Жаңалықтар

Жақсылықтың жақсылығы!

"Осындай деңгейге жеткенім –  ең әуелі елімнің арқасы!"
Жақсылықтың жақсылығы!
25.04.2017 10:11 9911

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қашанда халық сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Біз бүгін палуанның спорттағы жеткен жетісітігіне емес, қарапайым өмірдегі адамгершілік бейнесіне үңілмекпіз.

2007 жылы ол Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Мыңбаев елді-мекеніне ат басын тіреді. Кезінде жайнап жатқан ауыл жол мен табиғи газдан таршылық көріп, замануи инфрақұрылымнан әлдеқайда қалып бара жатқан болатын.

Мен жергілікті шаруашылықты көтеруді жөн көрдім. Істі  ауылдық кеңсенің жөндеуінен бастайын деп шештім. Жергілікті тұрғын, қарт әже: «Міне, тағы бір ұрлықшы келді. Бұл жерде бәрі ұрланып біткен ғой» – деп маған ұрыса жөнелді. Ал мен болсам: «Мен ұрлықшы емеспін, спортшымын. Бұл жерде бірнеше жылдан кейін не болатынын көресіз!» деп жауап қаттым» – дейді.

Үшкемпіров айтқан сөзінде тұрып, өзінің қаржысына ескірген ғимараттарды жаңартып, бірнеше елеулі жұмыстар атқарып, ауылға жаңа тыныс сыйлады. Өз шаруашылығын бастау үшін қоралар салып, жаңа құрылғылар сатып әкелді. 2010 жылы Үшкемпіров  320 миллион теңгені жалға алып, мал шаруашылығына түбегейлі бет бұрды. Қазіргі таңда «Жақсылық» шаруа-қожалығында ірі қараның 4500 саны және 1500 жылқы бар. 

Шаруашылығымда 100 адам еңбектеніп жүр, олардың әрқайсысына жалақысын төлеп отырмын. Шөп шауып, оны көмекке мұқтаж адамдарға таратып беремін, – дейді жанашыр Жақсылық аға.

Тағы бір даңқты спортшының елеулі ісі – аталған өңірден өз қаражатына балаларға арналған спорт мектебін ашуы.

Осындай деңгейге жеткенім –  ең әуелі елімнің арқасы, сондықтан  бұл спорт мектебін ашуым – ел жақсылығын жақсылық­пен қайтарғаным! Бұл нағыз халқын сүйген азаматтың сөзі. Мұнда 300-ден астам жас жеткіншектер самбо, дзюдо, бокс, күрес секілді спорт түрлерімен кәсіби айналысады. 

Сол секілді, Жақсылық Үшкемпіров Жамбыл облысындағы Мыңбаев ауылында спорт залы және 100 балаға арналған балабақша салдырды.

– Менің ойымша, молшылықта тұратын әрбір тұлға қасындағы адамдарға көмектесуге міндетті. Мысалы, егер әрбір азамат бір ағаштан отырғызса, қандай тамаша болар еді, – дейді Үшкемпіров.

Жақсылықтың «бір ағашы» – әр өңірде ашылған спорт залдары мен балабақшалар. Осындай ұстаныммен өмір сүретін Үшкемпіров пайдалы іс жасауын еш доғарған емес.

– Біз әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне де айналуымыз керек. Бұл үшін бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдау жасауымыз қажет. Ең басты тілегім – соғыс өрті қайта тұтанбасын! Өміріміз мәңгі болсын! Мен үшін осының бәрі «Мәңгілік Ел» ұғымына сыйып жатыр. Біріншіден, әркім өз Отанын сүю қажет. Күрес алаңына шыққан сайын, елім үшін бірінші болсам деп армандадым... Жас кезде ақшаны ойламаған едік. Міне, осы идеологияны сақтап, оны жастарға жеткізуіміз керек. Құрметті адам болу үшін өз Отанына сүйіспеншілікпен қарау қажет, – дейді даңқты палуан.

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбай ауылында да Жақсылық Үшкемпіровтың қаражатына салынған балабақша бар. 400 шаршы метр аумақты қамтитын балабақша 100-ге жуық бүлдіршінді қабылдай алады. Сонымен қатар, жаны жомарт жан жас отбасылар мен жағдайы төмен ауыл тұрғындарына арналған жатақхана салып берді.

– Әрбір жас адам Қазақстан тарихын білуі тиіс: өткеніміз, бүгінгі жағдайымыз, еліміздің ұлттық ерекшеліктері. Біз ең үздік мемлекетке айналуға тиіспіз! ТМД елдерінің арасында Қазақстан – ең көрікті, бақытты, бай республика. Жас адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Барлығы жоғары білім алуда... Болашағымыз жас буынның қолында. Мен жастарға сенемін! Біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіреміз!

Түйін

Жақында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру идеясы айтылды. Бұл жоба тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Жақсылық Үшкемпіровті «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының кейіпкері етіп алуымыздың көптеген себептерін ұсындық. Халықтың сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласына бөленіп жүрген Жақсылықтың жақсылығы ел есінде сөзсіз қалмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға