: egemen.kz 03.10.2022 16:05 2978

Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz.

«Отбасы Банкі» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, осы жылдан бастап жаңа бағдарламаға сәйкес, жалдау бойынша субсидия төленеді.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, әлеуметтік осал топтар санатына жататындар, көпбалалы жанұялар өз өтініштерін біздің порталға жібереді. Біз олардың жалдамамалы пәтерлерінің 50 пайызын мемлекет атынан төлеп береміз. Қазір порталға 24 мың өтініш келіп түсті. 6500 отбасы қазір осындай субсидия алуда», - деді.

Бүгінгі таңда ел бойынша 621 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр, олардың ішінде 402 мың әлеуметтік осал топтағылар. Жаңа құжатқа сәйкес тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтардың ең осал тобы санатына көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалары бар отбасылар және жетім балалар кіреді.

Азаматтардың бұл санаты негізінен «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша субсидиялау және жеңілдікті кредиттеу шеңберінде мемлекеттік қолдау үшін негізгі топ болып саналады.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол отбасы институтын сақтау және ынталандыру үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасынан толық емес отбасы санаты алынып тасталғанын айтты.

«Басым санаттар бойынша бірыңғай тәсіл қағидаты ескеріліп, жетім балалар, 1-2 топтағы мүгедектер енгізілді. Жүргізілген мониторинг «Бақытты отбасы» іске қосылған сәттен бастап, әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекке тұрғындар саны 61,6 мың адамға (72%) артқанын көрсетті. Бұл басқа үй кезегінде тұрғандар үшін тең емес жағдай тудырды», - деді Бауыржан Қабдол.

Сондай-ақ ол сатып алумен жалға берілген кезекте тұрғандар үшін бастапқы жарнаны енгізбей сатып алу ұсынылатындығын айтты.

«Осылайша, кезекте тұрғандар жалдау төлемдерін толық төлегеннен кейін, тұрғын үй жағдайларын нашарлатпай, тұрғын үй иесі болудың нақты мүмкіндігін алады. Тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан өмір сүрудің қолайлы жағдайларының қазіргі заманғы өлшемдеріне сәйкес келетін нарықтық бағамен сатып алынатын болады», - деді.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға