Жаңалықтар

Жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін Астана халықаралық форумы өтеді

Бұл туралы СІМ мәлім етті
Жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін Астана халықаралық форумы өтеді
Фото: kazaknews.kz 07.02.2023 14:04 1423

Халықаралық қоғамдастық жікке бөлінушіліктің күшею және геосаяси бөліну дәуіріне қадам басқан кезеңде Қазақстан негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін күш жұмылдыру мақсатында жаңа диалог алаңы – Астана халықаралық форумын өткізуді қолға алады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Форум Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 2023 жылғы 8-9 маусымда Астана қаласында өтеді. Аталған форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогына арналған алаң болмақ.

Астана халықаралық форумының іске қосылуына түсініктеме бере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мынадай жайтқа назар аударды:

«Бүгінде біз бүкіл әлем бойынша тарихи сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Мұндай жағдайды ондаған немесе одан да көп жыл бойы бастан өткермедік. Бұл сын-қатерлер халықаралық қауымдастыққа бұрын-соңды болмаған ауыртпалық әкелуде, жаңа бөлінушілік тудырып, жаһандану мен мультилатерализм қағидаттарына қарсы келіп жатыр.

Астана халықаралық форумы әлемдік жүйенің негізгі постулаты ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, осы сын-қатерлерге төтеп беру үшін құрылды.

Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы көпір қызметін атқарып отырған Қазақстанның сындарлы халықаралық қатынастарды дамыту бойынша терең тарихы бар. Бұл саясат 2022 жылы елеулі сынақтан өткенімен, өзінің орнықтылығын дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың құндылығын көрсете білдік.

Астана халықаралық форумы арқылы жаңа дипломатиялық, экономикалық және саяси жолдарды айқындай отырып, алдымызда тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесе жеңу үшін жаңа қатынас көпірлерін орнатып, байланыстарды нығайтамыз деп үміттенеміз».

Астана халықаралық форумының іске қосылуына Астана экономикалық форумының жетістігі себеп болды. Оның тұжырымдамасы сыртқы саясат, қауіпсіздік және тұрақтылық, энергетика мен климат, сондай-ақ экономика және қаржы сияқты төрт негізгі жаһандық мәселені шешуге арналған. Аталған мәселелер Форумның «Диалог арқылы сын-қатерлерді шешу: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» миссиясының өзегі болады.

Форум бағдарламасына негізгі баяндамалар, панельдік сессиялар, пікірталастар және басқа да іс-шаралар кіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға